Қай кезде де демалыс орнын дұрыс таңдаудың маңызы зор.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Бірер күннен соң қыс мезгілі заңды түрде басталады. Ал, сіз суықтан шаршап, терезеден қар мен сұр аспанды емес, ақ құмды жағажайды көруді армандайсыз ба? Онда бұл арманға қол жеткізуге әбден болады. Ол үшін ақша жинап, жаңажылдық демалыстарды тиімді пайдалану қажет.
Енді «қыста қайда саяхаттаған дұрыс?» деген сауалға жауап берейік. Бұл тұрғыда адамдардың көпшілігінің ойына бірден Мысыр түседі. Сондықтан біз бұл бағытты қарастырмаймыз.
Тайланд
Қарашадан ақпанға дейін бұл елде жауын-шашын азайып, шуақты ауа-райы орнайды. Мұнда барған адам Пхукет, фи-фи, Ко Липе, Ко Ланта, Паттайя, Као Лак және Краби аралдарын таңдай алады. Бірақ Сиам шығанағының батысындағы Самуил және Фанган аралдарында қарашадан қаңтардың басына дейін жаңбырлы маусым болады.
Тайлықтардың өмірі үш қағидаға негізделген: көңілділік, жайлылық пен сұлулық. Бұлар жергілікті тұрғындардың өздерін физикалық және психикалық тұрғыдан дұрыс сақтауына мүмкіндік береді. Егер принциптердің кем дегенде біреуі бұзылса, тайлықтар барлық міндеттемелер мен күнделікті істерден бас тартуға құқылы. Мысалы, егер біреудің жұмысы іш пыстырарлық болса, келесі күні ол жұмысқа келмеуі мүмкін.
Таиландта будда күнтізбесі қолданылады, яғни біздің дәуірімізге дейінгі 543 жылдан бастап санау жүргізіледі. Себебі дәл сол кезде Будда Гаутама нирванаға барды деп есептеледі. Сондықтан Тайландта қазір 2566 жыл.
Айтпақшы, Таиландтағы аралдарда кез-келген архитектуралық ғимараттарға бір міндетті талап қолданылады: ғимараттар пальмалардан биік болмауы керек.
Судың орташа температурасы: +26-29 °C, ауаның орташа температурасы: +22-30 °C болады
Бали
Бұл Индонезия мемлекетінің құрамындағы Малай архипелагының аралы. Индонезияда экваторлық климат қалыптасқан: жыл бойы ыстық және ылғалды. Ал қарашадан наурызға дейінгі уақыт температура төмен маусым болып саналады: бұл уақытта жаңбыр жиі жауады, ал теңіз суы бұлыңғыр болады. Дегенмен, Балидегі бұл маусымнан тыс уақытта да сіз керемет уақыт өткізе аласыз: мұнда тұмса табиғат, арзан баспана, дәмді, пайдалы және арзан тамақтар бар. «Жұмақ аралы» қарапайым туристерді ғана емес, түрлі рухани және физикалық тәжірибелердің жанкүйерлерін, атап айтқанда йога әуесқойлары мен фрилансерлерді тартып тұрады.
Балиде жағажайлар алуан түрлі: қара және ақ құмды, серфингке, шомылуға, жеке өмірге және танысуға арналған. Демалудың да көптеген нұсқалары бар: егер сіз шу мен қозғалысты ұнатсаңыз, ел астанасы Денпасарды; балалармен бірге жүруді және тыныштықты қаласаңыз, Санур немесе Джимбаран курорттарын; серфингпен айналысуды жоспарласаңыз, Улувату ауданын таңдай аласыз.
Балидегі күріш алқаптарында күріштің қалай өсетінін көруге, жүздеген сарқырамалардың біріне сүңгуге, ғибадатханаға баруға, дәстүрлі Бали билерін көруге және ерекше қара құмды жағажайда жалаң аяқ жүруге болады.
