Ұшар алдындағы қорқынышты ҚАЛАЙ ЖЕҢУГЕ БОЛАДЫ?

0
2 330

Тәжірибелі саяхатшылардан бірнеше кеңес.


Ұшар алдындағы қорқынышты ҚАЛАЙ ЖЕҢУГЕ БОЛАДЫ?

иллюстрациялық фотолар: ашық дереккөзден

Ұшақ салыстырмалы түрде әлемдегі ең қауіпсіз және сенімді транспорт түрлерінің бірі болса да, кей адамдар өздері білетін деректерге сеніп, бортқа көтерілуден қорқып жатады. Осылайша олардың бойында аэрофобия қалыптасып, өздеріне ғана емес, өзгелерге де кері әсерін тигізеді. Сол себепті, бүгінгі мақалада ұшар алдындағы қорқынышты қалай жеңуге және бойдағы фобиядан қалай арылуға болатынын қарастырмақпыз. Бұл тұрғыда біз тәжірибелі саяхатшылардың кеңесіне жүгіндік.


Фобия немесе жай ғана толқу

Сарапшылардың пікірінше, аэрофобияны ұшу алдындағы стандартты толқудан ажырату өте оңай. Яғни, толқып тұрсаңыз, ол сезім қозғалыс еркіндігіне әсер етпейді немесе сіздің қорқынышыңыз соншалықты қатты болмайды. Ал, фобия болса, сіз жағдайды жеткілікті түрде қабылдай алмайсыз және әрекеттеріңізге жауап бере алмайсыз. Бірінші жағдайда, сізге ойыңызды өзге жаққа бұратын маневрлер көмектеседі: сүйікті фильмдерді көру, кітап оқу, медитация, жағымды қарым-қатынас және т.б. Ал, екінші жағдайда сізге тиімдірек нәрсе қажет болады. Бір ерекшелігі, аэрофобиясы бар адамдар ұшу қауіпсіздігін және ұшақтың ішіндегі құралдардың бәрі қалай жұмыс істейтінін өте жақсы біледі екен. Бірақ, бұл оларды қиын жағдайдан әрдайым құтқара бермейді және көбіне қауіпті жағдайлар кезінде олар өзін бақылауды жоғалтып алады.


Сіз өзіңізді жеңе аласыз ба?

Тәжірибелі саяхатшылар (немесе жұмысына байланысты жиі ұшуға тура келетіндер) мұндай фобияны өз бетінше басқаруға болатынын айтады.

Сонымен ұшудан ләззат алуды қалай үйренуге болады:


- Алдымен, өзіңізді «бұл уақытша ыңғайсыздық» деген ойға сендіріңіз. Ұшақ орындығына дұрыстап жайғасып алып, бірер сағаттан кейін дітеген жерде болатыныңызға және өз ісіңізбен айналыса алатындығыңызға сенімді болыңыз. Қорқыныштың барлығын уақытша қиындықтар ретінде қабылдаңыз. Сол кезде сіз бойыңызды билеген қорқынышты жеңе аласыз және шыдамдылық пен батылдық танытқаныңыз үшін өзіңізге деген сенімділік арта түседі. Ең бастысы – экипаждың нұсқауларын орындауды ұмытпаңыз. Сонда сіздің ұшуыңыз соншалықты қорқынышты болмайды.

- Бір нәрсемен айналысыңыз. Яғни, кез келген сақұр-сұқыр дауыстан үрейленудің орнына, қандай да бір бөліктерді зерттеңіз немесе санап отырыңыз. Осылайша, уақыттың қалай тез өтіп кеткенін байқамай қаласыз. Мысалы, кейінге қалдырып келе жатқан жұмыстардың тізімін жасау, маңызды хаттардың эскизін құрау, жаңа суреттер үшін телефонның жадын босату, достарыңыз немесе кино сыншылар ұсынған фильмді көру, журнал оқу секілді әрекеттер көмектеседі.
- Тыныс алу жаттығуларын жасаңыз. Егер сіз бұрын-соңды мұндай нәрсені істеп көрмеген болсаңыз, ұшақта орындаудың пайдасы мол болады. Себебі, ұшу, әсіресе ұзақ сапар — организм үшін сынақ. Сондықтан дүрбелеңге салынып, күйзеліске түспей, жүйкеңізді қалыпты ұстаңыз. Бұл тұрғыда дәлелденген әдіс ретінде терең тыныс алу және дем шығару өте қолайлы әдіс. Қорқынышыңы сейіліп, айналаңызда болып жатқан оқиғаларды дұрыс қабылдай алғанша осылай дем алуды жалғастырыңыз. Әсерін күшейту үшін терең тыныс алу кезінде арқа бұлшықеттерін қатайтуға тырысыңыз — бұл мазасыздық сезімін азайтуға көмектеседі.
- Межелі жерге жеткеніңізді елестетіп көріңіз. Себебі, сәтті қонып, өз ісіңізбен айналысып жатқаныңызды елестетуден артық тыныштандыратын нәрсе жоқ. Мұндай психологиялық әдіс мазасыз ойлардан арылуға көмектеседі.

- Ұшақтың жұмыс принципі туралы ойланыңыз. Мысалы, турбуленттілік аймағы көптеген адамдар ойлағандай қауіп төндірмейді. Әрине, жоғарыдан құлаған жүкен «таяқ жеу» немесе ыстық сусыннан күйіп қалу жағымсыз. Бірақ, қауіпсіздік ережелерін сақтайтын және бүкіл қауіпсіздік белдігін тағынға болсаңыз, онда әуе қолайсыздықтары сізге қиындық тудырмайды. Тағы бір айта кетерлік нәрсе – «егер найзағай ұшаққа тиіп кетсе, онда салдары түзетілмейді» деген сөз жалған ақпарат. Себебі, ұшақтың қанаттары найзағайға шыдамды болып жасалған. Сонымен қатар, ұшып бара жатқанда есіктің ашылып кететініне алаңдайтындар да қателеседі.



Ал, сарапшылар не ойлайды?

Сарапшылардың пікірінше, ұшудан қорқатын жолаушылардың көпшілігі ұшу, қону және турбуленттілік аймағына кіру кезінде ғана алаңдайды. Бұл олардың ойын шиеленістіретін және үрейлендіретін «әуе шұңқырлары».


Негізі турбуленттілік үлкен мәселе емес. Себебі, бұл кеменің ауа ағындарымен соқтығысуы нәтижесінде пайда болады және ешқандай қауіп төндірмейді.


Сонымен қатар, ұшақтың экипажы алғашқы рейсіне шықпас бұрын үлкен дайындықтан өтеді. Сондықтан олар қандай да бір жағдайда не істеу керектігін жақсы біледі. Егер сіз ұшудың мейілінше ыңғайлы болуын қаласаңыз, стюардессалардың нұсқауларын орындап, арнайы табло жанған кезде қауіпсіздік белдігін тағуды ұмытпаңыз. Сонда сіз қажетсіз жарақаттардан аулақ бола аласыз және өзге жолаушыларға да зиян келтірмейсіз.


Егер сіз өзіңіздің қорқынышыңыздан өз бетіңізше құтыла алмасаңыз, онда сарапшылардың көмегіне жүгініп немесе арнайы курстар тауып, жиі ұшуға дағдылана аласыз.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Саяхатшылар Амстердамға баруға неге ҚҰМАРТАДЫ?


Еліміздегі ЕҢ ТАНЫМАЛ саяхатшыларды танисыз ба?