"Жүкті келіншектерді жек көруші едім... Қазір қызыға қараймын"

0
1 007

"Карьера қудым деп айтайын десем, жетіскен жетістігім де жоқ..."


Сурет: vplate.ru

"Жасым 40-тан асты. Тұрмысқа шықпағанмын" деп сөзін бастаған Құралай атты замандасымыз ERNUR.KZ тілшісіне басты мәселесі - бала екенін жеткізді.

"Карьера қудым деп ауыз толтырып айтарлық жетістігім де жоқ. Өзім үшін өмір сүрдім деп те айта алмаймын. Шетелге шыққан емеспін. Дүние де жинамадым. Бір жалақымен өмір сүріп, күнімнің өткеніне мәз боп жүре берген бойдақтардың бірімін.


Әрине, өзімнен артылғанды бауырларымның той-томалағына, ата-анама жұмсадым. Жақсы перзент болдым деп айта аламын. Ата-анама тіс салдырып бердім, екі-үш рет шипажайға жолдама алып бердім. Апта сайын ауылға барып, әке-шешемнің жағдайын сұрап, тоңазытқыштарын толтырып беріп кететінмін. Бұл енді барлық перзент орындап жүрген ұсақ-түйек міндет қой. Былайша 40-та қамал алмадым, бітірген түгім жоқ.

Бес жыл бұрын мектепте жұмыс істегенімнің арқасында ипотекаға бір бөлмелі пәтер рәсімдегенмін. Бұл да көп бойдақ жетпеген жетістігім шығар. Бірақ ай сайын ипотека төлеп, артылғанын ішіп-жеп, бос уақытымда сериал көріп, ұйқымды қандырып жүргенімде уақыт шіркін зуылдап өтіп кетіпті.

Ақыл енді кірді ме әлде анам өмірден өткен соң жалғыздықты сезіне бастадым ба, ертерек отбасы құру туралы ойламағаныма өкініп жүрмін. Айналамдағы адамдар әрине айтты. Анам да ауылға барған сайын «Ертең етегің толып жылайсың ғой. Тәуірлеу жігіт болса, тұрмысқа шығып, бала туып алсаңшы. Бала – олжа, бала – алданышың. Соны өсірем, жеткізем деп жүргенде жалғыздықты сезбейсің» деп талай рет айтқан. Тыңдамадым. Керемет жігіт өзі іздеп келердей жүре бердім.

Бұрын жүкті келіншектерді көрсем, жақтырмай тыржиятынмын. Тіпті жек көрген кездерім де болды. Аяйтынмын кейде. Ал қазір қызығам, қызғанам. "Неткен бақытты!" деймін сырттай сүйсініп қарап. Мен қазір күйеуді емес, баланы аңсап жүрмін.

Көп ойланып, кәдімгідей жоспар құрып, тәуекелге бел буғанымда бір сыныптасым қайтыс болды. Артында бес баласы қалды. Ең кішкентайы небәрі екі жаста. Ересектері мейлі-ау, ал кенжетайына қиын. Сол сыныптасым өмірден өткелі «Мен де кетіп қалсам, баламның күйі не болмақ?» деп, ойша жоспарлап жүрген нәрестемді ойлана беретін болдым. Жасыратыны жоқ, орта жастан асқанда адам өлімнен қорқа бастайды екен.

Әйтеуір бұл ойдан да арылдым-ау. Дәрігер есігін қақтым. Дәрігер де 40-тан асқан менің қалауымды онша құптай қоймады. Ал құрбы келіншектер «Бір бала туып ал» деп әр кездескенде ақыл айтуда. Тұрмысқа шықпай бала туып алу да оңай емес екен. «Жұрт не дейді?» деген әлеуметтік сұрақ та тәуекелге баруға тұсау болды. Жұрт баласын немесе бақытын бөліп бермейтінін түсінуге де біраз уақыт керек болды.

