«Арманы жоқ актрисамын»: Белгілі актриса Назгүл Қарабалинамен сыр-сұхбат

0
2 449

«20 шақты басты рөлде ойнаппын»


«Арманы жоқ актрисамын»: Белгілі актриса Назгүл Қарабалинамен сыр-сұхбат

Әншінің таспада үні қалады. Суретшінің бояуы қалады. Жазушының кітаптары қалады. Ал артист ойыны өз сәтінде, көбінше көрермен көкейінде қалуымен ғана құнды. М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының белді актрисаларының бірі Назгүл Қарабалинаның рөлдері көрермен көкейінде қалып қояды.

Ұлттық театр еліміздің үшінші мегаполисі Шымкент қаласына гастрольдік сапармен келгенде, 27 қыркүйек өзінің туған күнінде «Туған күн» моноспектакліндегі жетім қыздың тағдырын 1 сағат бойы шеберлікпен алып шықты. Ал мұндай қойылым көп жылдық тәжірибені қажет етеді. Жалпы Назгүл Әдиетқызының театр сахнасында өмір сүріп келе жатқанына 22 жыл. Оның театрда сомдаған кейіпкерлерін санап, санынан жаңылысуымыз мүмкін. Ал кинода «Дүние жарық», «Құрақ көрпе», «Үйректің жүрегі», «Махамбет», «Ауылым – әнім» фильмдерінде, «Періште» телесериалында және ресейлік «Мангазияға жол» фильмінде рөлдер сомдады.


– Шекспир заманынан шешілмей келе жатқан өнердің сан алуан жұмбақ шежірелерін жинақтаған театр сахнасында өмір сүріп жүргеніңізге 20 жылдан асты. Алғашқы роль, алғашқы қадам...Алғашқы соқпақты еске түсіріңізші.

– Театр әлемінде өмір сүріп жатқаныма 22 жыл болды. Өнер академиясында оқыған жылдарымды қоссам, жалпы 26 жылға толыпты. Менің бақытым да, барым да, бағым да Әуезов театры. Сол жерде қызмет ету бағы менің басыма қонды. Театрдың табалдырығын аттағанда маған берілген ең алғашқы роль ол Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы» атты спектакліндегі Оксананың рөлін кіші залда ойнап шықтым. Ал үлкен залдағы рөлім Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббатындағы» Бәтестің рөлі. Екі роль да мен үшін ерекше құнды. Себебі, бұл спектакльдер театр сахнасындағы алғашқы тәй-тәйім. Қиындығы да, соқпағы да болды. Бірақ, ол екі роль менің жүрегімде мәңгілік сақталады.


"Ымырттағы махаббат" қойылымында Инкеннің рөлінде



– Сәттілік, сәтсіздік өнерге тән нәрсе. Театрдағы сәттілігіңіз бен сәтсіздігіңізді айтып бере аласыз ба?

– Жалпы, жаңа айтқанымдай, Әуезов театрында жұмыс істеудің өзі сәттілік. Оның ішінде «Актер үшін рөлі сәтті шықса, сәттілік, сәтсіз шықса сәтсіздік» дегенмен ғана өлшенбейді. Әлбетте, рөлдерді шығару барысында сәтсіздіктер болмады деп айта алмаймын. Сәтсіз шыққан рөлдерім де болды. Оның сәтсіз шыққанын біліп, ол рөлден бас тартқан кездерім де болды. Себебі мен өз-өзіме қатаң сыни көзқарастағы адаммын. Әлі күнге өзімді сұмдық мықты актрисамын, шоқтығы биік рөлім мынау деп айта алмаймын. Әлі де өзім риза болатындай деңгейде шыққан рөлім бар ма, жоқ па, оған нақты жауап бере алмаймын. Себебі, мен үнемі ізденіс үстіндемін. Көбінесе өзімді тоқмейілсітпеймін. Бір жағынан, ол тіптен жақсы қасиет деп есептемеймін. Өйткені, қанағат деген болуы керек. Бірақ, әлі де мен іздеп, таппаған деңгей бар сияқты сезіледі. Бәлкім, бұл өзімді жоғары бағалауымнан болар. Алайда, актриса ретінде 100 пайыз болдым, толдым, осымен тоқтатса болады деп айта алмаймын.


