«Әндерімді атыраулық қызға арнадым»: Танымал әнші Kalifarniya-мен сұхбат

0
3 914

Көпшілікке Kalifarniya атымен танылған жас әнші Фархат Калиевтің әндері хитке айналып жүр. Әнші репертуарындағы туындылардың сөзін де, әнін де өзі жазады. Kalifarniya шығармашылығы, музасы, отбасы туралы ernur.kz сайтына сұхбат берді.


«Әндерімді атыраулық қызға арнадым»: Танымал әнші Kalifarniya-мен сұхбат

Фархат, ән айту, киіну стиліңіз ерекше. Осы деңгейге қалай жеттіңіз?

Рахмет! Өнерде әр адамның өзіндік ерекшелігі болуы керек. Осы стильге келуіме ізденісім әсер етті. Кішкентай кезімнен сахнада, тойда жүрдім. Музыкалық мектептің дәстүрлі ән мен вокал бөлімін оқып шықтым. Соның әсерінен болар, музыкаға деген махаббатым осы өнерге алып келді. Нәтижесінде, өзімнің жолымды қалыптастыруды қаладым.

Білуімізше, музыкалық мектептен кейінгі жоғары біліміңіз жоқ. Бұл белгілі бір деңгейде өнердің ортасында жүруге әсер етпеді ме?

Жоқ. Жалпы жоғары білімім болмағандықтан көшеден келген әртістердің қатарына жатамын. Алайда, еңбек, ізденіс бәрінен жоғары. Өнер адамы үнемі ізденісте болуы керек. Алматы потенциалымды ашты. Қазір Аллаға шүкір, командада 10-нан астам адам бар.

Әндеріңіздің сөзін де, әнін де өзіңіз жазасыз. Қайырмасы мен әуеніне қатты мән бересіз. Жалпы ән шығарғанда өз-өзіңізге қандай талап қоясыз?

Иа, дұрыс айтасыз. Ән шығарғанда қайырмасының есте қаларлықтай болуына мән беремін. Себебі шумақ жүректен шықса да, тыңдарманға әсер етпеуі мүмкін. Ал қайырмасы міндетті түрде баурап алуы тиіс. Сол арқылы тыңдарман есінде қалады. Бірақ мәтінге міндетті түрде мән беремін. Мәтінде өлімге итеретін мәндегі сөздер болмауын қадағалаймын. Бұл – үлкен жауапкершілік.

Әндеріңнің көбісі мұңға, лирикаға толы. Басыңнан осындай оқиғалар өтті ме?

Иә, сондай махаббат оқиғалары өткен соң сондай мәтіндегі әндер жазылады ғой. Жалпы, әндерімнің шығу тарихы әртүрлі. «Роза», «Доза», «Қар» үшеуі де атыраулық актриса қызға арналды. Сол қызға ғашық болып, Атырауға барған кезде Жайықтың жағасында жүріп туындаған әндер еді. Ол кезде жарияламадым. 8 айдан соң ғана жарыққа шықты. Бұл әндерді арнаған қыз өзі біледі. Қазір сөйлеспейміз. Бірақ әр әндегі жазылған мағынаны ол өзі түсініп отырады.

Кейін араласуың мүмкін бе?

Оны уақыт көрсетеді.

Сүйікті әншілеріңіз кім? Қай әншімен бірге ән жазу ойда бар?

Қайрат Нұртас, Төреғали, Еркін Нұржанов, Айгүл Елшібаева, Өмірқұл Айниязовты бала кезден тыңдап өстім. Қазір сол аға-әпкелеріммен бір сахнада жүргеніме қуанамын. Алайда, әркімнің жолы басқаша. Бірге ән жазбасақ та, болашақта әндерін, термелерді концертімде басқаша форматта айтқым келеді.



Тойға шығасың ба?

Тойға бармаймын деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Бірақ, биыл бір тойға ғана бардым. Неге аз деп сұрасаңыз, халық «Калифарния тойда ән айтпайды» деп қабылдады.

Қазір продюсерің бар ма?

Жоқ.

Tik-Tok-та «жеке өмірім туралы өтірік айттым» деп видео жариялаған едің. Осы рас па?

Иә, бір концертте «отбасым, қызым бар» деп пранк жасаған болатынбыз. Сеніп қалған оқырмандарымнан кешірім сұраймын. Негізі үйленбегенмін, әйелім де, балам да жоқ.

Ал сүйіктіңіз бар ма?

Жоқ. Негізі махаббат әншіге басқаша әсер етеді. Мысалы, махаббатқа беріліп кеткен кезде шығармашылықты ұмытып кетуіміз мүмкін. Бәрін қалыпта ұстаймын деген сәл қисынға келмейді. Себебі, шығармашыл адамдар қияли ғой. Ал миыңның бәрін махаббат жаулап алса, өнерді кім ойлайды?

Қыздар сезімін білдірген кез болды ма?

Иә, оларға бұның бәрін түсіндіремін. Шығармашыл адам екенімді айтамын. Тек дос ретінде сөйлесуге тырысамын. Жауаптарына түрлі сылтау, жұмыстарымның көптігін алға тартып, арадағы қарым-қатынасты алшақтатуға тырысамын.

Хейтерлерге қалай жауап бересіз?

Хейттерге көп жауап бермеймін. Оны көңілге алып, жауап беретін уақыт болмайды.

Отбасың туралы айтып берсең.

Ата-анам Алматыда тұрады. Ағам бар. Әкем бұрын жүк тасыды, анам ыдыс жуушы болды. Қазір Аллаға шүкір, әкемнің өзінің хоббиі бар. Анам үйде. Өзіміз асырайтын уақыт келді. Екеуі де демалуы керек деп ойлаймын

Алдағы жоспарыңыз қандай?

Қазір альбом жазып жатырмын. Келесі жылы қалаларды аралап, тур жасағым келеді. Жалпы менің үлкен арманым – әлемдік сахнаға кіріп, әлемді мойындату. Ол үшін белгілі бір төртбұрышта тұрып қалмау керек. Төртбұрыштан шықсаң ғана таңғалдыра аласың. Одан кейін киноға түскім келеді. Бұл үшін біраз уақыт керек.