Бахаргүл Төлегенқызы: "Жасы үлкен әйелдердің тақия кигені дұрыс емес!"

0
1 524

​Әбу Насыр: «Шын бақыт деген – бұл ізгілік, сұлулық және жақсылық» деген екен. Ол кісі де осының үшеуі де бар, ол сұлулықты ізгілікпен қалыптастырып, жақсылыққа бағыттаған жан. Болмысынан мықтылық пен жомарттық көзге ұрып тұрса да, оның жан дүниесі сондай нәзік. Оны жүрекке ыстық естеліеттер айтыла қалса, жанарына жинала қалатын жастан, ұлт пен құндылықтық туралы айтылса шырылдап кететін жанынан байқадық.


Бахаргүл Төлегенқызы:

Менің бүгінгі кейіпкерім - ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Әдемі-ай» ұлттық кәдесыйлар компаниясының директоры Бахаргүл Төлеген.


- Қайырлы күн, Бахаргүл ханым! Наурыз мерекесі жақындап қалды, осы кезде ұлттық киімдеріміз бен бұйымдарымызға сұраныс артатын кез ғой. Соңғы жылдары этностильдегі киімдер мен зергерлік бұйымдар танымал бола бастады. Кейде олардың кейбіріне қатысты «Қазақтыкіне ұқсамайды» дегенді естіп қаламыз. Осы орайда этнограф ретінде айтыңызшы, соңғы кездегі трендтегі заттарды нақты біздің бұйымдар деп айта аламыз ба?

- Қазақтың төл мәдениетін түпнұсқасында жеткізу - біздің парызымыз. Кейбіреулер заманға сай деп өзгертіп жатады, сондықтан осылай талас туады. Мен біздің мұраларымызды түпнұсқада қалдыру керек деген ұстанымдамын, өзгертіп, түрлендіруді қолдамаймын.

Иә, Орта Азия халықтары бір-біріне әсері болған, бірақ этнограф ретінде мен әшекейлерді, өрнектерді бірден қай халықтыкі екенін айыра аламын.


- Өткен жылы жас-кәріміз жарысып тақия кидік. Оны жасап сатушылар да көбейді. Осы туралы ойыңыз қандай?

- Әуелде қазақтың кішкентай қыздары үкілі тақия киген. Жасына байланысты бөрік, сәукеле, кейін кимешек киді. Мұның бәрінің өз мағынасы бар.

Неге үкілеген тақия киген? Үкі - Нұх пайғамбардың батасын алған құс, ол топан су кезінде кемені Қазығұрт тауына бастап келген. Содан кейін оған «Орман тоғайдың иесі бол, Шаңырақты киесі бол» деп бата берген. Қазақ халқы үкіні қастерлеп, бесікке, тақияның басына, домбыраға таққан. Сондықтан тақияға үкі тағып, кәмшат бөрік кигізіп қойса жақсы ғой.

Бірақ жасы үлкен әйелдер тақия кигені дұрыс емес!


- Ұлттық кәдесыйлардың мол коллекциясы бар «Әдемі-ай» дүниелеріңіз қазір өзін қалыптастырған, танымал брендке айналды ғой. Ондағы заттарды өздеріңіз жасайсыздар ма, әлде шетелден келе ме?

- Бәрінің басынан бастап дизайн, эскизін өзіміз жасаймыз. Бұл шығармашылық жұмыс қой. Қазақстандағы мықты дизайнер, мүсіншілерімен, зергерлермен біріге жұмыс істейміз. Зергерлік әшекей бұйымдарды Алматыда цехта жасаймыз. Ал кәдесыйдың түрі өте көп. Оларды үлкен фабрикаларға келісім-шарт арқылы эскиз жіберіп жасатамыз. Көбіне Қытай, Түркия, Алматыда жасалады.


- Сіздің есіміңізді үлкен шараларда, тележобаларда «демеуші» ретінде көп естиміз. Ал қарапайым халық өзіңізден қолдау сұрап келе ме?

- Әлеуметтік жобаларға қолдау бідіргеніміз үшін, «Парыз» деген сыйлықты жеңіп алған едік. Мүмкіндік болғанша көпбалалы, жалғызбасты аналарға, мүгедектігі бар жандарға көмектесіп келемін, алда да осы ісімді жалғастырамын деп ойлаймын. Қазір үгіт-насихат жасау барысында да халықтың тұрмыс-тіршілігімен тереңірек танысып жүрмін.


- Шетелдік кәсіпкерлер белгілі бір деңгейге жеткенде көбінде кітап жазумен, не өз тәжірибесін бөлісудің жолдарын қарастырып жатады. Бізде енді көбі депутат болуға ұмтылатын сияқты.

- Адам белгілі бір деңгейге жеткен сайын, келесі биікті бағындыруды көздейді ғой. Сондай мақсатта үлкен белестерді бағындырғым келеді.

Иә, руханият - менің жандүниемнің жұмысы. Шығармашылық жұмысымыздың әр бөлшегі елдікті, руханилықты көрсетеді. Мәдениет, тарихымызды, этнографиямызды көрсететін дүниелерді жоқтан бар етіп жасап, 20 жылдан бері 1000 түрлі кәдесый жасадық. Бізде өзгелердің мәдениетіне еліктеу басым ғой, мысалы бір кездері «фэн-шуй» ілімінің заттарын алып, тиын тістеген бақа ақша алып келеді деп сенді. Негізі барлай алсақ, ол біздің қазақта да кездеседі ғой. Мысалы, «асығың алшысынан түссін», «шаңырағың биік болсын» деп ырымдайды, біз ең алғашқы боп осы сөздер жазылған кәдесыйларды сатылымға алып келген едік. Әлі де болса мен еліміздің мәдениетіне көп еңбек етемін. Десе де тұрмысты түзеу негізгі мақсат. Өйткені елдің бас қаласының өзінде шешілмеген талай мәселе бар. Қаланың шетіне шықсаң, елдің тұрмысының әлі де төмен екенін аңғару қиын емес. Біз орталықтан шығып, шеттегі ауылдарды да дамытуды қолға алуымыз керек.

- Өзіңіз Қытайда туып, оқыдыңыз. Шыныңызды айтыңызшы, келген кезде шеттету болмады ма?

- Иә, болды. Мені «Неге бәрі орыс тілінде сөйлейді?» деген сұрақ мазалайтын еді. Бірақ үйренісіп кеттік. Өзім жұмысқа қазақ тілділерді және қазақтарды аламын.

- Мақсатыңызға жетіңіз! Уақыт бөлгеніңізге көп рақмет!