Жалғыздықтан ұлыған қуыс кеудем бір шешімге келе алмай жүргенде жақында фейсбук желісіндегі мына бір пікірді оқып, көңіл күйім түсті. Онда бір еркек былай деп жазыпты фейсбукте: «Табиғат заңдылығына, табиғи болмысыңа қарсы шығу жақсы емес. Әркім уақытында ата-ана атанғаны дұрыс. Баланың болашағын ойлаған ата-ана ертерек бала сүюге қамданады. Өйткені баланы өсіру, оны қатарына қосу, оқыту, үйлендіру – бәрі де күш-қайратты, қаржыны және уақытты қажет етеді. Ал бойынан күш кеткен ата-ана баласын қалай жеткізбек?

Мысалы, әйел 40-та бала туса, баласы студент атанғанда анасы 60 жасқа келеді. 60 жаста оны еш жер жұмысқа да алмайды, не зейнеткерлікке шыға алмайды бұл жаста. Сонда ол баласының жағдайын қалай жасамақ? Байғұс бала оқумен қатар жұмыс істеуге мәжбүр болады.

Бала тапқанын оқу ақысына төлей ме, әлде қартайып баласының қамқорлығына зәру ата-анасының дәрі-дәрмегіне жұмсай ма? Бұл үлкен өмірге енді ғана аяқ басқан жігітке (қызға) салмақ.

Ал әйел 20-25 жасында босанса, ұлы 20-ға толғанда өзі 40-45 жаста болады. Бұл уақытта ол өзін-өзі барлық жағынан қамтамасыз ете алады. Баласы да алаңсыз оқуын оқып, алғашқы жұмысынан тәжірибе жинап, әке-шешесі қарттық кезеңге бет алғанша өмірден өз орнын тауып үлгереді. Сосын өзіне, отбасына және кәрі ата-анасына да қамқорлық жасауда қиналмайды. Сондықтан тек өзін ойлап 40-45 жаста балалы болу – эгойстік деп ойлаймын. 40 жастан соң барлық ауру шығады деген рас. Әр жерін бір ауырып жүргенде өмірден өтіп кетсең, қартайғанда туған балаңа кім қарайды? Әркімнің есігінде жәутеңдеп өскенін қалайсың ба? Өмірден теперіш көрген сайын ол бала «Анашым, мені өмірге неге әкелдің?» дейді іштей...»

Ащы да болса шындық. Бұл пікір негізі дұрыс айтылған. Өйткені бала тумасам да, өмірдің қиындығын көрмесем де жасым 40-қа толғалы шаршап қала беретін болғанмын. Біресе ұйқы безім, біресе бауырым, кейде тізем ауыратынды шығарды. Диета ұстамақ болсам, басым айналып, көзім қарауытатын болған. Ауру көбейген жаста жұмыс істемек түгілі қыдыру да қызық болмай қалады екен.

Мейлі баласыз-ақ жайнап, жадырап ары қарай өмірімді жалғастыра берейін деп те ойлаймын. Перзентсіз жүрген мен ғана емес. Небір бай әйелдер, небір сұлулар да перзентсіз-ақ бақытты күн кешіп жатыр деп һзімді алдаусыратамын. Алайда өмірім қызықсыз боп кеткендей. Өмірімде мән-мағына жоқ.

Менің жасымда дені дұрыс ер-азамат кездеспейтінін жақсы білем. Сондықтан да өмірлік сыңарды іздемеймін де, күтпеймін де. Әйтеуір тұрмысқа шығу керек екен деп, сығарға биті жоқ, өз күнін әрең көріп жүрген еркектің етегінен ұстағым келмейді. Немесе жалғыздықтан сыралатып жүрген азаматқа да жолағым жоқ. Олай проблемамады көбейтіп алудан қорқамын.

Шынымды айтсам, мен жар емес, ана бақытын сезінгім келеді. Бірақ ол бала ше, ертең «Мама, мені қартайғанда туғанша, тумай-ақ қоймадыңыз ба?» демей ме? Немесе «Неге бауырым жоқ?», «Әкем қайда?» деп сұраса ше?

Осындай сан сұрақ қаумалағанда бала туу ойымнан айнып қалам. Ал жалғыздықтан жаным жабырқағанда, ұрпақсыз өтетінімді ойлағанда, кеудемді өкініш тырмалайды.

Жастық шақ зырлап өтіп кетеді екен. Өмірге әйел боп келген соң, өз уақытысында отбасы құрып, балалы болуға асық, жас оқырман. 40 жылда бұл өмірден түйгенім осы..."