Бір күнге, түнемеге барып-қайтатын демалыстан толыққанды тынығып үлгермейсіз дейді ғалымдар.
Саяхат жайлы арман әрқайсымыздың жүрегімізде өмір сүреді. Бірақ өз үйінен ұзап шығып сапарлау, әсіресе, шет елдерге шығуға бәрі бірдей мүмкіндік таба бермейді.
Саяхатта адам жаңа жерлер көреді, жаңа адамдармен танысады, білімін, дүиетаным көкжиегін кеңейтеді, жеке қасиеттерін дамытады, жан дүниесін тыныштандырады. Сонымен қатар, ғалымдар әлем бойынша саяхаттау біздің физикалық және психикалық денсаулығымызға пайдалы әсер ететінін бірнеше рет дәлелдеген.
Туризм иммунитетті көтереді
Сахатқа шыққанда әлемнің небір кереметтерін көрген миыңыз шексіз қуанышқа бөленеді. Ал иммундық жүйеңіз керісінше, үлкен соққы алып, стреске ұшырайды. Себебі ағзаңызға бөтен микроорганизмдер шабуыл жасайды. Қуанышыңыз қойныңызға сыймай, көзіңіз сұлулыққа тоймай жүргенде мұны байқамауыңыз да мүмкін. Осы сәтте сізді түрлі қауіптен қорғау үшін иммундық жүйеде жаңа антиденелер түзіліп, қорғаныс шебін құрады. Мұндай күрес иммуниетті нығайта түседі және оны бұрын белгісіз болған ауруларға төзімді етеді.
Жүрек ауруларын болдырмайды
Саяхаттау жүрек-қантамыр жүйесінде орын алатын бірқатар дерттердің туу қаупін төмендетеді. Зерттеу көрсеткендей, жыл сайын саяхатқа, демалысқа уақыт бөлетін ерлер мен әйелдердің инфарктқа және басқа да жүрек ауруларына шалдығу ықтималдығы аз. Мұның себебі демалыстың босаңсытатын әсерінен іздеу керек. Саяхаттау кезінде күнделікті күйбеңнен арылып, барынша рақаттану сезімдерін бастан кешетіндіктен, адамдар барлық стресс факторларынан бейсаналы түрде алшақтайды.
Ми жүгін жеңілдетеді
Табиғат аясына шығу қаншалықты пайдалы екендігі туралы жиі айтамыз. Әсіресе үлкен қалалардың тұрғындары үшін. Алайда, бір күнге немесе бір ғана түнемеге барып-қайтатын әдеттегі демалыстан адам толыққанды тынығып үлгермейді дейді ғалымдар. Зерттеулерге сәйкес, үш күндік демалыстан кейін ғана адам ағзасы әдеттен тыс тыныш, сау қалпына келеді екен. Жаңа жерлерде болып, онда үш күннен артық уақыт демалу адамды бақытты ететіні, депрессиядан арылтып, ішкі қобалжу деңгейін төмендететіні, миға түскен жүктемелерді жеңілдететіні ғылыми дәлелденген.
Гормондар бөлінуін жақсартады
Адам ағзасында дофамин және эндорфин сияқты гормондардың қалыпты трде өндірілуі қаншалықты маңызды екені белгілі. Ал бл гормондарды өндіру үшін денеге жаңа әсерлер, эмоциялар және тәжірибелер қажет.
Жаңа эмоциялар жанды сауықтырады
Сапар кезінде жаңа адамдармен танысасыз, күтпеген жағдайларға тап боласыз және әдеттен тыс жағдайларға түсесіз. Осылайша саяхат сіздің таным көкжиегіңізді кеңейтеді, рух пен сананы байытады. Мұның бәрі психикалық денсаулыққа пайдалы. Адамның алған тәжірибесі оның ақыл-ойын өткір етіп, когнитивтік икемділікті арттырады. Зерттеулер жиі саяхаттаудың нәтижесі тұлғалық өсу мен шығармашылық қабілеттердің дамуы екенін дәлелдеген. Сондықтан шетелге жиі саяхаттайтындар ашық және эмоционалды түрде тұрақты, жаны да, тәні де сау, тұлғалық өсуі тоқтамаған, өз қабілеттерін тани, шыңдай білген жандарға айналады.
Белсенді демалыс бұлшықеттерді шынықтырады
Жаңа елдерге бару сізді үнемі қозғалыста болуға итермелейді. Қомақты ақша төлеген соң, аз уақытта көп нәрсе көріп үлгеруге тырысасыз. Сондықтан саяхаттау физикалық белсенділікті арттыру арқылы сіздің денеңізге де пайдалы ықпалын сыйлап, бұлшықет жүйеңізге күтпеген, бірақ жағымды жаттығулар кешенін береді. Суға шомылу жайлы сөз қозғап, түсіндірудің өзі артық.
Өздігінен емдейтін табиғи санаторийлерге тап боласыз
Әлемде көптеген таңғажайып жерлер бар. Олардың кереметтігі сыртқы сұлулығында ғана емес, емдік суында, құнарлы торыпағында немесе айрықша ауасында болып жатады. Сіз өз аулаңыздан, тұрғылықты өңірден олардың баламасын да мүлде таба алмауыңыз мүмкін. Аз ғана мысал, Түркиядағы, Исландиядағы немесе Коста-Рикадағы ыстық бұлақтар ауырсынуды басады және теріні жасартады. Осындай емдік әсері бар жерлерге жолыңыз түссе, саяхаттаумен бірге, ауруханаға жатып, түрлі препараттар қабылдағаннан да жақсы ем алып қайтатыныңызға күмән болмасын.
Саяхат өмірді ұзартады
Адамзат баласы есін біліп, етегін жиғаннан бастап «Қайткенде адам өмірін ұзартуға болады?» деген сұраққа бас қатырып келеді. Өзімізге де, өзге кез келген жанға да жақсылық тілесек, бірінші қатарда міндетті түрде ұзақ өмір тұрады. Бәрі де қалайтын, тілейтін осы арманның жзеге асуына саяхат өзінің елеулі үлесін қоса алады. Себебі саяхатты, туризмді ұнататын жандардың өмір сүру салты басқаларға қарағанда сапалырақ болады.
Дайындаған: Б. ЕРМАН
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
КЕЗ КЕЛГЕН ЖАҒДАЙДА КӨМЕКТЕСЕДІ: Саяхатшылар үшін ӨТЕ ПАЙДАЛЫ бағдарламалар