– Осы күнге дейін қанша рольді алып шықтыңыз?

– Ой, оны қазір бірден айта алмаймын. Қазір басты рольдердің ғана есебін айтайын. 20 шақты басты рөлде ойнаппын. Жалпысының нақты санын есептеп көрмеппін. Мен арманы жоқ актрисамын. Неге десеңіз, орыс, шетел, өзіміздің қазақ классикасы болсын, көбіне классикалардың біразын ойнадым.


– «Актер жанын түсіну де – азап. Шығармашылық адамының әлемтапырық жан-дүниесін қаз-қалпында бұлтартпас ұстау нағыз қиямет-қайымның өзі. Зіл батпан шығармашылық азаптарын арқалай жүріп, қат-қабат армандармен алысып, айқасып өткен артист мұңының, өнерпаз күйзелісінің өзі керемет шаттыққа бергісіз өзгеше әлем». Әшағаңның сөзі. Сіз осы азаппен қалай күресесіз? Бәрін арқалап жүру қиын емес пе?

– Мен жақында ғана Димаш Құдайбергеннің достарымен кездесуін ұйымдастырған болатынмын. Димаш жас та болса ақыл тоқтатқан мықты өнерпаз ғой. Оның бір сөзі керемет ұнады. «Актер, артистің мамандығы өте қиын. Иә. Бірақ, бізден де күрделі, бізден де қиын мамандықтар бар. Ол – ұстаздар, дәрігерлер, шахтерлер, т.б.» Мен де ылғи солай айтамын. Шаршадым, еңбектендім, қиналдым, өмір қиын деген сәтте, шыны керек, шахтерлерді есіме аламын. Нағыз күш, салмақ солардың мойнында ғой. Жердің астына түсіп пәлен сағат жүру деген өте ауыр. Сондықтан шығармашылық адамдарының атынан шахтерлерге басымды иіп, тағзым етемін. Иә, роль шығарған кезде кішкене қиындықтар болады. Сахнаға жақсы көңіл-күйде шығу керек рольдер болады. Оның барлығын жасаймыз. Бірақ, ол соншалықты рахаты, ләззаты қатар жүретін қиындық қой. Сондықтан, оны қиындық, ауыртпалық деп қабылдамаймын.


– «Фариза» спектакліндегі басты рөліңіз бар. Одан соң «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін» фильміне продюсерлік еттіңіз. Бүгінгінің Мұқағалиы мен Фаризасы бар ма? Бар болса, олар қайда?

– Менің түсінігімде бұл өте күрделі сауал. Жалпы өнерде тұлғалық бәсеңдеп тұр. Оған себеп, мүмкін, мемлекетіміздің жетіліп кеткені шығар. Кеңестер одағының құрамында болғанымызда тұрмыстық, әлеуметтік проблемалар көп болды. Әр қазақ өзінің даусын шығарып, елінің проблемасын жеткізгісі келді. Бүгінгі таңда, Аллаға шүкір, егемен елміз. Былайша айтқанда, анау айтқан ғаламдық проблемалар кемшін. Барлығы дерлік мемлекетішілік мәселелер. Роза Бағланова апамыз өз заманында биік мінберлерде тұрып, туған жеріндегі сұмдықты шырылдап жеткізген еді. Ол мінберден солай ұлттың сөзін сөйлеуге мәжбүр болды.

