Әлеуметтік желіні сабақта ұтымды пайдалана білесіз бе, МҰҒАЛІМ?

0
381

Мұғалімдердің жұмысын қызықты әрі ерекше ететін әдіс-тәсілдер бар...


Әлеуметтік желіні сабақта ұтымды пайдалана білесіз бе, МҰҒАЛІМ?

көрнекілік: businessfirstfamily

Мұғалім, ол нағыз өнертапқыш! Иә, дұрыс оқыдыңыз, мұғалім – тек білім беруші ғана емес, нағыз өнертапқыш. Күн сайын сыныпқа кіріп, оқушылардың көңілін сабаққа аударып, жаңа тақырыпты қызықты етіп жеткізу үшін күнделікті жаңа нәрселер ойлап табуға тырысады. Сол үшін мұғалім мамандығы бұрынғы дәстүрлі әдіспен шектелмей, өз сабақтарына шығармашылық туынды ретінде қарайды, жан-жағынан жаңалық іздеп, әдіс іздеп үнемі ізденіс үстінде болады. Бүгін мұғалімдердің жұмысын қызықты әрі ерекше ететін әдіс-тәсілдерді ұсынамыз.


1. Сіздің сабағыңыз – квест!

Сізге сабақ үстінде оқушылардың назарын өзіңізге аудару қиын болып жүрсе, онда сабақты квест түрінде ұйымдастырып көріңіз.

Мысалы, оқушыларға "ғылыми құпияны" ашуды немесе "әдеби жұмбақты" шешуді тапсырыңыз. Квест барысында әр дұрыс жауап үшін жаңа "айғақ" беріп отырыңыз. Оқушылар барлық айғақтарды жинақтап, сабақ соңында басты құпияны ашады. Бұл әдіс балаларды ойлануға, белсенділікке ынталандырады және командалық жұмыс дағдыларын дамытады.


2. Оқушылармен кері байланысқа басқаша қараңыз

Кері байланыс – бұл мұғалім мен оқушы арасындағы байланысты нығайтудың ең маңызды құралы. Әр өтілген сабақ кері байланысты талап етеді. Сондықтан оны қызықты етіп ұйымдастыру керек.

Мысалы, "Кері байланыс жәшігін" жасап, оқушылардан әр сабақтың соңында өз пікірлері мен ұсыныстарын жазып беруді сұраңыз. Немесе онлайн сауалнамалар арқылы кері байланыс алыңыз. Бұл әдіс оқушылар үшін өте ыңғайлы әрі қызықты.


3. Әр мұғалім – TikTokер!

Иә, дұрыс оқыдыңыз. TikTok сияқты платформаларды тек ермек үшін ғана емес, оқыту құралы ретінде де қолдануға болады.

Мысалы, сабақтың негізгі түсініктерін қысқа видеолар түрінде түсіріп, оқушыларға ұсыныңыз. Олардан үй тапсырмасын шығармашылық форматта TikTok видеолар арқылы орындауды сұраңыз. Бұл әдіс оқушылардың смартфондарды пайдалы түрде қолдануына ықпал етеді.


4. Сабақта рөлдік ойындарды қолданыңыз

Рөлдік ойындар тек театрда ғана емес, сабақта да қызықты. Рөлдік ойындар тек әдебиет сабағында ғана болады деп ойласаңыз, қателесесіз. Оны кез-келген сабақта қолдануға болады.

Мысалы, тарих сабағында тарихи оқиғаларды қайта "сахналауға" мүмкіндік беріңіз. Физика сабағында атомдардың қозғалысын бейленеп берсе, биологияда ДНҚ-ның құрылысын театрлап көрсетіп беруін тапсырма етіп беріңіз. Мұндай әдіс сабақты ұзақ уақыт есте сақтауға көмектеседі.


5. Әлеуметтік желіні сабақта пайдаланыңыз!

Оқушылардың көпшілігі әлеуметтік желілерде отырғанды жақсы көреді. Оқушыларға сабақ барысында өз білімдерін әлеуметтік желіде бөлісуге рұқсат беріңіз. Бұл сіздің артықшылығыңыз болады.

Мысалы, биология сабағында оқыған тақырыбы туралы шағын пост жазуды тапсырсаңыз болады. Фотосинтез тақырыбын өтсеңіз, табиғаттағы фотосинтездің көрінісін суретке түсіріп, жариялауға да болады. Мұғалім ретінде сіз де Instagram, TikTok немесе басқа платформаларда білімге арналған мазмұнды бөлісіп, оқушыларға әлеуметтік желіде жақсы ақпарат таратуда үлгі көрсете аласыз.


6. Өзіңізге де көңіл бөліңіз

Мұғалімнің жұмысы – тек білім беру емес, өзіне де назар аудару екенін ұмытпаңыз. Шаршаңқы, ашушаң мұғалім ешқандай әдіспен оқушына сабағына қызықтыра алмайды. Сондықтан, мұғалім өзіне қарауды ұмытпау керек!

Мысалы, шығармашылықпен айналысыңыз. Бұл сіздің энергияңызды жаңартады. Күнделікті жаттығу жасап, денсаулығыңызды күтіңіз. Кейде жұмыстан тыс, өзіңізге демалыс ұйымдастырыңыз.


Мұғалімдік қызмет – нағыз өнер. Әр сабақ – сіздің ерекше шығармашылық туындыңыз. Жаңашыл әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы сіз тек оқушыларды қызықтырып қана қоймай, өз жұмысыңызды да жеңілдетесіз. Сіз – оқушылар үшін тек білім көзі емес, олардың шабыттандырушысы және бағыттаушысысыз. Ал бұл рөл – ең маңыздысы!

Дайындаған: Кәрімхан Ж.М.

ERNUR.KZ