«Әкесі анасын сыйламаса, балалар да анасын адам ғұрлы көрмейді екен»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Үй алма, көрші ал» деп жатады ғой. Үйіңнің де жақсы болғаны жақсы, әрине. Дегенмен көршің де жақсы адам болып шықса, бақыт үстіне бақыт екен. Қиналсаң ағайыннан бұрын келіп демеу болатын, қуансаң бірінші болып еститін көршілердің орны қазақ үшін бір бөлек. Дегенмен кейде араласуға бейім тұратын, ал кейде өзің-ақ алыстан сыйласқың келетін адамдар болады. Мен бүгін сіздерге көршілерім жайлы айтып бермекпін», - дейді Гүлжанар есімді әйел.
ERNUR.KZ редакциясына Шымкент қаласынан қоңырау шалып, көргенін, көңілге түйгенін айтқысы келген оқырманды тілшіміз мұқият тыңдап, назарларыңызға ұсынып отыр.
«Былтыр жер үй салып,жаңа қонысқа көшкенбіз. Бұрын көпқабатты пәтерде тұрған кезімізде кәдімгідей өкпем қысылатын. Айналамыздың бәрі асығыс, азанда кетеді, кешке келеді. Көршілермен арқа-жарқа араласу жоқ. Тіпті кейбірін танымаймыз да. «Шіркін-ай, жер үйге көшсек көршілермен есік алдына шығып, әңгіме айтып, тіпті той-томалағымызға шақырыссақ қой» деп армандадық.
Сөйтсек қазір жер үйде тұратындар да биік қоршаудың қақпасын тарс жауып алатын жағдайға жетіпті. Анда-санда көк қақпа ашылғанда көрмесек, былайғы уақытта араласуға мүмкіндік те бола бермейді екен. Менің екі жағымда екі көршім бар. Бірінің жасы бізден кіші, балалары да кішкентай. Өздері бақуаттау тұрады, сондықтан ба үйінде де көп бола бермейді, сырттан тамақтанады. Апта сайын қыдыру, жылына екі-үш рет шетелге саяхаттайтын көрінеді. Ал сол жағымдағы көршілердің жасы бізден әлдеқайда үлкен. Балалары да есейіп қалған, алды биыл мектеп бітіргелі отыр.
Дегенмен сол балаларының тәрбиесі тым нашар екен. Күйеуі бірнеше жылдан бері вахтада істейді, ал әйелі бір мектепте аспаз. Балаларының тәрбиесі бетімен кеткен бе деп қалдым. Олай дейтінім, кішкентай балалары шешелерінен тығылып балмұздақ, шоколад сияқты нәрселерді алып жейді де, сосын оның қағазын біздің қоршаудан асырып тастай береді. «Бұлар қайдан келді, желмен ұшып түсті ме?» деп аң-таң боп екі айдай үндемей тазалап алып жүрдім. Бір күні қарасам көршінің кіші баласы қоршауға тырбаңдап шығып, біздің үй жаққа әдейі тастап жатыр.
Кешкісін көршім келгенде әдейілеп үйіне бардым. «Біраздан бері үйімнің ауласы қоқысқа толып қалады. Жел ұшырып әкелді ме десем, балаларыңыз тастайды екен. Бір ауыз айтып, дұрыс еместігін ұғындырып қойыңызшы» деп ескертпек болдым. Бірақ көршім «Бұларға қазір сөзім өтпейді, көрші. Айтсаң өзің айта берші. Қайта сені тыңдайтын шығар» деп шығарып салды. Аң-таң күйде үйіме кеттім.
Содан бір күні түнде көршінің қақпасын біреу қатты-қатты ұрып, бізді шырт ұйқыдан оятты. «Ойпырмай, түн жарымда келген кім екен?» деп терезеден басымды шығарып қарадым. Сөйтсем көршінің үлкен баласы ғой. «Еу, қара қатын, бір сағат болды ғой ұрып жатқаныма ашсайшы есікті» деп көшені басына көтере айқайлап, анасын балағаттап тұр. Сол түні көршімді ойлап ұйықтай алмадым. «Бұларға сөзім өтпейді» дейтіндей-ақ бар екен ғой.
Ойладым енді, бәлкім әкелерінен қаймығатын шығар деп. Бір күні көршілер тойға кетсе керек, келе жатып балаларына «қақпаны ашып қойыңдар» деген болар. Бір баласы есікті ашып, қақпаның алдында біраз отырды. Бір уақытта телефонын алды да «Шешеңнің... бір сағат болды ғой есікті ашып отырғаныма. Қайда жүрсің, а?! Тұра берем бе мен осылай?!» деп былапыт сөздерді қарша жаудырды. Сөйтсем қаршадай бала әкесін күтіп тұрған екен. Онысы мас-ау, баласының сөзін елемей үйіне тіке кіріп кетті де, жым болды.
