​Биологиялық белсенді қоспа: "БАД" - кімдерге ішуге болмайды?

0
3 881

Қазір ББҚ (биологиялық белсенді қоспа - "БАД") сататын жарнамасы жер жаратын түрлі фирмалар бар.


​Биологиялық белсенді қоспа:

Дәрілік зат болмаса да кейбір ББҚ түрлері дәріханаларда да сатылады. Сондай-ақ қазір ББҚ сататын жарнамасы жер жаратын түрлі фирмалар да жетерлік. Биоқоспаның қаншалықты пайдалы екенін, пайдаланғанда неден сақтану керек, балаларға қанша жастан беруге болатын білген жөн.


Биологиялық белсенді қоспа дегеніміз не?
ББҚ - биологиялық белсенді қоспалар дегеніміз – тағам құнарын арттыру мақсатында қолданылатын табиғи және табиғи тектес заттар. Оны тағаммен қатар тұтынуға болмаса да, тағам құрамына қосып пайдалануға болады. ББҚ-лар ешқандай лицензиясыз сатыла береді.
Биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) — қазіргі заманғы медицинаға салыстырмалы түрде айтқанда жақын уақытта енген термин. Дегенмен, жаңа дәуірге дейін Египетте, Қытайда, Тибетте, Индия мен Шығыстың басқа да елдерінде көбінесе табиғи түрінде қолданылатын өсімдік, жануар ұлпаларынан, минералды шикізаттан дайындалған арнайы өнімдерді адамның әр түрлі ауруларын алдын-алу мен емдеу жүйелері қалыптасқан. Қазіргі кезде тағамның энергетикалық қасиеттерін жақсартатын немесе ақуыз мөлшерін арттыратын қоспалар көп. Заманауи биохимия жетістіктеріне негізделген де ББҚ да бар. Мысалы, спорттық қоспалар. Олардың құрамында тағамның биологиялық құндылығын арттыратын немесе ағзаның өзінде болатын биохимиялық процестерді жақсартатын жасанды синтезделген заттар болады.


ББҚ-ның дәрумендерден айырмашылығы

Әсер етуі бойынша кез-келген биоқоспа дәруменді жиынтыққа құсайды. Алайда олардың арасында өте үлкен айырмаршылық бар. ББҚ – азық болса, дәрумен – дәрі. Дәрумендерге түрлі, қажетті сынақтар жүргізіледі және фармацевтикалық сертификат беріледі.
Екеуі де пайдалы, бірақ дәріні алмастыра алмайды. Дәрумендердің құрамындағы әсер ететін зат мөлшері қатаң түрде сақталады. Ал биоқоспа емдік әсер бермейді. Сондай-ақ олардың арасындағы айырмашылық – дәрумендер денсаулыққа қажетті нақты зат болса, биоқоспалардың жеке өзі ешқандай әсер бермейді. Биоқоспа тағамға микро және макро элементтер береді. Оның биологиялық әсері дәруменге байланысты болады.

ББҚ кім қабылдауы керек?
Биологиялық белсенді қоспа дәріні алмастыра алмайды, бірақ жалпы емдеу жиынтығын толықтырады. Сонымен бірге:
- Жұмыс істеу қабілетін арттырады
- Иммунитетті нығайтады
- Асқорытуды белсенді етеді
- Ағзадағы зиянды заттарды шығарады
- Метоболизмді жақсартады
Дәрумендік және минералды кешендер науқасқа ғана емес, сау адамға да қажет. Себебі ғалымдардың айтуынша қазір бірде-бір тағам рационы минералды заттар мен дәрумендерге деген қажеттілікті өтемейді. Сондықтан да қазір дәрумендер мен минералдардың жетіспеушілігі барлық адамда кездеседі.
Биоқоспа ауру кезеңінде ағзаға аурумен күресуге көмектеседі, күш береді. Негізінен ББҚ-ны ауыр емделуден өткендер, бұлшықет массасын өсіретіндер және инфекцияны жылдам қабылдайтындар, иммунитеті төмен жандар қабылдайды.
Дәрігерлер ББҚ-ға үлкен үміт артпаған дұрыс дейді. Ол тек қосымша көмек ретінде әсер етеді.

ББҚ-ның дәрілерден айырмашылығы
ББҚ – бұл жоғарыда жазып кеткендей, дәрі емес. Ауруды биологиялық белсенді қоспалармен емдеу мүмкін емес. Біреудің ББҚ-мен емделгені туралы әңгімелердің 99,9% өтірік, қалғаны – плацебо (өзін-өзі сендіру) әсері. Биологиялық қоспалар белгілі бір ауру кезінде пайда болатын заттардың жетіспеушілігін, тапшылығын толықтыра алады. Мысалы, егер адамда остеопороз болса, сүйекке кальций ешқашан оралмайды. Бірақ қосымша қабылданған кальций организмде болатын зат алмасу процестеріне жетеді.

