Шымкентте коммуналдық қызмет тарифтерінің деңгейі тұрақты

0
710

Тариф белгілеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін 5 жария тыңдау, 3 өңірлік комиссия отырысы ұйымдастырылған.


Шымкентте коммуналдық қызмет тарифтерінің деңгейі тұрақты

Шымкент қаласында коммуналдық қызмет тарифтерінің деңгейі тұрақты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Дархан Қайыңбердиев 2023 жылдың бірінші жарты жылдығында атқарылған жұмыстар және «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының орындалуы туралы өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.

Департамент басшысының айтуынша, Шымкент қаласында коммуналдық қызмет тарифтерінің деңгейі тұрақты. 2018 жылдан бастап департамент тарапынан реттелетін жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау, су бұру, газбен жабдықтау салаларындағы коммуналдық қызметтерге тарифтер ұлғайған жоқ, керісінше төмендеген.
Қазіргі таңда газбен жабдықтау тарифі 1 текше метріне 32,64 теңге (5,3 пайыз), жылу бағасы 1 шаршы метрге 119,65 теңге (16 пайыз), су және кәріз 1 текше метрге 135,3 теңгеге (1,24 пайыз) дейін төмендетілді. 2023 жылдың 6 айында тарифті бекітуге – 26, инвестициялық бағдарламаларды бекітуге – 11 өтінім қаралды. Табиғи монополия субъектілерінің 2022 жылғы тарифтік смета мен инвест бағдарламалардың орындалу есептеріне талдау жүргізілуде. Жалпы тұтынушылардың арызы негізінде департаментпен жоспардан тыс 9 тексеру жүргізілсе, оның ішінде 8 тексеру бойынша құқық бұзушылықтар анықталды, – деді Дархан Әбілқасымұлы.
Тариф белгілеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін 5 жария тыңдау, 3 өңірлік комиссия отырысы ұйымдастырылған. Сонымен қатар, 5 негізгі ірі табиғи монополия субъектісі инвест бағдарламаларын өз деңгейінде орындауда. Қазіргі таңда департамент тарапынан мемлекеттік қызметтер көрсету, табиғи монополия субъектілері өтінімдері мен есептері, арыздар электронды түрде көрсетілуде.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15 пайызға азайтуға тапсырма берген болатын. Тариф бағасы инфрақұрылымға қаржы салғаны және ашықтықты қамтамасыз етудің мемлекеттік мониторингі жүйесіне қатысқаны үшін беріледі. Қазіргі таңда Шымкент қаласында инженерлік желілердің тозуы орта есепен 55 пайызды құрайды. Департамент басшысы 2029 жылға дейін бұл көрсеткішті 15 пайызға төмендету қарастырылып жатқанын мәлімдеді.