Судың орташа температурасы: +27-30 °C, ауаның орташа температурасы: +26-31 °C аралығында болады.
Вьетнам
Қыста Вьетнамдағы жағажай демалысы үшін елдің оңтүстігін таңдаған дұрыс. Себебі бұл аймақ қыста құрғақ және жылы болады. Олар – Хошимин және Вунгтау қалалары, Фантхьет, Ке Га және Муйне курорттары. Елдің оңтүстігінде сіз теңіз суына шомылып қана қоймай, серфинг және кайтбордингпен де айналыса аласыз. Самал жел, жауын-шашынның болмауы және толқындар бұған ерекше ықпал етеді.
Бірақ елдің солтүстігінде қыста әлдеқайда суық, мұнда сіз жылы заттарсыз демала алмайсыз. Жылдың осы уақытында туристер мұнда жағажай демалысы үшін емес, жергілікті экзотикадан ләззат алу үшін барады.
Вьетнам әдемі жағажайларынан бөлек, таңғажайып табиғи ландшафттарымен де танымал. Олар – жабайы джунгли мен жартасты таулар, үңгірлер мен сарқырамалар және теңдесі жоқ Халонг шығанағы.
Вьетнамның солтүстігі оңтүстіктен жергілікті тұрғындардың мінез-құлқына байланысты да ерекшеленеді. Өйткені солтүстіктегілер қабағын түйіп, үнсіз жүрсе, оңтүстіктегілер күлімсіреп, ашық жарқын болып жүреді.
Мұнда тұру және демалу Таиландқа қарағанда арзанырақ. Себебі бұл ел соншалықты танымал және дамыған емес. Тіл тұрғысынан қиындықтар болуы мүмкін. Өйткені мұнда ағылшын тілін бәрі бірдей түсіне бермейді. Сондықтан сіз аудармашы арқылы сөйлесуге дайын болуыңыз керек.
Судың орташа температурасы: +19-28 °C, ал ауаның орташа температурасы: оңтүстікте +26-32 °C, солтүстікте +17-23 °C аралығында болады.
Сізге керек болуы мүмкін кеңестер:
1. Кез келген елде кедендік бақылаудан өткен кезде сізден тұрғын үйді брондау және қайту билеттерін растау сұралуы мүмкін. Сіздің қолыңызда сапардың туристік мақсаттарын растайтын барлық құжаттар болуы маңызды.
2. Елге кіру үшін қажет болмаса да, сапардың әрбір қатысушысына медициналық сақтандыруды рәсімдеңіз. Саяхатшының стандартты алғашқы көмек жинағын алуды ұмытпаңыз: шетелде қажетті дәрі-дәрмектерді тез және арзан бағада табу екіталай.
3. Жаңа елде тұрақтау үшін тамаша орынды бірден табуға асықпаңыз. Бірнеше күн қонақ үйде болған дұрыс: бұл сізге айналаңызға қарауға және ұзақ мерзімді баспананы асықпай, байыппен іске асыруға мүмкіндік береді.
4. Баспананы жергілікті сайттардан іздеңіз, себебі бұл сайттардан талғамыңызға сай келетін пәтерді табу оңайырақ болады. Оның үстіне Airbnb немесе Booking.com сияқты халықаралық порталдар қаржыңызды бірнеше еселеп қағып алуы ықтимал.
5. Көп нәрсені өзіңізбен бірге алып жүрмеңіз. Егер сіз көп уақытыңызды жағажайда өткізгіңіз келсе, бірнеше футболка мен шорты жеткілікті, ал қалғанын жергілікті жерден сатып алуға болады.
6. Жоспарланған шығындар тізіміне интернет ақысын қосуды ұмытпаңыз. Өйткені желіге кіру үшін адамдар жергілікті SIM карталарын сатып алады.
Сапарыңыз сәтті болсын!
Дайындаған: Б.Мейірханұлы,
Тағы оқыңыз:
САЯХАТ СЫРЫ: Сізді таң қалдыратын 50 дерек