​«Жеріме «кіріп» кетті»: шымкенттік азамат көршілердің арасындағы сыйластық жоғалғанына ренжиді

0
1 029

«Екеуінен де көңілім қалды»


​«Жеріме «кіріп» кетті»: шымкенттік азамат көршілердің арасындағы сыйластық жоғалғанына ренжиді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Алыстағы ағайыннан, жақындағы көрші жақсы» деген бар. «Қиямет күні – көршіден» деген тағы бар. Яғни қазақ ағайыннан бұрын көршіге көп көңіл бөлген. Көршімен тату тұруға тырысқан. Басқаны қайдам, өзіме әкем үлгі, көршілермен құрттай қатынасып, туысындай араласты. Бізге де «ұсақ-түйек нәрсе үшін көршімен сөзге келіп қалмаңдар» деп ескертіп отыратын. Ал бүгінгінің адамдары соны ұмытқандай», - дейді Жақсыбек Амантайұлы.


Шымкенттік азамат көршілеріне деген өкпе-ренішін айта отырып, көпшілікке ой салуды жөн көріпті. ERNUR.KZ тілшісі оқырманның әңгімесін назарларыңызға ұсынады.


«Екі жыл бұрын жаңадан құрылысы басталып, жұрт енді ғана қоныстанып жатқан ауданнан учаскелік жер алғанбыз. Сөйтіп оған үй тұрғыздық. Біз құрылысты бастағанда оң жақ, сол жағымызда іргелес ешкім жоқ, тек қарсы бетте жасы жетпіске жетіңкіреп қалған кісі тұрады екен. Ол кісі бізден бір жыл бұрын ғана қоныстаныпты. Ертелі-кеш бәріміз жұмыстамыз, қарсы беттегі көршіні анда-санда бір көрген соң етене араласып кете алмадық.


Біз көшіп барғаннан кейін сол жақтағы көршіміз келіп, өзінің жерін қоршай бастады. Енді дұрыс қой, кім болса да өз ауласын қоршауы керек. Оған ешкімнің дауы жоқ. Әрбіріміздің қолымызда жеріміздің шекарасы сызылған құжаттар тұр. Әу баста кадастрдегі мамандар жерімізді өлшеп, шекарасын сызып берген. Сол бойынша қоршайтын шығар деп біз оның тірлігіне араласқан жоқпыз.


Бір күні кешке жұмыстан барсақ, әлгі көрші біздің учаскемізге қарай жарты метрдей кіріп кетіпті. «Мұныңыз не?» десек, «менің жерім қисық түскен екен, соны сәл тураладым» деп бірдеңелерді айтты. Шынын айтқанда оның не туралағанын сол күйі түсінбедім. Үлкен кісі, әрі құдайы қоңсы болғасын онымен тәжікелесіп жатуды жөн көрмедім. Оның үстіне ол опалубкасын құрып, біраз жерге іргетасын құйып та үлгеріпті. Еңбегін еш қылғым келмеді. Сонымен ол кісі біздің аулаға жарты метр «кіріп» кеткеніне ыңғайсызданған да жоқ. Шамасы мен үндемегесін өзінікін дұрыс санап, «қатырдым» деген шығар.


Бір жылдан кейін оң жақ бетке жас отбасы көшіп келді. Үйге келіп, танысып «уақытша су мен жарық бере тұрсаңыздар» деп өтінді. Көршілік ақымызды өтейік деп қолымызда бармен бөлістік. Пысық жігіт екен, бірнеше айдың ішінде үйін тұрғызып, ішін реттеп көшіп келді. Олар келген кездерде біз есігіміздің алдынан монша, сарай тұрғызбақ болып, жерді өлшеп, қазығын қағып жатқанбыз. Жаңағы көрші – жап-жас жігіт үйінен атып шықты да «Аға, не салайын деп жатырсыз?» деп сұрады. Мен оған жалпылдап өз жоспарымды жайып салдым. Сөйтсем көршім «Менің жеріме еніп кетпеңіз, сосын төбесін жапқанда мен жаңбырдың суы мен жаққа қарай ақпайтын болсын. Сол үшін фундаментті өз аулаңызға бір метр ішкері етіп құйыңыз» деп бұйрық беріп кетті. Інім деп, бауырымдай көріп қолымда барымды берген көршім осылай деп сөйлегенде қайтаратын жауап таппай қалдым.


Өзіңнен жасы кіші адам тақылдап сөйлесе де қарсы сөз айтпай, үндемей қалғаныма кейін қатты өкіндім. Осы жағдай ойымнан кетпей, біраз күнге дейін ойланып жүрдім. Сосын есіме бала кезімдегі ауылдағы екі көршінің біздің жерге 2-3 метрден кіріп кеткені, тіпті жаңбыр жауғанда қора-қопсысынан біздің үй жаққа қарай шелектеп су ағатыны, сөйте тұра әкемнің бір қабақ шытпағаны есіме түсті. Бір жолы шыдай алмай әкеме сөйлегенім бар. «Біздің жерге кіріп кетсе де неге үндемейсіз?» деп сұрағам. Сонда әкем «Жер жетпей жатыр ма, несін әңгіме қыламыз оның?! Сонша қызғанып, қорығанда өлгенде бізге тиетіні екі-ақ метр жер ғой» деп жауап беріп еді. Сол сөзі есіме түсті де, дереу ашуымды сабырға жеңдірдім. Бірақ ендігі көршілермен абайлап, лажы болса алыстан сыйласу керегін ұғындым.


Айтайын дегенім, кейде адамдар боқ дүниенің соңына түсіп, біреулерді ренжітіп жатады. Екіншілерінің ақысын жейді, үшіншісіне қиянат көрсетеді. Ал оның ізсіз кетпейтіні, жауапсыз қалмайтыны анық. Оны күнделікті өмірде көріп те жүрміз. Бірақ байыбына барып, тереңіне үңіліп қарамаймыз.


Егер әр адам ауызға абай болып, ешкімге қылдай қиянат жасамайтын, әділ адам болса, өмір сүру де оңайырақ, анағұрлым бақыттырақ болар ма едік деп ойлаймын...»