Кодекс әлеуметтік қызметтер порталының мүмкіндіктерін арттыруда.
Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қажетті құралдар мен қызметтерге қол жетімдігі мен сапасын арттыру мақсатында қолданысқа енгізілген әлеуметтік қызметтер порталы өз нәтижесін беруде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қалада 40 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тіркелген болса, жыл басынан бері олардан порталға 30 мыңға жуық өтінім түскен.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Азаматтар арнайы портал арқылы протездік-ортопедиялық көмек құралдарына, сурдотехникалық, тифлотехникалық,
гигиеналық құралдарға, мүгедектерге арналған қол арба мен жеке көмекші, ымдау тілі мамандарының қызметіне, шипажай орындарына емделу үшін жолдамаға өтініштер бере алады.
Елімізде 1 шілдеден бастап күшіне енген Әлеуметтік кодекс әлеуметтік қызметтер порталының мүмкіндігін арттыра түседі. Қолданба арқылы мүгедектектігі бар адамдар тауарлар мен қызметтердің сапасы мен уақтылы жеткізілмегеніне шағым беруге құқылы. Портал бойынша шешім қабылдайтын жергілікті комиссия өкілеттігіне өтінімді қарастыру, өнім берушіге сапасыз тауарды немесе қызметті көрсеткені үшін өтінімді жолдап, бақылауда ұстау, порталға кіруге шек қою және жосықсыз қатысушылар тізіміне енгізу құқығы беріледі.
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасында мүгедектігі бар азаматтарға өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштамасы ұйымдастырылған. Әлеуметтік қызметкерлер қызмет түрлерін қажеттілікке орай шалғай шағынаудандарға арнайы қатынап та көрсетуде.
Ақпарат үшін айта кетсек, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде Әлеуметтік қызметтер порталын 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосты.
Әлеуметтік қызметтер порталы әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесінің бір бөлігі және мүгедектігі бар адамдарға тікелей жеткізушілерден оңалту құралдары мен қызметтерін дербес сатып алу мүмкіндігін беретін автоматтандырылған жүйе болып табылады.
Портал 6-дан (инватакси қызметтерінен басқа) 5-үдерісті цифрлауды көздейді, бұл:
- арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету;
- техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету;
- ымдау тілі маманының қызметтерін көрсету;
- жеке көмекшінің қызметін көрсету;
- санаторий-курорттық емдеу қызметтерін көрсету.