Жалпы, тәуелсіздікке не жетсін?! Егемен елдің үні мен бодан елдің үні екі басқа ғой. Сондай қиындықтар сол кездегі тұлғаларымыздың жан даусын шығаруына түрткі болды деп ойлаймын. Бүгінгі таңда әлеуметтік желілердің пайдасынан зияны көп. Өз басым желіде өмір сүрмеуге тырысамын. Тек қана театрым үшін ғана қолданамын. Мәселен, бүгін менің туған күнім. Еш жерге жариялап, салып жатқан жоқпын. Өйткені, ол – менің жеке әлемім, жеке шекарам. Ол жерде көп адамның тапырлап жүргенін онша қаламаймын. Жалпы өзім көпшілікті онша ұнатпаймын. Жалғыз өзім, қасымда табиғатымыз сәйкес келетін адамдар ғана бар. Сол үшін құнды. Әлеуметтік желілер міне тұлға болады-ау деген адамдарды жеп құртады. Себебі, адам отыра қалып оған пікір жазады. Тұлға ретінде кезінде Фариза, Мұқағалилар сөз сөйлеген, сөзге тоқтаған. Ал қазір біреу шықса, «Ей, мал» деген сияқты өте таяз, тобырлық түсініктегі пікір қалдырып кетеді. Мен жалпы қазақ елін тобыр деп ешқашан айтпаймын. Мен – қазақпын, ұлтымды мақтан етемін. Бірақ, соның ішінде «бір құмалақ бір қарын майды құртып» жататыны өкінішті. Сондықтан да шығар, тұлғалық бәсеңдеп тұр. Иә, ақын-жазушы, өнерпаздарымыз баршылық. Тап Мұқағали мен Фаризаны мынау деп айта алмаймын. Менің түсінігімде ондай адамдар жоқ. Бәлкім, мен оқымай, байқамай жүрген шығармын.



– «Фариза» спектаклі репертуарға енген бе?

– Бұл қойылымның продсері Айнұр Көпбасарованың «А+» деген компаниясы. Бұл сол кісінің жеке қойылымы, мен тек шақыртылған актрисамын. Қай жерге кел десе, сол жерге барып ойнап беремін.


– «Мұқағали» фильмінде мистикалық жағдайлар орын алды дегенді туындының сценаристі Қанат Рамазанның жазбасынан оқып едік. Қалай түсірілді?

– Мұқағали – тегін адам емес. Оны бәріміз білеміз. Қайталаудың қажеті жоқ. Ол мінезді, өзінің азаматтық позициясы бар адам. Қазір азаматтық позициясын білдіре алатындардың шегіншектеп тұрған заманы.

Иә, түсірілім барысында кішкене қиындықтар кездесті. Бірақ, керек жерін Құдай өзі реттеп, жеңілдігін берген сәттер де болды. Мәселен, біздер 4-5 күндік съемканы Қарасазға барып, қалғанын қалада түсірдік. Сонда Тұздыбастау ауылының тұрғындары: «Ой, біздің ауылда жаңбыр басталады. Жаздың күнінде осы уақытта жаңбыр түгілі сел ағады. Адамдар көбінесе түсіре алмай кетіп қалады» деп айтқан. «Жарайды енді, не болса да көрейік!» деп қалдық. Ауа-райы болжамын қараймыз, «100% жаңбыр» деп көрсетеді. Продюсер ретінде менде қаншама шаруаның быт-шыты шыққалы тұр. Қаншама адам күтіп жатыр, оның бәрін ас-ауқатпен, төсек-орынмен қамтамасыз ету керек. Техника бар. «Қалай болады?» деп қатты уайымдадым. Бірақ, бес күн бойы аспан ашық болды да, біз ауылдан шығып кеткенде ауылдағылар қоңырау шалып «Жаңбыр басталды» деп айтты. Бұл – құдырет. Ол кісінің болмысы.

Тағы бір қызықты айтайын. Қарасазға түсірілімге барған күні жергілікті тұрғындардың әңгімесін естіп, абдырап қалдық. Сонда мен Мұқаңның әруағымен тілдестім.


–Мұқағали ата, ақыры сен ана жақта Құдайға бір табан болса да жақынсың ғой. Құр босқа не істеп жатсың? Сен ауа-райын ретте. Біз де аман-есен түсірейік. Сені түсіріп жатырмыз ғой, - деп ұйқыға кетер алдында ойланып жатқанмын.

Шынымен реттеп берді. Ондай сәттер көп болды. Мәселен, кеше «Мағжанды» түсіріп келдік. Ол бір ерекше ләззат. Тарихи дүниені түсіру қиын. Заманауи дүниелерде рахат, келдің де актерді отырғыздың, камераңмен түсіре бересің. Тарихи картиналарда ананы ал, мынаны қос, әне жерін жөнде, мына жерін жап деп әуре боласың. Бірақ, Мағжан атамызда да, Мұқағали атамызда да әруақ қолдады. Қазақ қашанда әруаққа сенетін халықпыз ғой.


