«Жаназасын көршілермен бірігіп шығардық»: жамбылдық әйел көршісінің жұмбақ қазасы мазалайтынын айтты

0
1 357

«Маған сенің көмегің керек» деп жалынышты жүзбен қарап тұр...»


«Жаназасын көршілермен бірігіп шығардық»: жамбылдық әйел көршісінің жұмбақ қазасы мазалайтынын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Кейде бір адамдарды небәрі бір сағат көрсең де бұрыннан танитын адамдай, іштартып, етене жақын болып кетесің. Ал кейбір адамдар жылдар бойы танысаң да сыр алдырмайды. Ондайларды қазақ «бір саусағын ішіне бүгіп жүреді» деп айтушы еді. Менің көршім сондай адам болып шықты. Қазақы әдетке басып, көршімен аралас-құралас болуды қалып едік. Бірақ ол маңайына жолата қоймады. Кейін ол белгісіз, жұмбақ жағдайда өмірден өтті. Ал жақында менің түсіме кіріпті. «Маған сен ғана көмектесе аласың» дегендей жәутеңдеп қарап тұр екен. Осы жағдайды мені қатты алаңдатып отыр», - дейді Ұлжалғас есімді жамбылдық әйел.


Оқырманымыз көршісі жайлы көрген-білген оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Бізден бір үй әрірек тұратын Райымбек деген жап-жақсы кісі бар еді. Бізбен қарым-қатынасы тәуір болатын. Сол кісі балаларының оқуымен басқа қалаға көшті де, үйін біреулерге сатып кетті. Райымбектің отбасы көпке дейін есімізден шықпай, көпке дейін үй жағына қарайлап жүрдік. Ал оның үйін сатып алған адамдардың қандай жандар екенін сол күйі түсіне алмай кеттік.


Отағасының көзі тұздай, шикі сары кісі. Түске таман велосипедіне отырып, көше бойлап кетіп бара жатқанын көреміз. Содан бесін шамасында велосипедінің артына шөп толы қап артып, ауласына кіріп бара жатады. Болды, содан кейін олардың қақпасынан жан баласы шықпайды, меңіреу тыныштық орнайды.


Етене араласып кетпеген соң көпке дейін біртүрлі болып жүрдік. Не әйелі, не балалары шықпайды. Тек анда-санда әлгі кісінің «өйтпедіңдер, бүйтпедіңдер, шеттеріңнен арамтамақсыңдар» деп ұрысып-жекіп жатқанын естіп қаламыз. Бірақ оған қарсы сөз айтып, дауыс көтерген ешкімді байқамадық. Сәл кейіндеу жаңағы кісінің ешкі бағатынын білдік. Шөпті сол ешкісіне тасып жүр екен. Сірә, сүтін базарға апарып өткізетін болса керек.


Бір жолы баламның «ангинасы» шығып, ыстығы көтеріліп ауырып қалды. Біреулерден «ешкінің сүті ем, ыстықтай ішсе тез жазылады» дегенді есітіп алғам. Сосын жаңағы көршімнің ешкі асырайтыны ойға түсіп, банкімді көтеріп үйіне бардым. Үнеммі жабық тұратын дарбазасын қаққаным сол еді, көрші үйдің отағасы «бұл кім-ей» деп жақтырмай дауыстады. «Ағай, мен көршіңіз болам. Балам ауырып қалып еді, соған бір литр сүт сатыңызшы» дедім.


Дені дұрыс адам болса бала ауырып қалған соң кішкене дауысты жұмсартып, сататын-сатпайтыны жай ғана айтады ғой. Ал ол кісі «Немене, мен ешкіні сенің балаңа сүт беру үшін ұстап отырмын ба, сүт жоқ!» деп дүңк етті. «Мен сүтіңізді тегін сұрап тұрған жоқпын, сатып алуға келдім. Қанша дегенмен көрші емеспіз бе, ауыс-түйісте тұрған не бар?» дедім. Бұл сөзім де әлгі кісіге жақпаса керек, «көрші болсаң қайтем, тілің мен жағыңа сүйенбей ары кет, сүт жоқ» деп үйінің есігін тарс жапты. Тіпті қақпасынан шығып қараған да жоқ.