Қандай ауру кезінде ББҚ қабылдауға болмайды
Жоғарыда жазып кеткендей ББҚ сертификатсыз сатыла береді. Қанша жерден табиғи өнім дегенмен оны да абайлап қабылдау қажет. Әсіресе жүкті әйелдер мен емізетін және жасы келген кісілерге, бауыр мен бүйрегі ауыратын жандарға абайлап қабылдаған жөн. Сонымен қатар ББҚ әмбебап емес, оны барлық ауруға жарай береді деу қателік.

ББҚ-ны балаларға қай жастан бастап беруге болады?
Биоқоспаны пайдаланар алдында міндетті түрде дәрігердің кеңесіне жүгіну керек. Әсіресе балаларға беретін кезде. Бұл ереже жүкті әйелдер мен жасы келген жандарға да қатысты. Көптеген биоқоспаларды балаларға 5-6 жастан бастап беру ұсынылады. Кей жағдайларда ғана одан ертерек беріледі. Кейбір белсендіргіш қоспалар балалар үшін қажет те емес. Ондағы қажетті заттар бала ағзасында өздігінен өңделеді.

ББҚ-ның неше түрін бір мезгілде іше беруге болады?
Денсаулыққа қауіп төндірмейтіндей етіп, күніне қанша дәрумен, дәрілерді қабылдау керектігі туралы нақты айту қиын. Олардың құрамындағы кейбір заттар бір-бірін күшейтіп жанама әсер беруі мүмкін. Салдарынан адам өзін жайсыз сезінуі немесе аллергиялық реакция туындауы мүмкін.

ББҚ-ны шектен тыс пайдаланудың әсері
Жазып кеткеніміздей ББҚ-ның жанама әсері және қарсы көрсетілімдері бар. Кейбір биоқоспалар қан кету қаупін көтереді. С және Е дәрумендері – ауыр дертті емдеу кезіндегі кейбір химиялық препараттардың әсерін төмендетеді. Ал А дәруменін көп мөлшерде пайдалану бас ауруын туындатады және сүйектің беріктігін төмендетеді. Сондай-ақ ағзада темірдің көбейіп кетуі жүректі айнытады, бауыр мен басқа да ішкі құрылыстарға жайсыз әсер етеді. Бета-каротиннің шамадан тыс мөлшері темекі шегушілерде өкпе обырының даму қаупін арттырады. Ал кальций мен D витаминін көп тұтыну бүйректе тастардың пайда болу қаупін тудырады.

Дұрыс және толық тамақтанып жүргенде ББҚ қажет пе?
Күнделікті ішіп жейтін тағамдар түрлі және толыққанды болған жағдайда, биоқоспаны да пайдалану деңгейі азаяды. Дұрыс тамақтану - ағзаны нәрлі заттармен қамтамасыз етудің жақсы тәсілі. Негізі ББҚ-ны ет жемейтін вегетариандар пайдаланғаны жөн. Себебі ББҚ құрамындағы көп заттар тек қана жануралардан алынатын азықтарда ғана болады. Мысалы ет жемейтін жандарға омега-3 қышқылын, В12 дәрумені жеткіліксіз болады. Ал минералдар мен кез келген пайдалы заттардың, дәрумендердің жетіспеушілігі денсаулық үшін зиян.
Тағамда макро және микро элементтер аз болса биоқоспа пайдалануға болады. Бірақ, тамақтану рационына қоспаларды көп пайдаланған сайын оны дұрыс тұтыну қиындай түсетінін ескеру қажет.
Қорыта айтқанда, әрбір адам өз денсаулығына өте мұқият болып, ауырғаннан соң ем іздемей, ауырмаудың жолын қарастыру керек. Алайда, таяқтың екі ұшы бар екенін естен шығармаған жөн. Жарнамаға алданып осындай биологиялық қоспаларды пайдаланып, керісінше өз денсаулығының нашарлап кеткені жөнінде дабыл қаққан жандар аз емес. Сол себептен де мемлекеттік тіркеуден өткен, санитарлық - эпидемиологиялық басқару органдары бекіткен куәлігі бар биологиялық белсенді қоспаларды қолданған жөн.


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ


Медициналық диагностика жайлы көпшілік сенетін 5 ӨТІРІК