​ТҰМАУДАН тез ЖАЗЫЛУДЫҢ жолы қандай?

0
6 616

Тұмау кімге тез жұғатынын білесіз бе?


​ТҰМАУДАН тез ЖАЗЫЛУДЫҢ жолы қандай?

фото: infosmi.net

Тұмау – тыныс алу жолдарын зақымдайтын вирустық жұқпалы ауру. Ауру жедел түрде пайда болады. Вирус жұқтырған науқас бірден өзгеріп, өзін нашар сезінеді. Дене температурасы көтеріледі, буындары мен бұлшықеттері ауырсынады, жөтел пайда болады. Кей жағдайда қалтырайды.


Инфекцияның жұғу жолдары

Тамақ қышығанда салқын су ішкеннен, түшкіргенде жеңіл киінгеннен деп өзімізше аурудың жолын іздейміз. Жоқ, инфекция ауа-тамшылары арқылы жұғады. Кез келген науқас адам жөтелсе, түшкірсе, қақырса азғантай бөлігі болса да, ауаға еніп, 1,5 метрге дейінгі қашықтыққа таралады. Осы уақытта ауру сізді айналшықтайды.


Тұмау кімге тез жұғады?

  • бауыры мен бүйрегі ауыратындар;
  • зат алмасу жүйесі нашар жұмыс істейтіндер;
  • иммунитеті төмендегендер;
  • 60 жастан асқандар;
  • 6 айдан 17 жасқа дейінгі балалар;
  • жүкті әйелдер;
  • медицина қызметкерлері;
  • салалық мекеме қызметкерлері, көлік, коммуналдық шаруашылық және қоғам ортасында жүретін мамандар тұмау ауруына бейім келеді.

фото: Twitter

Тұмаудың алғашқы белгілері

  • денеңіз қалтырап, дірілдейді;
  • дене температурасы көтеріледі;
  • бас, бұлшықеттер мен буындар ауырады;
  • бойыңызды әлсіздік билеп, ештеңеге зауқыңыз соқпайды.

Осылай 3-5 күн жүресіз.

Тұмау болған адамның мұрнынан су ақпайды. Керісінше, тамағы құрғап, жиі құрғақ жөтел болады. Қатты жөтелген кезде төс сүйегінің ауырғанын сезесіз.


Тұмау асқынған кезде:

  • алдымен пневмония болады;
  • одан кейін вирустық энцефалит;
  • менингит;
  • миокардит сияқты ауыр дерт мазалайды.

Бұл көбінесе 6 жасқа дейінгі балаларда, қарт адамдарда, жүкті әйелдерде және созылмалы аурулары (қант диабеті, жүрек-тамыр және тыныс алу органдарының аурулары) бар адамдарда көрініс табады.


Егер сізде:

  • тыныс алу бұзылса;
  • жөтелгенде қабырға ауырса;
  • жүрек айныса;
  • сана жоғалса, мінез-құлық бұзылса;
  • қызудың жоғарылауынан дене құрысса дереу дәрігерге хабарласыңыз.

фото: news.myseldon.com


Одан бөлек, мына қағиданы қатаң ұстаңыз:

  1. Үйде қалыңыз. Жеке көлікпен барамын, жұмыс бөлмесінде бетперде тағып отырамын, дәріні уақытымен ішемін деген ойдан арылыңыз. Адам көп шоғырланатын орынға бармаңыз, емханаға да баруға асықпаңыз. Мейлінше үйге дәрігер шақыртыңыз.
  2. Сырттан келгенде, әжетханадан шыққанда міндетті түрде қолыңызды сабынмен жуыңыз. Кез келген жеміс-жидекті, көкөністі қайнатылған сумен жуып жеңіз.
  3. Жөтелгенде және түшкіргенде аузыңызға орамал басыңыз. Оны да жиі ауыстыруды ұмытпаңыз. Қолданылған орамалды қайнаған сумен жуып, үтіктеп алыңыз.
  4. Барлық бөлмені жүйелі түрде желдетіңіз. Еденді ылғалды шүберекпен сүртіп, шаңнан арылуға тырысыңыз.
  5. Салауатты өмір салтын ұстаңыз. Дұрыс тамақтаныңыз, стресс алудан сақ болыңыз. Таңертең және кешке таза ауада серуендеңіз.
  6. Дәрігердің нұсқаулығын орындаңыз. Дененің инфекциямен жақсы күресуі үшін дәрігер вирусқа қарсы препараттарды, интерферондарды тағайындайды. Қызуыңыз көтерілгенде температураны төмендететін парацетамол немесе ибупрофен ішіңіз. Ал тыныс алуды жеңілдету үшін антигистаминдер ұсынылады. Сондай-ақ, мұрынның шырышты қабығының ісінуін азайтады, қақырықты босатады.
  7. Сұйықтықты көп ішу керек. Қайнаған жылы суды үзбеңіз. Арасында кептірілген жемістен дайындалған нәрсу, кисель, бал қосылған жылы сүт, кефир, сүйек қайнатылған сорпа дертіңізге шипа болады.


Тұмаудан сақтанудың ең тиімді жолы – иммундық жүйені нығайту екенін естен шығармаңыз. Барынша сақ жүріңіз. Сонда өзіңіздің де, отбасыңыздың да саулығын сақтай аласыз.


Дереккөз: profilaktica.ru


Л.АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


БРОНХИТ жазылатын ДЕРТ пе?


Вирусты ИНФЕКЦИЯНЫ қалай ЕМДЕЙМІЗ?


Сүт БЕЗІ қатерлі ІСІГІНІҢ алдын алуды ӘР ӘЙЕЛ білуі керек – дәрігер