Менің бүгінгі кейіпкерім – көрерменнің сүйікті «Таңсұлуы», хит болған «Беляевасы», жанды тебіренткен «Зылихасы» тағы да басқа тамаша рөлдерді сомдаған, талантты театр актрисасы Ажарлым Мағзұм.
Ажарлым, қысқа уақыттың ішінде сұхбат беруге уақыт тауып келіскеніңізге рахмет! Сіздің әлеуметтік желіңізді бақыласақ, өнер, юмор, спорт, поэзия, ән бәрін дерлік таба аламыз. Өзіңізді тәрбиелеу жолында өзіңізді аямайтын қасиетіңіз үшін көптің қошеметіне ие болып жүрсіз десем артық емес. Айтыңызшы, бәріне уақыт қайдан табасыз?
Сәлем, сұхбатқа шақырғаныңызға рахмет. Жалпы Алла Тағаланың адамға берген уақытын мәнді де мағыналы етіп өткізу керек. «Уақытым жоқ», «қолым тимейді», «үлгермеймін» деген сылтауларға сенбеймін. Адамның қолынан келмейтін нәрсе жоқ деп ойлаймын, сондықтан бәріне уақыт табуға тырысамын.
Театрда кез келген рөлді «жандырып» жібересіз. Бір рөлді есте қаларлықтай алып шығуыңыздың сыры неде? Әке мен анадан дарыған тәрбие мен талант па? Әлде жанкештілік пе?
Біріншіден, әке мен шешеден дарыған талант деп ойлаймын. Содан кейін, маған берген ұстаздардың ұстамы мен біліктілігі жақсы болды. Жалпы біздің мамандық, бізді мыңнан жүйрік болуымызды талап етеді деп ойлаймын. Одан бөлек, менің өзімнің талабым - берілген рөлді қайталанбайтындай, ерекше есте қаларлықтай етіп жасап шығу.
Бір отырыста сіздің бала кезіңізді есті тентек, кез келген адаммен дос, бауыр болып араласып кете беретініңізді естідік. Тіпті, "үйіңіздің жанында тұратын нашақорлық пен ішкілікке салынып кеткен адаммен де қорықпай дос болды" дейді. Сол оқиғаны өз аузыңызбен айтып берсеңіз? Сонда сіз бала кезден кейіпкер іздеп жүрдіңіз бе?
Расымен де, бала кезде адамдардың болмысын бақылаушы едім. Сіз басын бастап берген оқиғаны айтар болсам, ұлты орыс көрші атам болатын. Мен мектеп жасындамын. Ойымда еш қорқыныш жоқ. Сол атамның гитарада ойнағанын көріп, жанынан қалмаушы едім. Күнде сабақтан кейін «маған да гитара үйретші» деп қасына барып аламын. Солай екеуміз дос болып кеттік. Гитара аспабында ойнауды сол кісіден үйрендім. Қазір ойлап қарасам, мен ол адам қандай жол да жүрсе де қорықпаппын. Күдік те болмаған екен. Тек өнеріне тәнті болсам керек. Кейіннен көршімнің нашақорлыққа салынғанын білдім. Білген кезде кеш болды.
Қазір театрға Ажарлым сомдаған спектакльді көру үшін жиылатын көрермен қауымы қалыптасып келеді. Өз қатарластарыңыздан оқ бойы озық тұрып, осыншама қошеметке бөлену үшін қанша еңбектендіңіз? Еңбегіңіз толық ақталып жатыр ма?
Ия, Аллаға шүкір деймін. Өзімді іздеп келетін көрерменнің қалыптасып келе жатқанын әлеуметтік желідегі эмоциялары мен маған арнаған ақжарма тілектерінен біліп, көріп жатамын. Одан бөлек, спектакль ойнап болған соң көрермен мен менің өнерімді қолдаушылардан түрлі сыйлықтар келіп жатады. Әрине, бұл кез келген өнер адамы үшін көңіл қуантарлық жайт. Еңбегім еленіп, әріптестерімнің де мақтау мен қолдауларын көріп, естіп жүрмін. Одан артығының керегі жоқ деп ойламын.
Соңғы премьераңыз «Күйеуіңізді сатыңызшы» комедиясын көпшілік қалай қабылдады? Режиссер рөлге бекіткен соң, спектакль қанша уақытта шықты?
