​«Мені досына сыйлап жіберген»: Жаңа жыл мерекесін жек көретін әйел ауыр тағдырымен бөлісті

0
4 030

"Орамалды кірген әйелдің қолынан жұлып алып өзім тақтым"...


​«Мені досына сыйлап жіберген»: Жаңа жыл мерекесін жек көретін әйел ауыр тағдырымен бөлісті

Жаңа жыл мерекесін асыға күтетіндерден бөлек бұл күндер өмірінде ауыр ізін қалдырып, тағдыры астаң-кестеңмен өрілген жандар баршылық. Солардың бірі – бүгінде жалғыз өмір сүріп жатқан Асыл (есімі өзгертіліп алынды). Жасы 40-тың үстіне шықса да, өмірден бағы мен бақытын таба алмағанның бірі екенін айтады ол.

ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген оқиғасында ол өз өмірінің ауыр да қиын тұстарымен бөлісті.

- Жұрттың бәрі Жаңа жыл деп сабылып, ерекше дайындық жасап жатқанда мен өзімнің ішімде өзген Өзіме дұға бағыштаймын. Сенесіз бе, мен баяғыда өлгенмін. Одан қайта тірілу мүмкін емес. Бәлкім, қасымда мені түсінер шынайы жанашыр досым болғанда қайта өмір сүрер ме едім?! Енді қайтып олай бола қоймайтынына көзім жетеді, 20 жыл болды, мен бұл мерекені күтпеймін де, тіпті, жүйкеме тиеді жұрттың тойлап жатқаны..., - деген ол күрсініп барып әңгімесін жалғады.


- Миллениум жылы деп күткен 2000 жылды ерекше дайындықпен күткенмін мен де. Табалдырықтан аттай салысымен әлем күткен тарихи жылдың алғашқы күнінде 20-ға толуым керек болатын. Екі жыл бойы бірге оқып, бірге қол ұстасып жүрген жігітімнің ерекше дайындығы бар екеніне де сенімді едім. Өйткені, менен сыр жасырып, жақын досы екеуінің күбір-сыбыры көбейіп жүрген. Соншалықты аңғал болдым немесе тым періште екенмін-ау...

Президенттің құттықтауынан соң әке-шешем, бауырларымды құшақтап ішімнен ең бір асыл арманымды тіледім де, дастарханнан ауыз тиіп үйден шығып кеттім. Ол мені алып кетуге келе жатыр еді. Есіктіңалдына шыққанымда оның көлігін көрдім, бірақ өзі көрінбейді. Рөлде досы отыр, арқасында мен танымайтын бір жігіт.

«Отыр, оның анасы ауырып қалыпты. Қазір кеп қалады, маған алып бара бер деп тапсырды сені» деген соң ешбір күмәнсіз көлікке отырдым. Қасымда отырған бейтаныс жігіт терезеден далаға қарап отыр, маған аса мән де берген жоқ. Отырыс болада деген үйге емес, басқа жаққа бұрылдық. «Қарындасымды ала кетейінші, Алматыдан келіп еді» деді менің сұраулы жүзімнен бірден түсінген ол...


Асыл сол күні жер бетіндегі адамзат біткенге деген сенімінен айырылған. «Содан бері ешкімге сене алмаймын, күліп қарағанның бәрі мені алдап кеткісі келіп тұратын сияқты» деген ол әңгімесін жалғастырды.

- Үлкен үйден шыққан талдырмаш қызбен тез тіл табыстым. Отырысқа барған соң жігітімнің атынан өз бойыммен бірдей ақ аю мен бір құшақ гүл келді. Оның жоқтығын білдірмей достары бірінен соң бірі мерекемен қоса маған да тілек жаудырды. Менің екі көзім есікте. Әдетімен қолына шоколад ұстап кіріп келетініне сенімді болдым. Бірақ оны «мамасы ауруханада екен» деп ақтап жатты бәрі. Мені алып келген досына барайық деп ұсыныс жасадым. Сүйгенімнің анасы ауруханаға түсіп жатса, мен қалай көңіл көтеріп отырамын? Ол да бірден көне кетті. Қарындасы мен бірге келген бейтаныс жігіт төртеуміз көлікке отырдық.

