​Декреттік демалыстан кейін жұмысқа оралуды жеңілдететін 5 қадам

0
1 803

Қайта жұмысқа шығу қиын боп жүр ме?


​Декреттік демалыстан кейін жұмысқа оралуды жеңілдететін 5 қадам

Фото: ашық дереккөзден алынды

Декреттік демалыста әйел жұмыстан біршама уақыт қол үзеді. Әріптестерінен, достарынан және әдеттегі әлеуметтік ортадан уақытша алыстайды. Бұл өзін қоғамнан бөлектенгендей сезінуіне әкеледі. Сонымен қатар оның күн тәртібі мен өмір салты түбегейлі өзгереді. Жаңа рөл тіпті кейбіреулерді психологиялық тұрғыдан стресс пен депрессияға ұшыратады. Өзінің сыртқы келбетіне күтім жасауға уақыты болмайды, өзін-өзі ұнатпайды.

Міне, осы факторлар декреттік демалыстан соң жұмысқа қайта оралатын әйелге кедергі келтіреді. Ол үшін қайтадан кәсіби рөліне ену, тәртіп қиын боп көрінеді. Әйтсе де кез келген қиындық – уақытша екенін түсіну және дұрыс дайындық қайта бейімделуді жеңілдетеді. Ал ол үшін мынандай кішігірім бес қадам жасау жеткілікті дейді психологтар.



№1 қадам

Ең бірінші сізге эмоционалды дайындық қажет. Өз сезімдеріңізді түсініп, олармен қалай күресуге болатынын біліп, стресс пен алаңдаушылықты азайту үшін бұл кезеңді бастан өткізген адамдармен тәжірибе алмасыңыз. Яғни әлеуметтік байланыс орнатуды бастаңыз.

Ең алдымен әріптестермен, жұмыс істеп жүрген құрбылармен, бәріне үлгеріп жүрген әпке-жеңгелеріңізбен ортақ чаттарға қосылыңыз. Оларға «Ерте тұру қиын сияқты», «Үйден шыққым келмейтін бопты», «Отбасы мен қызметті қатар алып жүруге үлгермеймін-ау» деген секілді өз сезімдеріңізді айтудан ұялмаңыз.

Өзіңізді мазалап жүрген сұрақтарыңызды да қойыңыз. Мысалы, «Декреттік демалыстан соң қайта жұмысқа шыққанда қандай қиындықтар күтуі мүмкін? Одан сіз қалай жол тауып шықтыңыз?», «Отбасы мен қызмет міндеттеріне қалай үлгердіңіз?» деген сұрақтарға бірнеше әйелден жауап алып, саралаңыз.

Бұл кедергілерді жоюға, қорқынышыңызды сейілтуге, күмәндерді жеңуге көмектеседі. Сондай-ақ тәжірибелі әйелдердің позитивті сөздері мотивация береді.



№2 қадам

Содан соң кәсіби дайындық керек. Ол үшін кәсіби байланыстарды қалпына келтіріңіз. Бұрынғы әріптестеріңізбен, жетекшілеріңізбен байланыс орнатыңыз. Кездесіңіз. Жұмыс орнындағы жаңа ережелерді, өзгерістерді сұраңыз. Тіпті екі-үш сағат уақыт тауып, бұрынғы жұмыс орныңызға барып қайтсаңыз да жақсы.

Бұл сізге жұмыс орныңыздағы жаңалықтар мен өзгерістер туралы хабардар болуға, кәсіби рөліңізге бейімделуге жәрдемдеседі.

Егер жұмысқа оралғаннан кейін жаңа дағдылар қажет болса немесе біліміңізді жетілдіру, жаңару қажет болса, оларды меңгеруге күнде уақыт бөліңіз.



№3 қадам

Бірінші және екінші қадамдар арқылы қанық болған мәліметтеріңізге қарай кезең-кезеңмен жоспар құрыңыз.

Мәселен, жұмысқа қайта оралу үшін бірінші аптада қандай міндеттерді орындау керектігін, нені өзгерту керектігін, қандай киімдер аласыз, бәрін жазыңыз.

Бұл арқылы кәсіби және жеке өмірді, жұмыс пен отбасы арасындағы балансты сақтаудың схемасын анықтайсыз. Яғни сіз апталық, айлық жоспар құра отырып, әр күнгі уақытты тиімді ұйымдастыруға тырысасыз.

Уақытты тиімді басқару және отбасылық міндеттер мен жұмысты тең дәрежеде орындау үшін әр күнді жоспарлау өте маңызды. Міндетті түрде жоспар қағазға түсуі тиіс.



№4 қадам

Жұмыс жағдайын отбасыңызбен, жарыңызбен талқылаңыз. Өйткені жұмыста өзіңізді жайлы сезіну үшін, ойыңызды жұмысқа шоғырландыру үшін әйелге отбасының қолдауы қажет. Сонымен қатар кеңесе отырып, «Баланы балабақшадан кім алып қайтады?», «Кешіккен жағдайда тамақты кім дайындайды?» деген секілді сұрақтарды талқылаңыз.

Сондай-ақ әйелдің жұмыс және жеке өмір арасындағы теңдікті сақтауына отбасылық жоспарлау мен уақытты дұрыс ұйымдастырудың да рөлі зор. Сондықтан да отбасындағы жұмыстарды бөліп істеу мүмкіндіктерін қарастырыңыз.

Күйеуіңіздің тарапынан моральдық қолдау, ал есейіп қалған балаларыңыздан үй шаруасында, бүлдіршініңізге қарауда көмек күтетініңізді айтыңыз, талап етіңіз.



№5 қадам

Жұмысқа қайта оралу – маңызды қадам, сондықтан осы кезеңде өз-өзіңіз көмектесуіңіз керек. Бастапқы кезеңде болатын қиындықтарға сабырлық танытып, өз-өзіңізге мейірімді болыңыз. Еркін болуға және өзіңіздің күшіңізге сенуге тырысыңыз. Денсаулығыңыз бен көңіл-күйіңізді назарда ұстау үшін демалу, спортпен айналысу және өзіңізді күтуге уақыт табыңыз.

Жұмысқа қайта оралып жатқанда бастапқыда жеңіл тапсырмалардан бастау арқылы реттілікке үйренуге болатынын есте ұстап, бір жүйеге түсіп алғанша телефондағы әлеуметтік желілерден алыстай тұрыңыз.

Сонымен бірге жұмысқа қайта оралудағы мақсатыңызды анықтап алыңыз. Қандай жетістіктерге жетуді қалайсыз? Қағазға жазыңыз, өйткені ол сізге шабыт береді және қиындық кездескенде өзіңізді жігерлендіреді.

Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

БАЛАНЫ балабақшаға ЖЫЛАТПАЙ ОҢАЙ үйретудің 4 қадамы

Жасөспірімнің АЛҒАШҚЫ МАХАББАТЫ: ата-ана НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?