"Астана" Чемпиондар лигасымен қош айтысты

0
886

Румынияның ЧФР командасын өз алаңында ұтқанмен, қарымта ойында қарсылық таныта алмады.


ERNUR.KZ. "Астана" футбол клубы Чемпиондар лигасын ерте аяқтады. Румынияның ЧФР командасын өз алаңында ұтқанмен, қарымта ойында қарсылық таныта алмады, деп жазады vesti.kz.

Екі команда арасындағы қарымта ойын Клуж-Напока қаласында өтті. Жасыл алаңдағы кездесуде бірінші болып Роман Мұртазаев гол соғып, елордалық команданы алға шығарған. Алайда алаң иелері көп уақыт созбай, есепті теңестіріп кетті. Билель Омрани баспен бағыттаған доп Ненад Эрич қорғаған қақпада тулады.

26 минутта Евгений Постниковтың аяғына тиген доп екінші рет "Астана" қақпасына енді. Бұл тұста да Ненад Эрич командасын голдан құтқарып қала алмады.

ЧФР Клуж ойындағы жеңіс голын 73 минутта соқты. Билель Омрани дубль жасап, командасын екінші іріктеу кезеңіне алып шықты.



Екі ойын қорытындысы бойынша 3:2 есебімен жеңіске жеткен румындық команда екінші кезеңде Израильдің "Маккаби тель-Авив" командасымен кездеседі. Ал "Астана" еурокубок ойындарын Еуропа лигасында жалғастырады. Андорраның "Санта-Колома" клубымен ойнайды. Бірінші ойын 25 шілде күні Андоррада өтсе, қарымта кездесу араға бір апта сала Нұр-Сұлтанда болады.