​Балабақшада балаңыз таяқ жеп жүрген жоқ па?

0
1 149

Қалай білуге болады?


​Балабақшада балаңыз таяқ жеп жүрген жоқ па?

фото: ашық дереккөзден алынды

Соңғы жылдары әлеуметтік желіде балабақшада тәрбиешілердің балаларды ұрып-соққан видеолары көп тарап жүр. Бұндай видеоны көрген кез келген ата-анада «менің де баламды ұрып жүрген жоқ па?» деген күдік пайда болатыны анық. Баланы қорғау мақсатында біз бүлдіршіндегі мынандай өзгерістерге назар аударуға кеңес береміз.


Мінез-құлқындағы өзгерістер

Балабақшадағы дөрекі қарым-қатынас, қатаң жазалау, тәнін ауырту баланың мінез-құлқына міндетті түрде әсер етеді дейді психологтар. Өзгеріс белгілері:

- Агрессия. Өзінен кішкентай кез келген баламен, үй жануарымен қарым-қатынаста тез агрессияға беріледі.

- Сөйлеуіндегі бұзылыс. Кекештеніп немесе баяу сөйлейді. Тіпті сөйлемей қоюы да мүмкін.

- Түнгі энурез. Кішкентай бала түнде ұйықтап жатқанда кіші дәретке бармайды. Ал бірдеңеден қорқып қалған бала түнде ұйықтап жатып та кіші дәретін жіберіп қояды.

- Тұйықтық. Әдетте бала балабақшадан үйіне келген соң көңілді жүруі қажет. Балабақшадағы достары жайлы айтуы керек. Алайда балабақшада ол тәрбиешінің айқайын естіп, шапалағын алып жүрсе, тұйықталып әлеуметтік ортадан қашып жылайды, балалар алаңшасында өзге балалармен ойнамайды.

- Тәбеттің жоғалуы. Бұрынғыға қарағанда тамақты өте аз жейді. Немесе тамақ жемей қояды.

- Ұйқысыздық және шошып ояну. Дені сау баланың түнгі ұйқысы тыныш болуы керек. Ал балабақшада ұрсып, ұрып ұйықтататын болса, бала ұйықтаудан қорқып қалады. Ол түнде бірнеше рет оянып, жылап мазасызданады.

- Жағымсыз әдеттер. Стрестегі бала тырнақ тістелеу, мұрын шұқылау, өз шашын жұлу сияқты ұнамсыз әдеттер шығарады.

- Ойыншықтарын ұрады, сындырады. Сүйікті ойыншықтарын жазалап, ұрып ойнайды. Қуыршағының басын жұлып тастау, әжетханаға қамап қою т.б.



Тәніндегі өзгерістер

- Ыстығы көтерілу, құсу. Әрине, бала ауырғанда температурасы көтеріледі, құсады. Бірақ бұл белгілер үнемі таңертең балабақшаға барар кезде қайталанса, онда ата-ана ойлануы керек.

- Көгеру. Баланың нәзік денесі тез көгереді. Тәрбиешінің қолы қатты тисе, шымшыса, тіпті шапалақ орны да ертеңіне көгеріп тұрады.

- Автоматты түрде қорғану. Киімін ауыстырғанда немесе балаға ұмтылғанда екі қолымен басын, бетін қорғайды.



Не істеу керек?

Егер осындай өзгерістерді аңғарсаңыз, жылдам әрекетке көшіңіз. Балабақша меңгерушісіне барып, бейнекамералардағы жазбаларды көрсетуді талап етіңіз. Тәрбиешіні сұрақ астына алыңыз.
Мейлі, бейнекамералардан айғақ табылмаса да балаңыздың қауіпсіздігін тексеруге, сұрауға құқыңыз бар. Сондай-ақ сіз бұл әрекетіңіз арқылы балаңызды ұрып-соғудың алдын аласыз. Алдын алудың тағы бір жолы - балаға сұрақ қою және рөлдік ойын.


1. Балаға сұрақ қою

Психолог мамандары анық сөйлей алатын балаға сұрақ қою арқылы оның балабақшадағы күйін анықтауға болатынын айтады. Балабақшадан қайтқанда жол-жөнекей «Күнің қалай өтті?», «Бүгін қандай жақсы оқиға болды?», «Қандай жаман оқиға болды?», «Апайың жақсы ма? Неге?» деген секілді сұрақты күнде қоюға әдеттенген дұрыс.

Сондай-ақ үйде әр түрлі жағдайға байланысты (Мысалы: «Нұрәли жыласа, тәрбиеші апай не істейді?», «Нұрәли ұйықтамай жатса, апай не істейді?» т.б.) сұрақ қойып, жауабын асықпай тыңдаңыз.

Есте ұстаңыз: «Жыласаң апай ұра ма?» деген сияқты сұраққа тек «иә», «жоқ» деген жауап аласыз. Баланың «иә» немесе «жоқ» деген бір ауыз жауабынан қорытынды шығаруға болмайды. Сондықтан сұрақты бала «иә» немесе «жоқ» деп жауап бере алмайтындай етіп қойған жөн.



2. Баланы тәрбиеші рөлінде ойнату

Сөйлеу тілі нақты қалыптаспаған баланың ойынын бақылау арқылы көп нәрседен хабардар бола аласыз.
Онымен үйде «балабақша» ойынын ойнаңыз. Балаңызға «сен тәрбиеші апайсың, ал мынау балалар» деп ойыншықтарын тізіп қойыңыз.

Мысалы, түскі тамақтану уақыты деп, ойыншықтарды үстел айналасына отырғызып, тарелкалар таратыңыз. Қуыршақ «Тамақ жемеймін» деді. Осы сәтте балаңыздан «Тәрбиеші не дейді? Сен тәрбиеші апайсың» деп сұраңыз. Баланың осы кезде не дейтінін, қандай амал жасайтынын мұқият бақылаңыз.

Әр түрлі жағдайда, топта, балалар алаңшасында, далада серуендегенде, бала ұйықтарда «балабақша» ойынын ойнап, тәрбиешінің іс-әрекетін болжауға, анықтауға болады.



Есте ұстаңыз

Мына жағдайлар да баланың мінез-құлқында өзгерістер тудырады:

  • әке-шешесінің ажырасуы
  • отбасындағы ұрыс-керіс, жанжал
  • қаза, отбасында біреудің қайтыс болуы
  • тағы бір баланың туылуы;
  • көшу, пәтер ауыстыру;
  • балабақшада тәрбиешінің басқа бір баланы ұрғанын көру.

Иә, топтағы өзге баланың таяқ жегенін көру де бүлдіршін үшін жан жарақаты. Ол «мені де осылай ұра ма екен» деп қорқады. Тәрбиеші бұзық баланы жазалаған сайын жүрегі ұшады. Бірте-бірте айналасындағы қатты дыбыстан қорқатын фобия пайда болады. Яғни, тәрбиеші бір баланы ұрса, бұл сол топтағы барлық баланың психикасына жасалған жарақат деп қабылдаған жөн. Сондықтан да «Менің баламды ұрған жоқ қой» деп шетте қалуға болмайды. Барлық ата-ана бірігіп, балаға қол көтеретін тәрбиешінің жұмыстан кетуін талап ету қажет. Кешіруге, жұмысын жалғастыруға жол беруге болмайды.

Баланың қауіпсіздігі – ананың тыныштығы. Олай болса, балаңыздағы кез келген өзгеріске немқұрайлы қарамағаныңыз жөн.

Ж. Смағұлова,
ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

НЕГЕ бүгінгі жұмысыңыз ертеңге қала береді?

"Мықты бала" тәрбиелеуге 3 кеңес