​«Тәуіпті таппай қалдық»: алматылық әйел көпшілікті алаяқтарға алданып қалмауға шақырады

0
1 340

«Бір қой, 70 мың теңге ақша, кәмпит-күлше...»


​«Тәуіпті таппай қалдық»: алматылық әйел көпшілікті алаяқтарға алданып қалмауға шақырады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қазір заман дамыған, адамдардың көзі ашық, көкірегу ояу ғой, онша-мұншаға сене бермейді» деп ойлаушы едім. Сөйтсем аңғал жандар арамызда әлі де көп екен. Әсіресе тәуіп, балгер дегендерге имандай сеніп, артынан сан соғып қалатын кісілерді естігенде сіздерге хабарласып, ой бөлісуді жөн көрдім. Жақында ғана жұмыстағы әріптес келіншек «тамыр ұстап, бәрін айтып береді екен» дегенді есітіп, біреуге барыпты. Сөйтсе ол адам «күйеуің біреумен жүреді» деп айтыпты. Нәтижесінде екеуі айырылысып кетуге шақ қалды», - дейді ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан Мақпал ханым.


Оқырманымыз халықты ешқандай тәуіп, балгер дегендерге сенбеуге шақырып отыр. Ол өзі көрген, білген бірер оқиғаны тілшімізге баяндап берді.


«Қалаға алғаш келген жылдары ағайын аға-жеңгеммен бірге тұрдым. Ол кісілердің сүп-сүйкімді үш баласы бар, тату-тәтті тұратын. Ағам таңертең жұмысқа кетіп, үйіне кештетіп бір-ақ келеді. Кейде тіпті кешігіп келетін де әдеті бар еді. Алайда ол кешігіп келетінін алдын-ала қоңырау шалып, ескертетін болуы керек, жеңгем бәрін біліп отыратын.


Бірер ай бірге тұрып, менің өсек-аяңнан аулақ екенімді білген жеңгем анда-санда жаныма келіп, сырын айта бастады. Мен ол кісінің тек тыңдаушысымын, ақыл беретін жаста емеспін. Оған да сол керек сияқты, «неге үндемейсің» деп сұрамайды. Сондағы айтатыны – бір тәуіптің сандырағы. Күйеуінің кештетіп келетінінен күмәнданған соң тәуіпке барыпты. Ол «күйеуің бір жас қызбен жүреді» деп көзбен көргендей айтып берген. Тіпті қаланың қақ ортасындағы көпқабатты үйлердің бірінде пәтері бар, екеуі сонда кездеседі деп соққан.


Жеңгем содан кейін қатты күйзеліп, күйеуінің әр басқан қадамынан секемдене бастады. Алғашында білдірмей жылап алатын. Кейін келе күйеуін ашықтан-ашық жазғырып, тиісетін болды. Ағамның жұмысы қаланың арғы басында, Алматының кептелісінен үйіне әрең жететінін айтып түсіндіре алмайтын. Ақырында екеуі ажырасып тынды. Түсінісе алмады, жеңгем ағамды бекерге жазғырды. Тәуіптің сөзіне еріп, орынсын қызғанғаннан гөрі күйеуіне сенуі керек еді...


Осыдан оншақты жыл бұрын әпкем қатты ауырған. Жұмысы өнбей, қайта-қайта ауырып, «больничный» аштырып, әбден емделді. Бірақ дәрігерлер «сап-саусыз, анализдеріңіз тап-таза» деп шығарып сала берген. Жұмысындағы басшыларға да ауру қызметкер керек пе, «жұмысқа шығыңыз, болмаса орынды босатыңыз» деп талап қойыпты. Содан әпкем амалсыз, құр сүлдерін сүйретіп жұмысқа шығады. Таңертеңнен кешке дейін компьютердің алдында отыратын. «Көзім бұлдырап, мониторға қарасам құсқым келіп, басым қатты ауырады» деп айтушы еді.


Содан бір күні қасындағы әріптесі қала сыртында мықты емші, тәуіп бар деп қояр да қоймай ертіп апарыпты. Сонша жерден барса емші басқа жаққа кетіп қалған екен, ертеңіне тағы да әуре боп барған. Әлгі емші «саған әбден көз өткен, жолың байланып қалған» деп аһілеп-үһілеп, бірдеңелерді айтыпты. Сосын «тамақты таңдап жейді екенсің, олай болмайды. Майды көбірек жеу керек. Бойыңды зиянкес жайлаған, содан ештеңеге зауқың болмай жүр. Қазір ол зиянкесті мен саған көрсетемін» депті. Сөйтіп екі шикі жұмыртқаны әкеліп, денесіне тигізіп, ары-бері домалатыпты. Сосын әлгі жұмыртқаны жарып көрсетіпті. Сөйтсе әлгі жұмыртқаның сарысынан құжынаған құрт шығыпты. Әпкемнің көзі шарасынан шыға жаздап, «осы зиянкестерден қалайда мені құтқарыңыз» деп жалынған.


Не керек, емші «бір қой, жетпіс мың теңге ақша, Құран оқытқанға кәмпит-күлше, әртүрлі пісірімелер әкелуін өтініпті. «Сенің атыңнан құрбандық шаламыз» деп өтірікті соққан. Содан әпкем байғұс күйеуіне айтпай, тыққан ақшасына қой алыпты, жетпіс мың теңгені ертіп барған әріптесінен қарызға алыпты. Осылайша тәуіпке оңбай алданған. Бірақ емделіп кеткені шамалы, бойындағы «зиянкестен» арыла алмады. Онысын маған арада жарты жылдай уақыт өткенде айтты. «Мен солай алданып қалдым» дегенде ашуым келіп, әлгі тәуіпті ерінбей іздеп барғам. Сөйтсем ол әр жерде пәтер жалдап көшіп-қонып жүре беретін біреу екен. Орнын таппай, жер сипап қалдық.


«Қойдың өзі менсінбей тастап кеткен, құмалаққа сиынып не көрінді» деп айтыскер Жандарбек Бұлғақов жырлағандай, құмалақшы балгер, көріпкелдер бұрын да, қазір де көп. Таныс не туыстарымның арасынан байқасам, соларға сенушілер жетерлік екен. Әсіресе ауылдағылар құмалақшыға бірінші барады. Малы жоғалса, не денсаулығы сыр берсе, дәрігерден гөрі тәуіптің сөзі өтімдірек болып тұр.


Алданып қалудан абай болайықшы. Тәуіп Құдай емес, ол да өзіміз сияқты пенде. Сандырағына сенем деп айрандай ұйып отырған отбасыңыздың шырқы бұзылмасын дегім келеді».