Құлыбаев кетті: Геннадий Головкин Ұлттық олимпиада комитетін басқаратын болды

0
844

2015 жылдан бері бұл қызметті Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, олигарх Тимур Құлыбаев атқарып келген.


Құлыбаев кетті: Геннадий Головкин Ұлттық олимпиада комитетін басқаратын болды

ERNUR.KZ. Геннадий Головкин Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитетінің (ҰОК) президенті болып сайланды, деп жазады stan.kz.

2015 жылдан бері бұл қызметті Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, олигарх Тимур Құлыбаев атқарып келген. Басшылықтағы ауыс-түйіс комитетке қатысты сыни пікірлерден кейін орын алды.

Оның кандидатурасына Қазақстан Республикасы ҰОК кезектен тыс жалпы ассамблеясының отырысында дауыс берген.

ҰОК соңғы кездері жұртшылықтың сынының нысанасына айналған еді. Қаңтар айында мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Олимпиададағы төмен нәтижелерді Ұлттық Олимпиада комитетін (ҰОК) басқаруға – кәсіпкер Тимур Құлыбаевтың келуімен байланыстырған.

Құлыбаевтың ірі кәсіпкер екеніне тоқталған депутат “елдің мұнайын сатып қалтасын толтыруды ойлаған ол спортты қайтсін” деген.

Айта кетейік, Геннадий Головкин 1983 жылы Қарағандыда дүниеге келген. Орта және екінші орта салмақ дәрежесінде өнер көрсететін кәсіпқой боксшы. Әуесқойлар санатында Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері (2004), әлем чемпионы (2003). Кәсіпқойлар арасында ол IBF, WBA және IBO нұсқалары бойынша екі дүркін әлем чемпионы атанған.

Бұған дейін Ұлттық олимпиада комитетінің президенттігіне боксшы Геннадий Головкиннің кандидатурасы ұсынылғаны хабарланған.