ШЫМКЕНТ: ҚР адам құқықтары жөніндегі уәкіл әлеуметтік оңалту орталығында болды

0
505

Орталықта 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауруы бар мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.


ШЫМКЕНТ: ҚР адам құқықтары жөніндегі уәкіл әлеуметтік оңалту орталығында болды

Бүгін ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев Шымкентке арнайы іссапары барысында аталмыш орталықты аралап, ерекше балаларға көрсетіліп жатқан әлеуметтік оңалту шараларымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Басқарма басшысының орынбасары Копжан Тұрлыбеков пен орталық директоры Камилла Ауанасова омбудсменге жалпы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында атқарылып жатқан жұмыс барысын баяндады.

Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында тірек-қимылы жүйесі бұзылған балалардың денсаулығында оң өзгерістер байқалады. Заманауи медициналық құрал-жабдықтар мен оңалту шараларының әсерінен мұнда қимыл-қозғалысы нашар балалардың денсаулығы жақсарған.

Орталықта 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауруы бар мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Жүйке-жүйелерінің ауруы салдарынан балаларда түрлі ауытқулары бар. Орталық мамандарынан әрқайсысына айрықша көңіл бөліп, жеке оңалту шараларын жүргізу талап етіледі. Білікті мамандар "нейроинфекциялары мен инсульттарының салдары", "Эпилепсия" диагноздары бойынша тірек-қимыл жүйесі бұзылған балалардың қимыл-қозғалысын оңалтуға бар күштерін жұмсауда. Емдік шаралар барысында ROBACTIV Локомотив жүйесі, Модульдік баспалдақ "STEP" түрі мен басқа да заманауи медициналық құрал-жабдықтарын қолдануда. ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі сапар барысында ерекше балалардың құқықтарының қадағалануы мен қызмет сапасына айрықша назар аударды.
-Атқарып жатқан жұмыстарыңыз орасан. Оң нәтижелерін де байқауға болады. Дегенмен, ерекше балалардың күтімі үнемі асқан мейірімділік пен шыдамдылықты талап етеді. Олардың құқықтарының бұзылмауын қадағалау басты назарда болуы қажет, - деді ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев.
Орталықта қазіргі таңда стационарлық жағдайда 124, жартылай стационарлық жағдайда 82 бала қызмет алып жатыр. Оның ішінде тұл жетім, тастанды және асыраушысынан айырылған 25 бала орталық қамқорлығында. Оларға 8 арнаулы әлеуметтік психологиялық қызмет түрлері көрсетіледі. Сонымен қатар балаларды қоғамға бейімдеуге ерекше көңіл бөлінген. Медициналық бөлімде физиоемдеу, стоматология мен емдік кабинеттер қарастырылған. Дәрігерлердің тағайындауы бойынша науқастарды емдеу үшін физиотерапиялық бағытта қызметтер көрсетіледі. Орталық директоры Камилла Ауанасованың айтуынша, келесі жылы орталықта күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, қалалық мәслихат қарауына ұсынылмақ.