​«Мен өзімді кешіремін» техникасы жолыңызды ашады

0
3 700


​«Мен өзімді кешіремін» техникасы жолыңызды ашады

фото: ашық дереккөздерден алынды

Жолыңыз болмай жүр ме? Қанша әрекеттенсеңіз де болмай жатыр ма? Қандай іс бастасаңыз да әйтеуір кедергілер алдыңыздан шыға бере ме? Бұның шешімі бар.

Шешім де, барлық мәселенің кілті де – өзіңізде! Оны басқа жақтан іздемеңіз. Жолыңыздағы кедергілерден, қырсықтан құтылам деп, балгер іздеп, экстрасенске кезек алудың қажеті жоқ. Бұл тек уақыт пен ақша шығындау ғана. Ең дұрыс жол – кешіру!


Психологиялық қай кітапты оқысаңыз да, коуч-тренерлердің тренингіне қатыссаңыз да ең бірінші кешір деп кеңес береді. Иә, өміріңіздің қай саласындағы кедергілерді жойғыңыз келсе де алдымен бәрін – барлық адамды, жағдайды кешіруіңіз керек.

Әрине, кейбіреу үшін бала кезде орын алған зорлық-зомбылықты, жасөспірім шақтан бастап жиналған ата-анаға деген өкпені, жақын адамдардың ренжіткенін кешіру қиын болар. Сондықтан да психолог мамандар кешіруді өзіңізден бастаңыз дейді. Сонда басқаларды кешіру әлдеқайда жеңіл болады. Сонымен қатар өзіңізді кешіру арқылы өміріңіздегі оң өзгерістерді байқаған соң өзіңіз-ақ жылдар бойы қақ боп қатқан барлық реніштен құтылуға асығасыз.

Әрбір ренішті көңілден жуу – өмір жолыңыздағы бір кедергіні жойғанмен тең. Қалай?

Кешірімнің байлыққа, жетістікке, жалпы адамның жеке өміріне қалай әсер ететінін зерттеп, іздеп уақыт өткізбей-ақ қойыңыз. Ғалымдар зерттеп, дәлелдеп қойған. Сіз тек кешірім техникаларын орындасаңыз болғаны. Нәтижесін бір аптадан соң-ақ аңғара бастайсыз.

Біз іште жиналған реніштерден құтылуға көмектесетін бір-екі психологиялық техниканы ұсынамыз. Орындап, пайдасына көз жеткізген соң ары қарай интернеттен кешіру техникаларын өзіңіз-ақ тауып аласыз деген сенімдеміз.



«Еркін хат» техникасы

Еркін хат өзіңізбен диалог құруға, қателіктеріңізді ақтап алуға, реніштің сыртқа шығуына жәрдемдеседі.

Оңаша, тыныш бөлмеде үстел үстіне ақ парақты дайындап қойыңыз да, өзіңіз шалқаңыздан түсіп жатыңыз. Көзіңізді жұмып, бүкіл тәнді босаңсытыңыз. Бір-екі минуттай осы қалыпта жатып, ойыңызды да тыныштандырыңыз. Орныңыздан тұрып, қағазға «Мен өзімді кешіремін» деп жазыңыз. Ары қарай бірнеше А4 парағына немесе дәптерге дәл қазір не жазғыңыз кеп отыр, бәрін жаза беріңіз.

  • Мейлі, ол жеке-жеке сөз немесе сөз тіркесі болар.
  • Қысқа-қысқа ой, я болмаса оқиға, ренжіткен адам туралы, жағдай жайындағы толғаныс.
  • Мүмкін мағынасыз сөздер болар.
  • Я болмаса жай ғана «Мен өзімді кешіремін» деген сөзді қайталап жаза бергіңіз келер.
  • Немесе сурет салуды қаларсыз.

Жазыңыз. Жаза беріңіз. Ойыңыз жеңілдеген соң тоқтатыңыз. Бұл технкианы көңіл күйіңіз болмағанда, өткен шақ еске түсіп тұнжырағанда, өзіңізге қатты ренжігенде орындаңыз. Күнде орындаудың да пайдасы зор.



"Сөз" техникасы

Сөздің құдіреті ғаламат. «Тек жақсы сөз сөйле немесе үндеме», «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі», «Ешкімді қарғама» деген сияқты нақыл және тыйымдар бекерге айтылмаған. Адамның мерейін өсіретін де, сенімін өшіретін де – сөз. Жүректі қатайтатын да, тас көңілді жібітетін де – сөз екенін білерсіз.

Қарапайым мысал: Жұмысқа кешігіп келген жұмысшыңызға ашуланып ұрсып жатырсыз делік. Ол «Кешіріңізші, енді қайталанбайды» десе, ұрсарға сөз таппай қаласыз, ескертумен шектеліп кешіресіз. Ал ол өз қателігін мойындамаса немесе үндемей безірейіп тұра берсе, сіз бастық ретінде қатаң жаза қолданарыңыз белгілі. Яғни айыппұл негізінде жалақысынан ақша ұстайсыз немесе т.б. Дәл сол сияқты сіз өзіңізден өзіңіз кешірім сұрамайынша тағдыр сізге түрлі жазалау шараларын қолдана береді. Олай болса, сөздің құдіретін өзіңізді кешіру үшін пайдаланыңыз.

Кешке ұйқыға жатар алдында жуынып-шайынып, бүкіл тәнді, ойды босаңсытып, айна алдына отырыңыз. Көзіңізге тіке қарап:

  • «Мен бүгін жоспарлаған істің бәрін тындыра алмағанымды кешіремін»
  • «Мен көліктің оң жақ шетін сырып алғанымды кешіремін»
  • «Мен диетаны бұзып алғанымды кешіремін»
  • «Мен бүгін таңертең ұйқыдан кеш тұрғанымды кешіремін»
  • «Мен өзімнің әлсіздігімді кешіремін»
  • «Мен өзімді тестен аз балл жинағанымды кешіремін»
  • «Мен бүгін көңілсіз жүргенімді кешіремін»
  • «Бүгін өзіме қатысы жоқ мәселеге араласқанымды кешіремін»
  • «Мен анама айқайлағанымды кешіремін»
  • «Мен әлі бойдақ жүргенімді кешіремін»
  • «Мен дәрілерді уақытылы ішпегенімді кешіремін»...

Осылай бұрынғы және бүгінгі өзіңізге ұнамайтын іс-әрекеттеріңізді, басқара алмай жүрген кейбір әдеттеріңізді кешіруіңіз қажет.

Осы техниканы күнде орындау арқылы бір күні сіз жүрегіңіздің түкпіріндегі жан жарақаттарына жетесіз. Көп нәрсеге кедергі боп жүрген сол ұзақ жыл сақталған реніш жуылғанда, қалағаныңыздың бәрі рет-ретімен оңай орындала бастайды.

Кешіру арқылы өміріңіздің қалай өзгеретінін білсеңіз, ешкімге, болмашыға бұртиып, теріс қарап ренжи бермес едіңіз. Бұны осы екі-ақ техниканың көмегімен ұғасыз деген ойдамыз. Бүгіннен бастаңыз!

Дайындаған: Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Бақытты отбасының 10 ережесі

Ата-аналардың ең көп жасайтын қателігі