Осы екі оқиғадан кейін арада алты айдай уақыт өтті. Жаңа жыл келіп, бір күні көрші апайды үйге тамаққа шақырдым. Әрі мереке, әрі жақыннан танысып, араласайық деген ниетім болған. Сөйтіп екі сағаттай әңгімелестік.
«Балаларыма қарап мынау қандай отбасы?» деп таңғалған шығарсың. Бала тәрбиесінде бос болып, қазір соның зардабын ағаң екеуміз тартып отырмыз, - деді көршім. Әкелері 15 күн жұмыста болса, қалған 15 күнде той-томалақтан босамайды. Ондайда ішіп келеді. Ішкен адамда ес бола ма, мені боқтап, «мен жоқта не істедің» деп тиісіп, балалардың көзінше ит-терімді басыма қаптайды. Бұлар соны кішкентайынан көріп өсті де, мені сыйламайтын болды. Үйдегі ағаң «қара қатыным» деп арасында еркелететін, бұлар соны жаттап алып, ашуланса мені дәл солай атай салады. Ұрыстым да, ұрдым да, жылап та айттым, нәтиже жоқ. Бала естігенін емес, көргенін істейді екен. Үлкен екі балам тура әкелері сияқты қызба мінезді, сөз көтере алмайды, бірдеңе десең жауаптары дайын тұрады. Жеңер ақыға боқтап салуы да мүмкін.Сондықтан онша-мұнша нәрсе болса, көңіліңе алмашы».
Көрші апайдың әңгімесінен бала тәрбиесін екінші орынға ысырып қоя салмау керегін жақсы түсіндім. Бұрын мен де балаларымның онша-мұнша еркелікпен айтқан сөздерін көңіліме алмай отыра беруші едім. Қазір олардың не айтқаны, маған қалай жауап бергені маңызды болып қалды. Сау қарым-қатынас құруды қолға алдым. Баламен бір уақ досындай сырласып, бір уақ анасындай ақыл айтып, бір уақ басшысындай шаруаға баулып отыру керек екен. Күйеуіме естігенім мен көргенімді айтып, балалардың көзінше бір-бірімізді қолдап, қолпаштап отыруға уәделестік.
Таяуда сол көршімнің баласы әке-шешесінің жанын қинап, «курьер болып табыс табам» деген сылтаумен «мопед» деген көлік сатып алыпты. Соны алғалы бізден тыныштық кетті. Есігіміздің алдына көршінің көлігін қызықтап, мініп көру үшін топ-топ бала жиналып, түннің жарымына дейін жырқ-жырқ күлкі, дарылдаған көліктен ұйықтай алмайтын дәрежеге жеттік.
Бір күні менің де шыдамым таусылды. Күйеуіме «Көрші үйдің ағайы жұмысынан келген сияқты, жаңа көріп қалдым. Барып еркекше сөйлесіп, баласының мына тірлігін айтып келші. Әлі кәмелетке толмаған бала ғой, кешкі оннан кейін көшеде әлгісін айдамасын, топырлатып балаларды жинамасын» деп айттым. Обалы не керек, күйеуім барып көрші ағаймен сөйлескен. Сөйтсе «сен бала болмадың ба, не болды сонша болмашыны әңгіме қылып?! Бала болғасын ондай-ондайы болады» деп баласының сөзін сөйлеп, күйеуіме біраз әңгіме айтып жіберіпті.
Табалағаным емес, бірақ жақында сол «мопед» айдаған баласы апатқа ұшырап, әрең аман қалды. Соның бәрі неден? Тәйт дейтін әкенің, қой дейтін ананың болмауынан. Сөзін сөйлеп, қисығын түзу деп қабылдасаң, баланың болашағына балта шапқаның.
Сондықтан осы оқиғаны айта отырып, көпшілікке ой салғым келді. Үйде, шай үстінде балаларыңызға көршімен қарым-қатынас, үлкендерді сыйлау, көпшілік ортада әдеп сақтау, тазалық сақтау сияқты нәрселерді күнде айта беру керек. Сосын өзіңіз де соған сай болып, амал жасаңызшы. Әйтпесе жетесіз жеткіншектер көбейіп кетті. Құдай ақырын берсін...»