Аралас командалық сында еліміздің бірінші құрамасы күміс жүлдегер атанды.
ERNUR.KZ. Ресейдің Кемерево қаласында өтіп жатқан қысқы спорт түрлерінен ІІ "Азия балалары" ойындарында Қазақстан құрамасы 11 медаль жеңіп алды, деп жазады ҚазАқпарат.
Аралас командалық сында еліміздің бірінші құрамасы күміс жүлдегер атанды. Илья Мизерных пен Софья Шишкина жұбы 438,8 ұпай жинады. Ал сапында Илья Шильников пен Алена Свириденко бар Қазақстанның 2-құрамасы 434,1 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді. Бұл сайыста Кузбасс аймағының құрамасы топ жарды.
Осымен йАзия балаларый ойындарында шаңғымен тұғырдан секіру спортынан жарыс аяқталды. Жекелей сында Илья Мизерных алтын, Илья Шильников күміс, Софья Шишкина қола медальге қол жеткізген.
Шорт-трекшілер арасында мың метрге жарыста Мейіржан Төлеген чемпион атанса, Мадияр Мадихов қолаға қол жеткізді. Тағы осы финалда өнер көрсеткен Əліби Əлімгереев пен Ерасыл Шыңғысхан 4-ші жəне 5-орыннан көрінді.
Айта кетері, осыған дейін шорт-трекшілер 4 жүлде жеңіп алған. Алғашқы күні 1500 метрде Мейіржан Төлеген күміс, Малика Жолтабар қола жүлдегер атанды. Ал кеше 3 шақырым эстафетада ұлдар құрамасы мəреге 2-ші, қыздар 3-болып келген.
Шорт-тректен Ұлттық құраманың бас бапкері Данабек Хайров шəкірттерінің нəтижесін жақсы деп бағалайды.
"Соңғы күні алтын медаль алуға барымызды салдық. Бізге жетпей тұрғаны сол ғана еді. Жалпы еншімізде 6 жүлде бар. Меніңше, барлық спортшы жақсы өнер көрсетті. Əрқайсы кем дегенде елге бір жүлдемен оралады. 2019 жылғы алғашқы ойындарда бір алтын, бір күміске ие болғанбыз. Осы жолы сол көрсеткішті жақсартқанымызға қуаныштымын", - деді Данабек Хайров Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Жалпы жарыс басталғалы 4 күнде қазақстандық балалар 11 медаль жеңіп алды.
Айта кетері, "Азия балалары" халықаралық қысқы ойындары осымен екінші рет ұйымдастырылып тұр. 16 жасқа дейінгі балалар қатысатын байрақты бәсекенің ресми ашылуы 25 ақпанда болды, жарыс 5 наурызға дейін жалғасады.