– «Мағжан» фильмі жарыққа қашан шығады?

– Жуырда шығады. Дайындықтың өзі 6-7 ай жүрді. 1 ай Петропавл қаласында, Қызылжарда түсірдік. Өзінің туған жері, сабақ берген колледжінде, өзінің тұрған үйінде, туған ауылында, жүрген жерінде, демалған ауасымен арнайы барып сол жерде түсірдік. Петропавл қаласының әкімдігі, мәдениет бөлімі, С.Мұқанов атындағы қазақ драма театрының директоры Біржан Жалғасбаев үлкен көмек көрсетті. Солардың арқасында Мағжан атамыз туралы бір туынды дайын болып қалды, құдай қаласа. «Қазақстан» ұлттық арнасының тапсырысымен түсірілген фильм. Нақты қашан көрсетілетінін білмеймін.


– Мағжан атамыздың өмірі мен шығармашылығына қатысты қандай да бір тың деректер табылды ма?

– Жалпы менің түсінігімде Мағжан атамыз туралы қай дерек болса да қазір қазақ үшін тың, себебі, олар туралы әңгіме енді қозғалып жатыр. Сіз оны жақсы білесіз. Мектеп бағдарламасына «Мен жастарға сенемін» деген өлеңі ғана енген. Кезінде түрлі тарихи себептерге байланысты нақты көптеген деректерін айтуға болмайтын болды. Мағжанды бізден гөрі сіздер және сіздерден кейінгілер білуі керек. Қазіргі жастар көп сөзден гөрі әрекетті қабылдайды. Оларға сезім туралы оқиғалар қызықты. Сол арқылы Мағжанның әлеміне кіргізуге тырыстық. Ол кісі туралы түсіріліп жатқан тұңғыш фильм. Сондықтан, көбіне лирикалық жағына басымдық бердік. Бұл жолғы мақсатымыз Мағжанмен таныстыру. Кейіндеу түсірген кезде партиядағы жұмысы, қоғамдық өмірі тереңірек қамтылатын шығар. Біздер тек түрмеге айдалуға кеткен жеріне, ақын болып қалыптасуы, махаббаты, шығармашылығы, өлеңдеріне тоқталдық. Айдалып кеткен тұстарын алмадық. Өйткені, ол өте күрделі кезең. Бөлек ізденісті, басқа бюджетті талап етеді. Сондықтан әзірге 6 жылдық өмірін ғана қамтыдық. Мағжан атамыздай үлкен қайраткердің өмірін 4 серияға сыйғызу мүмкін емес.


– Жаңашыл режиссер, театр теоретигі марқұм Г.А.Товстогонов: «Қиялы садақтың оғындай зуылдап тұрмаған актер – мешеу актер. Сахнада сөйлеп тұрғанда, қас-қабағыңмен екінші бір нәрсені танытып, қол-аяғымен үшінші бір нәрсені аңғартып тұрмаған актер дәуір жылдамдығына ілесе алмайды. Таңертең тапқан жаңа детальдарың кешкісін ескіріп қалатын сәттері біздің заманымызда жиі кездеседі» - деген сөзі бар. «Инемен құдық қазғанға» пара-пар актер жұмысы қазіргі таңда қалай дамуға тиіс?