Бірақ біз ауруханаға бармадық. Қарындасын «жолай тастап кететін» айтқан соң барғанымызда бізді есік алдында бір топ әйелдер күтіп тұрды. Есікті ашқан бейтаныс жігіт көтерген бойы үйге алып кетіп кете барғанда ғана бірдеңені түсінгендей болдым. Мені жігітімнің досы алып қашқан екен.


Бірақ Асыл одан да өткен сұмдыққа тап болады. Үйге кірген соң көнбей жылаған оған жігітінің хатын көрсетеді досы.

- Араларында не болғанын, неге бұлай болғанын білмеймін. Мен орамал салдыртпай шыңғырып жатқанымда жігітімнің досы кірді. Бәрін шығарып жіберіп, қолыма хат ұстатты. Сүйгенімнің жазуын бірден таныдым. «Асыл, кешір. Енді мен сені сүйіктім дей алмаймын. Жүрегімнен орын тепкен басқа жан бар. Бақытты болыңдар!» деп жазылған қағазды оқығанда сенбедім. «Сені маған көлігімен қоса сыйлаған! Оған тек ақша ғана керек қазір!» десе де сенгім келген жоқ. Таңға дейін алыстым. Ол кезде алып қашу деген ел арасында қалыпты жағдай еді ғой.

Ертеңіне көнбесімді білді ме, жігітімді шақыртыпты. Ол келді де, «енді сені сүймеймін, сау бол!» деп түк болмағандай шығып кете барды. Менің орнымда болсаңыз не істер едіңіз?! Намысым тапталып, ертегі сияқты бақытты әлемімнің күл-паршасы шықты. Орамалды кірген әйелдің қолынан жұлып алып өзім тақтым.


Содан кейінгісінің барлығын жігітіне қырсыққаннан істеген Асыл алып кетек болған ата-анасына да қарсы болыпты.

- Жігітімді танитын, бірақ оның досына тұрмысқа шыққанымды ата-анам дұрыс көрмеді. Әкетпек болған, көнбедім. Қырсығып бәрін өзімнің қалауыма қарсы жасадым. Бірақ ол күткендей тамаша келін болғаным жоқ. Қалаған уақытымда ұйқыдан тұрып, үй шаруасына ептілік танытпадым. Бәрін жек көргенім сонша, керісінше өмір сүрдім.

Басында мені жар еткеніне, төсекте құшқанына бақыттан басы айналған ол бар айтқаныма көнді. Кейіннен мінезімнен безіп кетті. Бір айдың ішінде маған жасаған сатқындықтары үшін соған жеткіздім. Соңында қасыма жатудан қаша бастады.


Асылдың тұрмыстағы өмірі екі айдан арыға бармапты. Бір күні бәрін тастап кетіп қалған. Туған үйіне емес, басқа бөтен қалаға тартып кеткен.

- Қорықпадым. Тіпті, сол кезде шетел асып кетсем де бәрібір болатын. Мені алдап ақша ма, басқа ма, әйтеуір сатып кеткен жігіттің әрекеті есімнен шықпады. Оқуым да, дәрігер боламын деген арманым да жайына қалды. Әке-шешем жалынса да қайтпадым. Содан кейін бір де бір ер адаммен жараса алмадым. Сөз айтқан, ықылас білдіргеннің барлығы зұлым, өтірікші, сатқын болып көрініп тұрады көзіме. Еркектерді жек көремін әлі де, - дейді ол.


Асыл баяғы сүйген жігітінің өмірінен де хабардар екен. Бұрынғы күйеуінің де тағдырын біледі. Алғашқысы әлі бала сүймепті, ал екіншісі ауыр науқасқа шалдыққан.

«Мен өмір сүріп жатқан жоқпын, тек тірімін. Қыз тағдырын осылайша талқандағандар әлі де ортамызда жүр. Иә, мен оларды қарғадым. Қайтып алмаймын да, кешірмеймін де!» дейді Асыл жасты көзімен...

суреттен көрнекілік үшін интернеттен алынды


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Тоғыз» үшін төбелесті»: Құдалыққа барған әйел өз ісіне өкініп жүр


«Өлсе, қайда көмеміз?»: Қазақтың салты мен шариғатынан шатасқан шымкенттік тұрғын ойын айтты