10 сыныпта оқитын өнерлі егіз ұлдардың арманы биік, мақсаттары айқын.
Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылындағы Әлихан Бөкейхан атындағы №15 тірек мектептің 10-сынып оқушылары Әбдірахым мен Әбдірахман – кулинария әлеміне бала күнінен қызығушылық танытқан дарынды егіздер. Олардың бұл өнерге деген сүйіспеншілігі 9 жасынан басталған.
Алғашында анасына той дайындығында көмектесуден басталған жай ғана әрекет қазір олардың сүйікті хоббиіне, тіпті шебер аспаз боламыз деген өмірлік мақсаттарына айналған. Бүгінде олар тек дәмді тағамдар жасап қоймай, өздерінің шеберліктерін жетілдіріп, болашақта кәсіби деңгейде дамуды көздеп отыр. Егіз ұлдардың мұндай еңбекқорлығы мен алға қойған үлкен мақсаттары айтылатын бұл сұхбат қатарластарына да ынталандыратыны сөзсіз.
- Кулинарияға қызығушылықтарыңыз қалай және қашан басталды? Бұл бағытқа не әсер етті?
- 9 жасымызда басталды. Анамыз ағамыздың тойына дайындалып жатқанда, біз оған көмектесуге бел будық. Алғаш рет рулет пен торт пісірдік. Әрине, бәрі бірден мінсіз шыққан жоқ – кейбір тағамдарымыз күйіп кетті, ал кейбірі дұрыс піспеді. Бірақ біз үшін ең маңыздысы – аспаздыққа деген қызығушылығымыздың артуы еді. Тойдан кейін біз жеңгемізге, кейін әпкемізге қонақ шақырғанда көмектесе бастадық. Олар біздің қабілетімізді көріп, «Сендер аспаз болуларың керек» деп шабыт берді. Осылайша, кулинария ең сүйікті ісімізге айналды.
- Алғашқы пісірген торт немесе тәттілеріңіз есіңізде ме? Ол қалай шықты?
- Иә, есімізде. Ең алғашқы пісіргеніміз – рулет. Оның пішіні мінсіз болмаса да, дәмі өзімізге ұнады. Кейіннен торт жасадық, бірақ оның кремі сұйық болып қалды. Сол кезде торттарымызға үлкен үміт артсақ та, тәжірибенің жетіспеуі біраз қиындық туғызды. Бауырсақ жасағанда да қиындықтарға тап болдық – алғашқы бауырсақтарымыз қатты және көтерілмей қалды. Бірақ біз бұл сәтсіздіктерден сабақ алып, тәжірибемізді арттырдық. Қазір бұл алғашқы әрекеттеріміз біз үшін ерекше естелік болып сақталып, бізді алға жетелейді.
- Кондитерлік өнімдерді пісіруді кәсіби түрде үйрендіңіздер ме, әлде бәрін өз беттеріңізше үйренуге тура келді ме?
- Өз бетімізше үйрендік. Әрине, бізге бастапқыда анамыз бен әпкеміз үйреткені көп пайдасын тигізді. Бірақ біз өзіміз ізденіп, рецепттерді жасап көріп, тәжірибе арқылы үйрендік. Жаңа тағамдарды үйрену үшін видео сабақтар көріп, арнайы кітаптар оқып, өз шеберлігімізді жетілдірудеміз. Біздің түсінгеніміз – жетістікке жету үшін қайталау мен тынымсыз еңбек керек.
- Өз өнімдеріңізді сата бастаған сәтті еске алсаңыздар, ең алғашқы клиентіңіз кім болды?
- Алғашқы клиентіміз – көрші әпкеміз. Ол қызының 18 жасқа толу мерейтойына бізден "вупи пай" тортына тапсырыс берді. Тортты небәрі 5 мың теңгеге жасадық, бірақ біз үшін ол ерекше сәт болды. Кейін 30 адамға арналған үлкен торт жасап, оны да сәтті орындадық. Тапсырыстарды орындау барысында үлкен жауапкершілік сезімін түсіндік, бұл бізді кәсіби тұрғыда шыңдады.
- Рецепттерді таңдағанда немесе дайындағанда неге назар аударасыздар?
- Біз үшін ең маңыздысы – өнімнің табиғилығы. Қолданылатын ингриеденттердің сапалы әрі табиғи болуына үлкен мән береміз. Химиялық қоспалардан барынша аулақ болуға тырысамыз, себебі біздің басты мақсатымыз – тұтынушыларға денсаулыққа пайдалы, дәмді әрі сапалы өнім ұсыну.
- Болашақта кулинария саласында кәсіби деңгейде дамығыларыңыз келе ме?
- Әрине, бұл біздің үлкен арманымыз. Мектепті бітірген соң, Түркияға барып, кулинария мамандығында кәсіби білім алуды жоспарлап отырмыз. Болашақта авторлық рецепттерімізді жасап, өзіміздің цех немесе ресторанымызды ашқымыз келеді. Біз үшін кулинария тек хобби емес, ол – үлкен өмірлік мақсат.
- Өзге балаларға кәсіп бастауға немесе қызығушылығын дамытуға қандай кеңес бересіздер?
- Ең алдымен қорықпау керек екен. Әрбір істің басы қиын болуы мүмкін, бірақ тәжірибемен бәрі жеңілдейді. Содан кейін бізді ата-анамыздың қолдауы қанаттандырды. Алдағы уақытта да кез келген сәтсіздіктен сабақ алып, өз мақсатымыздан таймаймыз деп отырмыз.
- Кондитерлік өнерден басқа қандай хоббиларыңыз бар?
- Біз сурет салу, дебат, домбыра, көркемсөз оқу сияқты түрлі бағыттарға қызығамыз. Сонымен қатар, мобилография мен ғылыми жобаларға да қатысамыз. Бұл бізге жан-жақты дамуға мүмкіндік береді.
- Егер шетелден бір атақты аспазбен кездесу мүмкіндігі болса, кіммен кездесер едіңіздер?
- Егер мүмкіндік болса, біз Гүзель Агзамова, Константин Ивлев, Ольга Вашурина және Бурак сияқты танымал аспаздармен кездесер едік. Олардан құпия рецепттері мен жетістікке жету жолдарын сұрар едік.
- Сабақ пен хоббиді қатар алып жүру қиын ба?
- Әрине, уақытты дұрыс жоспарлау қажет. Біз мектептегі түрлі іс-шараларға қатысып, жетекшілік етеміз. Үйге келген соң, тағам дайындап, оны әлеуметтік желіге жүктеуге де уақыт табамыз. Біздің ұстанымымыз – бос уақыт қалдырмау, әр сәтті тиімді пайдалану.
Әбдірахым мен Әбдірахман өздерінің еңбекқорлығы мен талпынысының арқасында кулинария саласында тамаша нәтижелерге жетіп келеді. Олардың армандары асқақ, мақсаттары айқын, ал бастамаларына сәттілік серік болсын!