Дәрігер құнды кеңес береді
фото: news.myseldon.com
Медицина мамандары денсаулықтың жақсы болуының 80 пайызы ішек саулығына тікелей байланысты дегенді айтады. Өйткені ағзадағы бүкіл иммундық клеткалар осы ішекте шоғырланған екен. Сондықтан да ең алдымен ішектің саулығын жақсартуымыз керек. Ол үшін не істейміз? Ішектің жағдайын қалай білеміз? Қандай белгілер анықтайды және ішектің саулығын жақсарту үшін қандай ем жасау керекпіз? Осы және басқа да мәліметпен невролог дәрігер Сманова Ұлжалғас Тұрғынбайқызы (суретте) айтып береді.
– Ұлжалғас Тұрғынбайқызы, адам ағзасындағы ішектің маңызы мен қызметін айтып өтсеңіз...
– Иә, ішек дегенде бізге салақұлаш шұбатылған орган ғана елестейді. Ал шындығында біздің саулығымыз, көңіл-күйіміз, теріміз, тіпті бастағы шаш пен аяқтағы тырнағымыздың жағдайына тап осы ішек жауап береді. Ал ішектің саулығына тікелей өзіміз жауаптымыз.
Жалпы, ішек пішініне және атқаратын қызметіне қарай ащы және тоқ ішек болып екіге бөлінеді.
Ащы ішек – ас қорыту процесінің негізгі бөлігі. Өт пен ферменттердің арқасында тамақ ыдырайды. Сөйтіп ең пайдалы компоненттер ағзаға сіңеді.
Тоқ ішек – жуан және қысқа болады. Тоқ ішекке тамақтың сіңбеген және қорытылмай қалған қалдықтары түседі. Бұлардың құрамында асқазан сөлі бөлген су көп болады. Осы тоқ ішектен су қайтадан қанға сіңеді де, қорытылмай қалған тамақ қалдықтары қоюланып нәжіске айналады.
Тоқ ішек қабырғалары үнемі жиырылып, босаңсуынан қорытылмаған тамақ қалдықтары біртіндеп, тік ішек саңылауларына қарай жылжиды. Осылайша біздің ішіп-жегеніміз ішектер арқылы қорытылып, ыдырап, тарап, сіңіп, артығы сыртқа шығып отырады.
Егер ішек тесілсе, ағзаға өте қауіпті болады. Яғни, токсин, шлак, улы заттың бәрі ағзаға өтеді. Ішек құрылысы ластанып, аллергия, жара болып сыртқа шығады.
Негізінде сау ішек жиырылып-босап үнемі қозғалыста тұру керек. Егер ішек бұлшықеттері дұрыс жұмыс істемесе іш қату мазалайды. Уақытында шықпаған нәжістің уы ағзаға таралады.
фото: lisa.ru
– Ішектің жағдайын қалай білеміз?
– Ішек сау және таза болса, сіздің деніңіз сау. Оны өзіңіз де аңғара аласыз. Негізінде иммунитеттің 90 пайызы ішекте орналасқанын біліп жүріңіздер. Демек, ішек таза болса, иммундық жүйе де мықты деген сөз. Мәселен:
- Iшке түскен тамақ асқазанда емес, iшекте ғана толықтай қорытылады және ағзаға сiңедi әрі қажетсіз қалдықтарды сыртқа шығарып отырады. Осы iшекте ең пайдалы қоректік заттар молекулаларға ыдырап, қан мен ағзаға таралады.
- Iшекте лимфо бездері мен аппендикс орналасқан. Рак клеткаларымен, түрлі вирус, зиянды заттармен де ішек күреседі. Сондықтан да ішекті нағыз иммунды орган дейміз.
- Ішекте ең пайдалы миллиондаған тiрi микроорганизм орналасқан. Олар нейрондар бөлетін ақуыз жасап шығарады. Бұл бактериялар ағзаға темiр мен кальцийдiң сiңуiне де көмектеседі. Осылайша iшек иммунды клеткаларымен қамтамасыз етiп, ағзада аурумен күресетiн антитела қалыптастырады.
- Зат алмасу, май алмасу процесін реттеп отырады.
Егер ішек жұмысында кішкене өзгеріс болса, іш өту, іш қату, желденуден бастап, ракқа әкелуі мүмкін. Сондықтан iшекке күтiм жасаңыз.