Көрермен өте жақсы қабылдады. Тіпті, бұл спектакль аса қатты жарнаманы қажет етпеді. Сонда да зал лық толы болып, үш күн премьера аншлаг болды. Әлеуметтік желілерден, жан жақтан, осы спектакльдің тарапына айтылған жақсы пікірлерді оқып жатырмын. «Күйеуіңізді сатыңызшы» бір ай дайындықты талап етті. Біз бұл қойылымға бір ай уақытымды жұмсадық. Комедияны ойнау арқылы тек адамды күлдіруге емес, күлкі арқылы ой салуға тырысамыз ғой. Жалпы комедияны ойнау оңай емес. Соның ішінде менің персонажым тұрмыстағы әйел. Мен бұл кейіпкерді ұзақ іздеп, ұзақ зерттедім, жүрегіме сіңдіруге тырыстым.
Қалай ойласыз, бұл кейіпкеріңіз хит болған, «Беляевадан» асып түсе ме?
Расымен де, «Беляева» менің хит рөлдерімнің бірі. Осы пікірді естігенде көңіліме қуаныш ұялайды. Алла қаласа, өз бабына түседі-ау. Бірақ, «Беляевамды» ренжітіп алғым келмейді.
Ал кино мен телесериал әлемі ше? Ажарлымды қаншалықты жиі киноға түсуге шақырады?
Әзірге, киноға қолым тимей жүр. Себебі, театр маусымын аяқтамадық. Жақсы бір жобаны алып қойдым. Болашақта бөлісемін.
Өнердегі идеалыңыз кім?
Өнердегі идеалым - әкем. Әкем бұрынырақта ойнаған рөлдерін айтып отырғанда, «Шіркін ай, мен де әкем сияқты еңбектенсем ғой. Мен де әкем сияқты өз мамандығымды ерекше сүйсем ғой» деп іштей тілеймін. Мен үшін әкем мен анам өнердегі идеалдарым.
Әкеңіз бен анаңыз сіздің кейіпкерлеріңізге қандай баға береді? Олардың пікірімен қаншалықты санасыз?
Осыдан он жыл бұрын, театрға алғаш қадам басқанда сомдаған рөлімді бірінші көрген еді. Ол кезде мен енді ғана өнерге аяқ басқан кезім еді. Олар менің қанатымды қайырмай, сыннан көру, мақтау сөздерін жиі айтуға тырысты. Ал қазір әкем мен анам Ақтөбеде, менен алыста. Оның үстіне, олар немере мен шөбере бағып отырған салиқалы ата мен әже. Олардың қазір Алматыға келіп менің спектакльдерімді көруге уақыттары бола бермейді.
Әкеңіз тек актер емес режиссер. Сізді де болашақта режиссер ретінде көре аламыз ба?
Мен болашақ осылай болады деп жоспарлағанды ұнатпаймын. Маған Алланың дайындаған сыйы мен жақсылығын күткенді жақсы көремін. Бәлкім, режиссер ретінде де бағымды сынап көрермін.
Сіз тек инстаграмм желісінде белсендісіз. Басқа да әлеуметтік желінің аудиториясын қамтып алу ойда жоқ па?
Қазір көбісі тик ток пен фейсбукті қамтып жүр ғой, фейсбук пен инстаграмда ресми парақшам бар. Ал тик ток әлеуметтік желісіне фокус қоймаймын.
Байқасам сіз оқыған поэзия жүректерге жетіп жатады. Қандай ақындармен шығармашылық байланыстасыз? Сіздің жан сырыңызды түсінетін ақын кім?
Мен поэзияны оқи салып, жаттай салғанды ұнатпаймын. Бір поэзия маған алдымен ұнауы керек, менің жүрегімді тебіренту керек. Менің жүрегімді тебіренткен поэзия, тыңдаушының да жүрегіне жетеді деп есептеймін. Арнайы таңдап алған ақыным жоқ. Фариза Оңғарсынова, Мұқағали Мақатаев, Мағжан Жұмабаевты, кейінгі ақындардан Танакөз Толқынқызы, Әлия Дәулетбаева, Бақыт Беделхан, Айжан Тәбарақ сынды ақындардың поэзиясын зерттеймін, оқимын. Жалпы зерттегенді ұнатамын.
Дәл қазіргі сәтте немен айналысып жүрсіз?
Театр маусымын аяқтауды ойлап жүрмін. Келесі маусымға жоспарым бар. Театр әлемінде өзімді моноспектакль жанрында сынап көрсем деймін. Соған іштей дайындалып жүрмін.
Шетелге көшу немесе тәжірибе алмасып келу ойыңызда бар ма?
Шетелге мен көшпеймін. Мен өзімнің елімді, жерімді сүйемін. Ал тәжірибе алмасу ойымда бар. Ол күнде келер.
Жағымды әрі жағымсыз кейіпкерлерді сомдадыңыз. Енді қандай рөл күтесіз?
Ол көрерменге құпия болып қалсын. Сахнада дәлелдегім келеді.
Сұхбатыңызға рахмет!