"Жасым қырыққа жақындаған жігітпін. Астана қаласында тұрамын. Өзім негізі ауылдың топырағына аунап өскен қара сирақ баламын. Астанаға күнкөріс қамымен келгенмін ғой" деп түсіндірді өз жайын ERNUR.KZ порталының әлеуметтік желісіне хат жазған жігіт ағасы.
"Әке-шешемнің мені оқытуға шамасы жоқ, тұрмыс жағдайымыз ортадан төмендеу еді. Мектепте алған біліміме аса қатты сене қоймадым. Сондықтан, оқуға түсуге деген құштарлығым болмады. Оның үстіне, өзімнен кейін қарындастарым өсіп келеді. «Оқуды солар оқысын, мен әке-шешеме көмектесейін» деп ауылдың балаларымен бірге Астанаға келдім. Құрылыс бригадасын құрып, осында жұмыс істеп, табыс тауып жүрдік.
Ауыр жұмыс істеп біраз қиналғаным бар, бірақ табысым шүкір, жаман болған жоқ. Ауылдағы ата-анама, бауырларыма көмектесіп тұрдым. Келер жылы қарындасым оқуға түсті, оның бүкіл шығындарын өзім көтердім.
Бірде достарыммен бірге көңіл көтеріп қайтайық деп түнгі клубқа бардық. Сол жерде шамадан тыс ішімдіктен ұрттап қойған екенмін. Сол күні-ақ от басып қалдым. Клубта танысқан қызбен бірге үйіне барып қоныппын. Арамызда жақын қатынас болып, соңында ол қыздың аяғы ауыр болып қалды. Үйленуге тура келді.
Мен оны сүйіп қалдым, әйел ретінде көрдім деп айта алмаймын, тек қана бір сәттік құмарлық қой. Бірақ, жүрегің қаламаған адаммен тұру өте қиын екен. Амалсыздан өзімнің қолыммен жасаған қателігімді мойныммен көтеруім керек болды. Балам үшін бәріне көндім.
Біраз уақыттан соң отбасы болып тұру мүлдем қиынға соқты. Әйелім де сезді ме менің суық көңілімді, жөнді-жөнсіз қызғанатынды шығарды, үйде күнде ұрыс-керіс. Ақыры әйелім өзі барып ажырасуға арыз беріп, ажырасып тындық.
Біз ұзақ уақыт бірге тұра алмадық. Тек қана баламды ойладым, алайда бала да біздің арамызды жақындата алмайды. Бала кішкентай кезінде ажырасып кеткеніміз де дұрыс болған шығар.
Астанаға келген кезде жұмысым жақсы жүріп, орайы келіп, жатақханадан бір бөлмелі пәтер сатып алған болатынмын. Сол бір бөлмені әйелім мен балама тастап, өзім бастапқы кездегідей жігіттермен бірігіп жалдамалы пәтерде тұрып жатырмын.
Жай, өздеріңізбен сыр бөлісіп, шер тарқатып алсам деп едім. Әйтпесе, жалғыз мен емес, барлық адамда мұң-қайғы, мәселесі жетіп жатыр ғой."