"Қызымыз көп болғанда ғой...": қос қария перзенттерінің ықыласына зәру екенін айтты

0
711

"Жолын тосып отырамыз. Бізге ақша емес, перзенттің бір ауыз жылы сөзі, бір сағат уақыты ғана қажет екенін олар қайдан білсін?!"


Сурет: avatars.dzeninfra.ru

«Бір кем дүние» деп, ата-бабамыз бекерге айтпаған ғой. Оның үстіне адамның табиғаты сондай, әйтеуір бір нәрсе жетпей тұрады. Сол бос орынды толтырам деп, алға ұмтылумен, сол қалауына жетем деп әрекеттенумен қартайғанын білмей қалады. Барлығы жетіп тұрса, төрт құбыласы түгел болса адам әрекеттенуді тоқтатады. Сосын өмірінен мағына таба алмай есірткіге елітеді, немесе өз-өзін тастап жібереді, күйзеліске түседі. Сондықтан да «бір кем дүниесі» болғаны да дұрыс."

Сөз төркінін осылай деп әріден бастаған қос қария ERNUR.KZ тілшісіне ұлдарына деген сағынышын жеткізді.


"Айтпағым бұл емес. Айтарым қызы көп ата-аналарға арналады. Қыз бала – Алланың берген сыйы. «Рақатты қыздан көрдім» дегенді естіген боларсыздар. Рас, қартайған ата-анасын ойлайтын, «төркінім аман болсын» деп тілейтін қыз екен. Бұған әркімнің өз айналасында мысал көп.

Менің де қызым бар, бірақ біреу-ақ. Шүкір, бес ұлым да бар. Барлығына жоғары білім әпердік, ата-аналық парызымызды орындап, үйлі-жайлы еттік. Қызымызды да үкілеп құтты орнына қондырдық.

Жасымыз 60-тан асса да, күйеуім екеуміз әлі тыңбыз. Сондықтан да бөлек тұрғысы келген ұл мен келіндердің еншісін бердік. Оның үстіне қазір небір бағдарламалар бар, бәрі де ипоткеға үй алып, бөлек шығып кетті. Өзіміз жинауға ыңғайлы деп, төрт бөлмелі ескі пәтерімізді сатып, жаға мөлтекауданнан екі бөлмелі жақсы пәтер алдық. Сериалымызды көріп, зейнетақымызды жұмсап, отағасы екеуміз шүйіркелесіп әңгіме айтып отырамыз. Біз үшін осы – бақыт.

Сонда да ұлдарымыз немерелерімізді ертіп күнде кеп тұрса дейміз. Бірақ әйтеуір уақыттары болмайды. Біз "мынау - ұл, мынау - қыз" деп бөліп-жармадық. Барлық перзентімізге бірдей тәрбие бердік. Бірақ ұлдармен салыстырғанда көп қоңырау шалып, хал-жағдайымызды сұрайтын – қызымыз Аймереке. Ауырып қалсақ, жаны тынбай ыстық тамағын дайындап келеді. Қолы қалт етсе, бір сағат уақытын арнап келіп-кетеді.

Әйтпесе ұлдарымыз да осы қалада тұрады. Олар көбіне ақша салып жібере салғанды жөн көреді. Бірақ бізге ақша емес, перзенттің бір ауыз жылы сөзі, келіп арнайтын бір сағат уақыты ғана қажет екенін олар қайдан білсін?!

Біреу болса да қыз туып алғаныма қазір қуанамын. Жанашырымыз, бір ауыз сөзімен көңілімізді көтеретін сол – қыз. Осы орайда өмірде (шетелде) болған бір оқиғаны жазайыншы.

«Бір жас миллиардер жұмыстан, адамдардан шаршаса керек, әйелі екеуі жексенбі күнді өзімізге арнаймыз, есікті ешкімге ашпаймыз деп келісіпті. Бір уақытта есік қоңырауы басылады. Қараса жігіттің әке-шешесі екен. Жігіт ашқысы келгенімен, әйелі «Уәдені бұзбайық. Кім келсе де ашпаймыз деп едік қой. Бүгін бір демалайықшы» деп тұрып алады. Мейлі, өткен аптада ғана кеп кетіп еді, ренжімес деп ойлаған жігіт есікті ашпайды. Бірақ өзін кінәлі сезініп, кешке дейін бір түрлі күй кешеді. Екеуі күнді романтикаға толы естеліктермен өткізеді. Кешке есік қоңырауы тағы да без-без етеді. Бұл жолы әйелі есік көзшесінен қарайды, келіп тұрған әке-шешесі. Қуанып, кілтке қолын соза бергенде күйеуі «Ашпаймыз дегеніміз қайда?» дейді. Әйелі бұртиып, жыламсырап «Ашайықшы» деп табандап тұрып алады. Күйеуі әйелінің көңілін қимай есікті ашады».

Міне, қыз бала өз әке-шешесі дегенде уақыт та табады, уәдені де бұза алады. Осы оқиғаны естіген соң, мен хабарласуға шамасы келмей жүрген ұлдарыма ренжуді қойдым. Ал қызымның барына күнде шүкіршілік етем.

Қызым көп болғанда ғой деп армандайтынымды да жасырмаймын. Қызы көп ата-аналар, бақыттысыздар. Қызым көп деп күпірлік етпе, керісінше қуан. Бұл сөзімнің мәнісін қартайғанда түсінерсіздер, бәлкім! Біз де қыздың жанашыр екенін кәрілік жеткенде ұғып отырмыз."