Осыдан кейін арада жылға жуық уақыт өтті. Бір уақыттарда оның иті ұлитын әдет тапты. Тағы да адамның үрейін ұшырып, бейуақытта ұлып, аза бойымызды қаза қылады. Үлкен кісілерден «иттің үлығаны жаман, төмен қарап ұлыса өлім шақырады» дегенді естуші едік. Бір күні көшеге шығып қалсам, көршілер жиналып, әлгі иттің ұлығанын әңгіме етіп тұр екен. Түсініксіз көршінің арғы жағындағы үйде тұратын Сәуле апай «Иті ұлымай қайтсін, жаңа көрші әйелі мен балаларын қуып, тентіретіп жіберді ғой. «Итті құдай қинасын иесімен деген», иелерін аңсап, сағынғаннан ұлып жүрген шығар» деді. Оған бәріміз таң-тамаша болып қалдық.


Ертесі күні ескі велосипедін шиқылдатып, тұсымнан өтіп бара жатқан көршіме «анау иттеріңіз неге ұли береді, даусынан шырт ұйқыда жатқан балалар оянып кетіп жатыр» дедім. Ол велосипедінен асықпай түсіп, маған жақтырмай бір қарады да «енді менің итім сендердің көздеріңе күйік болды ма? Ит болған соң үреді, ұлиды. Онда шаруаларың болмасын» деп бақырып жіберді. Сосын велосипедін сүйреген күйі үйіне кірді де, байлаулы тұрған итін аямай тепкілеп тастады. Ит байғұс ары-бері қашқақтап, жұлқынғанымен босана алмасын білді ме, қыңсылап барып үнін өшірді. Шамасы иесі тепкілеп өлтіріп қойды-ау, өйткені сол күннен кейін иттің ұлымақ түгілі үргенін естімедік. Тек көршіміз ауласынан бір өзі кіріп-шығып жүрді. Әйтеуір ешкіммен араласпайтын жұмбақ адам болды. Әдетте жалғыздыққа душар болған адам ішкілікке салынып, маскүнемге айналып кетеді ғой. Ал біздің көршінің ішкен-ішпегенін ажырату қиын. Үнемі бірқалыпта, ешкіммен сөйлеспей, үйіне тіке кіріп-шығып жүре беретін.


Сол жылы қыс қатты болды, аязды күндері көп, сол себепті сыртқа да көп шықпадық. Көктем келіп, күн жылына сала көрші-қолаңмен әңгіме дүкен құрып, сыртта көп жүреміз. Бірақ әлгі көрші көпке дейін көзге түспеді. Оны іздеген де ешкім болмады. Күн жылынып, Наурыз тойламақшы боп көршілермен ақылдасуға жиналғанда әлгі Сәуле көрші «Мына үйдегі біртүрлі адамның көрінбегеніне біраз болды. Шамасы бір жаққа кетіп қалды-ау» деді. «Қайда барар дейсің, ауырып жатқан шығар» деді тағы бір көрші. Сонымен бәрі әлгі кісіні әңгіме етіп, ақырында полицияға хабар беруге шешім қабылдады.


Учаскелік инспекторды алдырттық, сөйтіп сол кісінің жол бастауымен көршінің үйіне кірдік. Бірақ қыбыр еткен жан пендені таппадық. Сосын полиция «іздеу саламыз» деп хаттама толтырып, бәрімізге қол қойдырып алды. Иесіз үйге ақ қағаз жапсырып, сыртын құлыптап, тарасқанбыз.


Арада бірнеше күн өткенде көршінің жансыз денесі ауыл шетіндегі бейіттен табылды деген хабар келді. Денесінде күш қолдану белгілері жоқ екен. Сонда ол қалай өлді? Өлер алдында бейітке неге барды? Бәрі жұмбақ күйінде қалды. «Көршілік ақымызды өтеп, сауабына ие болайық. Ортадан қаржы шығарып, жаназасын өткерейік» дедім көршілерге. Бәрі бір ауыздан келісіп, иіс шығарып құран оқыттық. Ана дүниеге жөнелттік. Бірақ жаназасына не әйелі, не бала-шағасы келмеді.


Осы оқиғадан кейін ол кісіні мүлдем ұмытып та кеткем. Бірақ жақында түсіме кіріпті «Маған көмектесші» дегендей жалынышты жүзбен қарап қояды. Шошып ояндым. Дереу жеті шелпегімді пісіріп, білген сүрелерімді оқып қойдым. Бірақ сол түс әлі ойымнан кетер емес. Не болды екен, қандай белгі болды бұл?..»