– Қандай күтім жасауға болады? Ішектің жұмысын қалай жақсарта аламыз?
– Ішек жұмысын жақсартатын әдіс-тәсілдер баршылық. Оны уақытында қатаң түрде жасасаңыз, ішектің саулығын жақсарта аласыз. Ол үшін мына 9 тәсілді жасап көріңіз.
1. Ағзаның биоритіміне бағыну ішек жұмысын жақсартады
Таңертең міндетті түрде тура 7-де тұрып, кешкісін сағат 10-да ұйықтау керек. Өйткені таңғы 5-7 сағат ішінде ішек белсенді жұмыс істейді.
2. Кешкі 18-ден кейін тамақ ішпеңіз
Бұл кезде ішек қана емес, бүкіл асқазан-ішек жолдары демалады. Алтыдан кейін желінген тамақ асқазанға барып, «қашан мені қорытады?» деп өз уақытын күтіп жатады. Ал адам денесінің қалыпты температурасы 36,5 градус екенін ескерсеңіз, таңға дейін ана тамақтың не болатынын елестете беріңіз.
3. Белсенді қимыл-қозғалыс
Ішек – бұл да бұлшықет. Сондықтан жиі жаттыққанды қалап тұрады. Егер сіз үйден шығып, көлікке отырып, одан кеңсеге барып тағы отырып, қайтадан көлікпен үйге келіп, диванға жата кетсеңіз, тек ауыз қуысының (тек тамақ ішіп-жесе) бұлшықеттері ғана белсенді жұмыс істесе, онда ішек «өлді» дей беріңіз. Сондықтан күніне 1000 қадам жүріңіз. Көбірек жаяу жүріңіз. Мүмкіндігіңіз болса, фитнес залына барыңыз. Жүзуге қатысыңыз. Осы қозғалыстың бәрі ішекке көмектеседі.
фото: econet.ru
4. Тек пайдалы тамақ жеңіз
Тағам құрамындағы жасұныққа (клетчатка) мән беріңіз. Оны көкөністің, жемістің, көктердің құрамынан табасыз. Ол асқазан-ішек жолдарының жұмысын жақсартатын супер дәрі.
5. Суды жеткілікті мөлшерде ішіңіз
Сусыз ішек – шөл дала секілді. Әсіресе, тоқ ішек суға зәру болмауы керек. Сусызданған ішек жұмысын атқара алмай, қиналады. Салдарынан іш қату мазалайды.
6. Қантты ұмытыңыз
Қанттың өзі ғана емес, құрамында қант бар барлық тағамдарды шектеңіз. Түрлі пісірме, торт, пирожный, десерт, шоколад, конфет. Бұлар ішектің саулығына зиян келтіреді.
7. Сүт өнімдері мен глютені бар тағамдардан бас тартыңыз
Сүт пен глютен – ағзаға зиян келтіретін қауіпті «желім». Бұлар ішекке түскенде барлық асқазан-ішек жолдарының шырышты қабатын түгелдей бір-біріне жабыстырып, қою «балшыққа» айналдырады.
8. Ағзаны дәруменмен, минералмен қоректендіріңіз
Егер сіз тек қана пайдалы тағам жеп, жиі жаттығу жасасаңыз да ағзаға дәрумен мен минерал керек. Өйткені қаншалықты дәруменге бай тамақ жесеңіз де, ағзаға қажетті күнделікті мөлшерді толтыра алмауы мүмкін. Сондықтан жыл оны екі дәруменмен дос болыңыз.
9. Гигиена сақтаңыз
Бұл кеңесті берудің өзі артық. Десе де, қарапайым дүниеге бей-жай қарайтындар бар. Үлкен дәретке барған соң, міндетті түрде жуыныңыз. Қолыңызды да сабынмен жууды ұмытпаңыз. Тазалық – денсаулық кепілі.
– Ұлжалғас Тұрғынбайқызы, қажетті мәліметпен бөліскеніңізге үлкен рахмет! Ауырмаңыз!
Л.АХМЕТОВА,
Тағы оқыңыз:
АШТЫҚ арқылы қандай АУРУДЫ емдеуге болады?
АЯҚТЫҢ қыс мезгілінде ТЕРЛЕУІ өте қауіпті!