​«Тастап кеткен қызыммен мектепте кездестім»: мұғалім әйел ар азабынан қиналып жүргенін айтты

0
1 480

«Немереме білім беріп жүрмін»


​«Тастап кеткен қызыммен мектепте кездестім»: мұғалім әйел ар азабынан қиналып жүргенін айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Тастанды бала көбейіп кетті деп қазір жұрттың бәрі қыздарды жамандап жатыр ғой. Алайда сол қызды жүкті етіп тастап кеткен жігіттерді, дер кезінде қолдау білдіріп, қиын сәтте қол ұшын созбаған туған-туыс, достарын неге кінәламаймыз? Байғұс қыз қай жетіскеннен баласын тастап кетеді? Амалының жоғынан, кейде үлкендердің қысымынан түзетуге келмейтін қателікке бой алдырады. Мұндай жағдай менің де басымнан өткен», - дейді Ұлбосын есімді әйел.


Бүгінде мектепте мұғалім боп істейтін оқырманымыз араға 27 жыл салып, кезінде өзі перзентханада қалдырып кеткен қызымен кездесіпті. Жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Жасым 45-ке келді. Екі ұл, екі қызым бар. Үлкен қызды ұзатып, немере сүйіп қойдым. Отағасы екеуміз қарапайым еңбекпен нан тауып, бала-шағамызды ешкімнен кем қылмай өсірдік. Мен қазір мектепте бастауыштан сабақ берем. Түске дейін бір сыныбым, түстен кейін екінші сыныбым бар. Биыл бірінші сыныптың балаларын қабылдағанмын. Солардың арасында өзімнің 27 жыл бұрын тастап кеткен қызымның қызы, яғни немеремнің оқуға келгенін көргенде шалқамнан түсе жаздадым.


Мен де жас болдым, махаббатқа мас болдым. Мектептегі құрбыларымнан ерте есейіппін. Сылаңдап бой түзей бастадым. Ұзын шашымды жайып жіберіп, ауылдың арғы басында тұратын әкемнің қарындасының үйіне әдейі, жігіттердің көзіне түсу үшін барып келуші едім. Сөйтіп жігіт біткеннің көзінің құртына айналып, оныншы сыныпта оқып жүргенде өзімнен бес жас үлкен жігіттің құрығына түстім.


Бастапқыда өзімнен үлкен, мектепті бітіргеніне бес жыл болған жігіттің маған сөз салғанына кәдімгідей мақтандым. Ол тіпті университетті тәмамдап, ауданда жұмыс істейтін. Күндіз мектептемін, кешкісін сол жігітіммен кездесіп жүрдім. Алты айға дейін ол маған артық қылық көрсетпеді.

Бірақ уақыт өте келе «саған бәрібір үйленем ғой, мектеп бітірген күні құда түсіп барам, қорықпа» деп дегеніне көндірді. Уақыт өте келе біз кәдімгі ерлі-зайыпты адамдардай бола бастадық. Кешкісін ол келмей қалса мен кәдімгідей алаңдайтын, мазасызданатын болдым. Бұл кезде біздің ара-қатынасымыз біраз адамға белгілі болып қалған. Мектептегі мұғалімдері де бірдеңеден сезіктеніп, маған оқты көздерін қадап жүретін. «Осыдан мектеп бітірейін, тұрмысқа шығам» деп мен де мектепті бітіргенше асықтым.


«Енді бір тоқсан шыдасам болды» деп күн санап күтіп, мектепті бітіру кешіне дайындалып жүргенде мазам кетіп, қатты ауырдым. Не жесем де құсам, ұйқым қанбай, басым айналып, анамды әбігерге салып қойдым. 17 жасқа енді толған кезім еді. Анам бірден «жаман ауру боп қалмадың ба» деп шошынып, ертесінде мені емханаға тексеруге апарды. Ертеңіне ауылдың дәрігері үйге келіп, «қызыңыз сорлап қалыпты ғой, мына мәселені әлі ешкім білмейді, не істейсіз» деп анама бәрін баяндап берді. Аяғым ауырлап қалған, іштегі балаға үш ай толып қойыпты.


Мына әңгімені естігенде анамның түрі сұп-сұр боп кетті.«Біттім, енді мені тірі қоймайды-ау» деп ойладым. «Баланың әкесі кім?!» деп жанымды көзіме көрсетіп, ұрып-соғып тұрып сұрады. Бірақ мен ләм-мим деп тіс жармадым. Өзімше ішімнен «алдымен жігітіме айтайын, ол маған бірден үйленеді» деп ойлап қойғам. Бірақ екі күннен соң жаңалықты естіген жігітім «мен іссапармен облыс орталығына кетіп барамын, екі күннен соң келем, бәрі жақсы болады» деп өтірігіне сендіріп, тайып тұрды.


