Тақырыпты тез қабылдап, миы жылдам қорытады.
фото: matritca.kz
Жаз бойы жанында ұстап, аузына жылы-жұмсақты тосқан баласының ендігi оқу үлгерiмiне, денсаулығына уайымдап бастаған ата-ана өте көп. Әсіресе, сабаққа кеткен баланың ішіп-жейтін тағамы кез келгенімізді алаңдатады. Десе де, балаңызға барынша пайдалы немесе зиян тағамды түсіндіріп отырыңыз. Тамаққа қатысты түрлі мысалдарды көрсетіңіз. Сіздің бақылауыңызсыз-ақ зиянды тағамдарды жемейтін дәрежеге жеткізіңіз. Сонда көңіліңіз тыныш болады.
Ендеше, баланың иммунитетi күшті болып, сабаққа ынтасы оянып, тақырыпты тез қабылдап, миы жылдам қорытып, басына ғажап идеялар келсiн, үй тапсырмасын орындауда бойында темiрдей төзім болсын десеңіз, дұрыс тамақтандырыңыз. Қалай тамақтандыру керек десеңіз, онда жалпы тәжірибелі дәрігер Арыстанова Аида Мұхтарқызы (суретте) ұсынған мына тағамдарды біле жүріңіз.
Оқушының тамақтану мәзірінде болуы тиiс тағамдар:
Су
Иә! Балаға газдалған немесе энергетикалық сусын, кофе, шай емес, тек қана су iшкiзiңiз. Ми 90 пайыз судан тұрады. Ағзаға су жетпедi ме – дереу «сусыздану» жүредi. Сондықтан баланың санасы сергек, бойы ширақ жүрсiн десеңіз, таза суды шектемеңiз.
Балық
Теңіздің майлы балығында Омега-3 пайдалы май қышқылдарынан бастап жүйке жүйесінің жұмысын жақсартатын йод, фосфор секілді минералдар мол. Егер пайдалы дәрумен, минералдармен миды қоректендірiп отырмаса, адамның интеллект, есте сақтау қабілеті нашарлап, агрессияға салынады.
Жұмыртқа
Адам ағзасына аса қажет ақуыздың көзi – жұмыртқа. Cондай-ақ құрамында пайдалы майлар да бар. Ал холин баланың ойын тез жинақтауға, нейрондар жұмысын реттеуге белсенді атсалысады.
фото: ifwedu.com
Сарымсақ
Қан айналымды тездетедi, сәйкесiнше миға да оттегі жақсы жетiп, жұмысы жақсарады. Күнделікті 2-3 тіс сарымсақ жадыны күшейтiп, ереже, формулаларды тез жаттауға көмектеседі. Иiсiнен құтылу үшін сарымсақтан кейiн ақжелкен жеген жөн.
Бұдан бөлек брокколи, ет, гүлшетен, сүйек сорпасы да оқушы ағзасы үшін ең пайдалы тағамдар. Ең бастысы баланы зиянды тәттілерден, тағамдардан алыстатыңыз.
Балаңыз бірінші немесе екінші ауысымда оқыса да ыстық тамақ жеуге әдеттендіріңіз. Ыстық тамақ адам ағзасын 3-4 сағат тоқтықта ұстайды. Одан бөлек, нанға май, қаймақ, йогурт жағып жегізіңіз. Қайнатылған жұмытқа да баланың ас мәзірінен түспеуі тиіс.
Дәрігер Аида Мұхтарқызының ұсынған кеңесінен бөлек, жеміс-жидекті, түрлі жаңғақты, көкөністі көбірек жеу керек. Сүт өнімдері де естен шықпасын. Таңғы асқа сүт қосылған ботқа, творог, йогурт жеген жөн. Кешкі ұйқыға жатардан алдын сүт немесе айран ішуге әдеттену керек. Ал үзіліс кезінде алма немесе банан жеп алса болады.
Оқушының дұрыс тамақтануы бәрінен де маңызды. Денсаулығына да, біліміне де әсер етеді. Сондықтан кез келгеніміз мұқият болғанымыз жөн.
Міне, ардақты оқырман, бұдан да басқа кеңестерді білгіңіз кесе, онда Аида ханымның (doctor_aidamukhtarovna) инстаграм парақшасына жазылыңыз. Сіз өзіңізге қажеттінің бәрін табасыз.
Дайындаған - Л.АХМЕТОВА,
Тағы оқыңыз:
БАСЫҢЫЗ ауырса МЫНА әдісті жасаңыз
Вирусты ИНФЕКЦИЯНЫ қалай ЕМДЕЙМІЗ?
ТҮЙМЕДАҚ тұнбасы ГАЙМОРИТТІ емдейді