– Вахтангов театрында мен бірге жұмыс істеген мықты режиссер бар. Былтыр ғана «Соғыс және бейбітшілікті» сахналады. Кемеңгер режиссер, мықты қойылым. Соның: «Театр – это актер. А театра никогда не загромаждайте грязью, LED-ами, вот этими дождями, спецэффектами, оставьте актера в покое, пусть он творит на сцене» деген сөзі ойыма оралады. Сол айтпақшы театрда актерге заманға сай қадам басу міндетті емес. Театрға ұшатын, қонатын арнайы эффектілердің, технологиялық жаңалықтарды енгізудің қажеті жоқ. Актердің іші толы болса, оның әр кейіпкерінің, тіпті, әр пьеса, қойылымның азаматтық позициясы болады. Соны нақты алып шығып, шынайы өмір сүрсе, көрерменге энергиясын бере алса, көрермені оны қабылдаса болды. Ешнәрсе енгізбеу керек, менің түсінігімде. Театр өз қалпында қалуы керек. Сонысымен де ол театр. Кешегі Шекспирдан бастап бүгінге дейін соны алып келе жатырмыз. Иә, ұшырып, қондырып көрдік. Бірақ, ол басқа жанр. Мюзикл. Таза драма театрының оны қозғауға, шұқып, табиғи қалпын бұзуға болмайды. Таяуда бір спектакльге орны келгеннен кейін су шашатын, топырақ салатын эффект қостық. Бірақ, жалпы болмысын бұзуға өз басым қарсымын. Мен үшін көріністі көрсеткеннен адамның ішкі қабылдауы қымбатырақ. Адам спецэффектілердің артында қалып қалмауы керек.

"Сыған серенадасында" Изольда рөлінде


– «Туған күн» моноспектаклін бір өзіңіз алып шығасыз. Бір адамға жүгі ауыр емес пе?

– Моноспектакль ойнауға әр актер бара бермейді. Себебі, ол үлкен тәуекел. Үлкен тәжірибені қажет етеді. Жас актер де де суырылып «ойнаймын» деп шығуы мүмкін. Бірақ, ол үшін көп жылдық тәжірибе қажет. Әуелі классиктерді, сосын заманауи спектакльдерді ойнап, партнеріңді сезіп, режиссерді танып, сахнада қайғырып, құлап, тұру керексің. Соның бәрінен өткеннен кейін ғана моноға келуге құқығың бар. Қазіргі жастардың алды-артына қарамай салып кететіні бар. Алайда, қалай асығыс барса, солай қайтып келеді. Иә, қиын. Менің спектаклім 1 сағат жүреді. Менің реквизитім, декорациям бір орындық қана. Жетім қыздың тағдыры. Көрермен түсінбей қалып жататын сәттер де болады. Одан да түсініктірек болсын деп қосымша сөздермен толықтырып отырамын. Толықтыруды өзім қаламасам да, кейде көрермен мұқият қарамайды да, «Анау қайдан шыққан?», «Анау анасы ма?», «Мынау баласы ма?» деп шатасып жатады. Өз ойымда бәрі түсінікті сияқты. Сол үшін сөзбен тәптіштеп айтқан да сәттерім бар. Тағы да қайталап айтамын, қиын, бірақ, рахат. Актер мамандығының қиындығымен қатар ләззаты мен рахаты күтіп тұрады.


– «Таптаурындық» сырқатына шалдықпау үшін қандай қадамдарға барасыз?

– Ізденіс. Штампқа түспейтін актер жоқ. Ол болуы мүмкін емес. Әркімнің өзіндік болмысы бар. Менің даусым осы. Ол басқаша болуы мүмкін емес. Сол сияқты адамның болмысына бекітілген дүниелер бар. Адамды болмысынан бөле қарау мүмкін емес. Басқашалау болса деп одан қашасың. Бірақ, 100 пайыз одан қашқан актерді өз басым көрген емеспін.


– Театрда тайталас, атын бәйгеге қосқанда алдынан шалу деген ұғымдардың бар екенін естіп келеміз. Сондай дүниелерден өзіңізді қалай сақтадыңыз?

– Жоқ, жоқ, ондай әңгімелер театр әлемінде қалыптаспаған адамдардың әңгімесі. Кез келген толыққанды жетілген адам өзгеге ешқашан жамандық жасамайды, өзге туралы нашар ойламайды да. Сондықтан жеке өз басымда ондай нәрсе кездескен жоқ. Қасымдағы адамдардан да көрген емеспін. Ол өтірік әңгіме.


– Ашылып айтқан әңгімеңізге рахмет, Назгүл ханым! Шығармашылық ләззатыңыз көп болсын!


Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«10 миллион теңге төлеген»: Төреғали Төреәлі бостандыққа шықты


«Ол тектен-тек тиіспейді»: Майра Ілиясова Төреғали Төреәлінің әрекетіне пікір білдірді