«Жігітіңе айт, үйленсін» деп тапсырған. Он күндей күттім, ақырында оңбай алданғанымды түсініп, «ол мені алдап кетті» деп жыладым. Марқұм анам бүк түсіп жатып қалды. Үшінші күн дегенде басын көтеріп, ауладағы бір сиырды әкеме сатқызып, мені қалаға алып кетті. «Оқуға түсіремін, дайындайтын орталық бар екен, соған қабылданады» деп сылтауратты. Сөйтіп мені қаланың бір шетіндегі татар әйелдің үйіне орналастырды да, өзі ауылға қайтты.


Ақшасын алған әйел маған жақсы қарады. Анашым айына бір рет ауылдың етін, айран-сүтін әкеп, жағдайымды біліп тұрды. Босанғанымды естігенде алып-ұшып жетті, ол кезде қызымды құшағыма алып, емізіп үлгергем. Келген бетте «баланы осында қалдырып кетеміз» деп түсіндірді. Өзім баламын ғой, анамның айтқаны мен үшін заң болды, «жарайды» деп міңгірледім. Ол кезде «ертең өкінемін-ау, мына тірлігім дұрыс емес қой» деген ой миыма кіріп шыққан жоқ. Жұртқа жария болмай тұрғанда баладан құтылғанымызға қуанған сияқтымыз.


...Осылай жылдар өте берді. Мен қалаға әбден бейімделдім. Жаймен педагогикалық институтты тәмамдадым. Қалалық мектептерінің біріне жұмысқа тұрдым. Тұрмысқа шықтым. Барлығы бірден жақсы болып кеткен жоқ. Мен де талай қиындықты басымнан өткіздім. Отағасының мінезімен менің мінезім үйлеспей, ажырасып қайта қосылған күндеріміз де болды. Бірақ отбасылық қиындықтардың біразын еңсердік.


Күйеуімнен төрт перзент сүйдім ғой, шүкір. Бірақ осы уаққа дейін тұңғышым есімнен бір сәтке де шыққан емес. Кейде түсіме кіріп, шошып оянам. «Қайда екен, тірі ме, қай жерде жүр екен» деп көп ойланушы едім. «Тым болмаса сыртынан бір көрсем ғой» деп Құдайға жалбарынып сұрайтынмын. Сол тілегім қабыл бопты. Қызым қазір өз қызын менің сыныбыма берген. Немереме білім беріп жүрмін.


Төрт жыл сайын алдыма жаңа оқушы келеді, әрбіріне жеке-жеке «подход» керек, ата-аналармен жақсы байланыс орнатуға тырысамыз ғой. Жыл басында ата-аналар жиналасын жасап, әрбірімен жеке-жеке танысамыз. Сонда Жанғалиқызы Диана деген оқушымның анасының есімі жүрегімді дір еткізді. Баяғы өзімнің жас кезімді көргендей болдым, мұздай тер бұр ете қалды. «Аты-жөні Бейсенова Жанерке» деп перзентханаға жазып кеткенмін. Мына қыз сонымен аттас боп шықты. Жиналыс соңында қызының сабағын сылтауратып әңгімеге тарттым. «Ауылың қай жақтан?» деп сұрадым. Жанерке «балалар үйінде тәрбиеленгем» деп кібіртіктеп қалды. Қызым екені осыдан-ақ белгілі емес пе?


Бір қуанғаным, жақсы жігітке тұрмысқа шығыпты. Бақуат тұратын сыңайлы, астында қымбат көлігі бар. Қызы Диана да «ата-әжемнің қызымын» деп үйіндегілерді ерекше ықыласпен әңгімелеп береді. Немереме қараймын да, құшағыма қысып, «мен сенің апаң болам» деп айтқым келеді. Бірақ мұны қызғаншақ күйеуім біліп қойса жағдайдың не боп кетерін сезіп, ішімнен тынып жүрмін.


Шешемнің көзі кеткен. Ақыл сұрар ешкімім жоқ. Қаншама жыл іште сақтаған күнәмді үйдегілерге қалай айтам? Әлде бұл құпияны сол бетінше жабық қалдыруым керек пе? «Жабулы қазан жабулы күйінде қалсын» дейін десем, қызын әкетуге күнде келетін қызымды көргенде көзімнен жас тоқтамай аға береді. «Мен сенің анаңмын» деп құшағыма қысып, кешірім сұрағым келеді. Әбден қиналып кеттім, маған ақыл қосыңыздаршы».