Шымкентте қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазықызы жастармен кездесті.
Кездесу «Отбасы - жастар тәрбиесінің тірегі» тақырыбында TedX форматында өтті. Спикер жастарға отбасы берекесі, жас отбасыдан қалай өнегелі отбасыға айналу керек, тәрбие кілтінің тірегі бола алатын отбасының стилі туралы сөз қозғады.
Тәрбие – тек сөзбен емес, ата-ананың іс-әрекетімен, олардың өмір сүру салтымен беріледі. Баланың бойында жауапкершілік, сыйластық, еңбекқорлық пен отаншылдық қасиеттерді қалыптастыруда ата-ананың рөлі ерекше екендігіне тоқталған спикер жастардың қойған сұрақтарына тұщымды жауап беріп, түрлі мысалдар келтірді.
- Отбасы – махаббат пен қамқорлықтың ордасы. Жастар мейірім мен жылуды өз отбасынан алса, олар болашақта да мейірімді әрі саналы азамат болып өседі. Отбасы – ұлттық құндылықтардың сақтаушысы. Тіл, дәстүр, салт-сананың бәрі ата-ананың үлгісімен беріледі, - деді сөзінің соңында Оразкүл Асанғазықызы.
Жалпы жастармен кездесу өте әсерлі өтті. Кездесу барысында Оразкүл Асанғазықызы ұлттық тәрбие және жастардың болашағы жайлы терең ойларымен бөлісті. Жастарға отбасын құрметтеудің маңыздылығын түсіндіріп, өмірлік тәжірибесін айтты.