​«Бұл өмірге бейімделмеген, кішкентай бала сияқты»: Сейфуллин Жолбарыстың әйелі күйеуі жайлы шындықты жайып салды

0
2 276

«Сейфуллиннің бірінші әйелінен кешірім сұраймын»


​«Бұл өмірге бейімделмеген, кішкентай бала сияқты»: Сейфуллин Жолбарыстың әйелі күйеуі жайлы шындықты жайып салды

Әнші Сейфуллин Жолбарыстың екінші әйелі Екатерина Жолбарыс «Менің өмірім» бағдарламасына сұхбат беріп, жеке өмірі, ата-енесімен қарым-қатынасы жайлы айтып берді.


- Әңгімемізді сіздің туған жеріңізден, отбасыңыздан бастасақ. Сөз саптауыңызға қарап, қалың қазақтың ортасында өскеніңіз көрініп тұр.

- Мен Алматы қаласында өмірге келгем. Бірақ үш жасқа толғанымда әке-шешем Балқаш қаласының маңындағы Көктал деген ауылға көшіп кетеді. Тоғызыншы сыныпқа дейін сол жердегі қазақ мектебінде оқығанмын. Одан кейін біз Іле ауданындағы Жетіген деген ауылға көшіп кеттік.

Дұрыс айтасыз, мені қазақ десе де болады. Өйткені қазақ ұстаздардан дәріс алдым. Менің тіл байлығым да, жақсы сөйлеп жүргенім де сол кісілердің арқасы.Үйде бес ағайындымыз, менен үлкен екі әпкем бар, менен кейін сіңлім және інім бар. Ата-анам қарапайым кісілер, фабрикада жұмыс істеген. Әкем үш жыл бұрын қайтты, анам бар. Өзі Қаскелеңде бөлек тұрып жатыр.


- Қазақ отбасына келін боп түстіңіз. Сейфуллин Жолбарыстың анасын бәріміз жақсы білеміз. Ол кісілер сізді қалай қабылдады?

- Өте жақсы қарсы алды. Атам ол кезде тірі еді. Ол кісі ең бірінді көргенде «Мен сені өмір бойы күттім» деді. Атам ерекше жақсы көрді, мені еркелететін, сәл мұңайсам «Балам, саған не болды, кел, бәрін маған айтып бер» деп сұрап отыратын. Енемнен де көп нәрсе үйрендім, тез тіл табысып кеттік. Қазақтың салт-дәстүрін толғымен енем үйретті. Тіпті мақалдарды да енемнен жаттап алдым.


- Сәлем саласыз ба?

- Бір жылдай салдым. Одан кейін апам «Қой, балам, қоя сал, демала бер» деді, болды. Бірақ атаммен амандасар кезде бәрібір қолымды кеудеме қойып, басымды иетінмін. Ол да сәлем салғанмен бірдей шығар.


- Қазақ отбасына келін боп түскеніңізге ата-анаңыз қарсы болмады ма?

- Ең басында әкем кішкене «бунт» жасады. Себебі ол кісі Сейфуллинді жақсы танымайтын. Кейін екеуі жақсы араласып, дос боп кетті. Папам да өнерге жақын кісі еді, жас күнінде «Арман» деген группада гитарист болған. Баянды да жақсы тартатын. Сонысымен де тіл табысқан шығар.


- Ал Сейфуллин мырзамен қалай таныстыңыздар, қалай табыстыңыздар?

- 2007-жылы таныстық. Ол кезде мен Ассамблеяда жұмыс істеймін, сол кезде мені бастығым қазақ тілінде сөйлей алатын өзге ұлт өкілдері жарысатын бір бағдарламаға жіберді. Басында қарсы боп, «бармаймын» деп біраз бұлдандым. Қинап жіберді. Ол тағы бір емес, бірнеше рет түсірілетін бағдарлама екен. Екінші немесе үшінші түсірілімде Сейфуллин де келген екен. Менің даусыма елеңдеп, қайта-қайта қарап отырды. Ақырында жақын келіп, «сіз тек қазақша сөйлейсіз бе, ән де айта алатын шығарсыз» деп сұрады. Мен «иә, ән айта аламын» дедім. Ол қуанып кетті, «менің продюсерлік орталығым бар еді, егер сіз қарсы боолмасаңыз сол орталыққа сізді әнші етіп шақырғым келеді» деді. Әнші болғым кеп жүрген, оның ұсынысы ұнай кетті. Дереу студияға барып ән айтқызып көрді. Солай жұмыс істей бастадық. Артынан мені түскі асқа шақырды, басқалардан ерекше қарайтынын байқадым. «Ой, мына кісінің жасы менен үлкен, бойы кішкентай, Құдай-ай, қоя қойса болар еді» деп қашып жүрдім. Бірақ ол бір жыл артымнан қалмай, өз дегеніне жетті.

Ол менен 15 жас үлкен ғой. Жақыннан таныса келе харизмасын байқадым, ой-өрісі жоғары, адамгершілігі жақсы жан екенін білдім. Қазір енді ештеңесі білінбейді, бойы да менімен бірдей сияқты өзіме. Бір жылдан кейін бірге тұра бастадық. Ал сегіз жылдан кейін ресми түрде некеміз қиылды.


- Ол кісінің отбасы, бала-шағасы бар екенін білдіңіз бе?

- Иә, екеуміз кездесе бастағанда отбасы бар еді. Кейін ажырасып кетті. Мен басында оған «Сіздің отбасыңыз бар, бұлай болмайды, ұят болады» деп айттым. Бірақ ол «Біздің отбасымыз шегіне келіп қалды. Ол кісімен бәрібір түбінде ажырасам, тіл табысуымыз қиындап кетті. Оның іздегені басқа, менің іздегенім басқа екен. Сондықтан сенің кінәң жоқ, сен болмасаң бәрібір басқа біреуді алам» деп айтты. Қазір енді бұл әңгімені айтып, олардың проблемасына кіріскім келмейді.


- Сейфуллин мырзаның бірінші әйелін көріп, сөйлесе алдыңыз ба?

- Ашық сөйлесуге мүмкіндік болмады. Бірақ ол кісі қатты ренжіді. Кім де болса сөйтер еді. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, ол кісіден кешірім сұрағым келеді. Араларына түсейін деген ойым болған жоқ. Маған ренжімесін.


- Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды ғой. Осы жағдайда кім бірінші сабырға келіп, кешірімді болады?

- Мен шығар. Өйткені өнер адамдары эмоцияға тез берілгіш келеді. Сондықтан көбіне өзімді сабырға шақырып, көп нәрсесіне көзімді жұма салам. Апам «еркектің алды тар, арты кең» деп айтып отырады. Жолдасым да бірден ашуланып алады да, артынан «мен дұрыс істемеппін» деп кешірім сұрайды. Ал мен көбіне үндемей қоя салам. Әйтпесе менің де айқайласам дауысым бар әжептеуір.

Ұрыс-керіс, менің кетіп қалған кездерім болды. Әлі де отбасы боп келе жатқанымыз Сейфуллиннің арқасы. Ол маған «сен не істесең, соны істе, бірақ мен сенен бас тартпаймын, ізіңнен қалмаймын» деп табандап тұрып алады. «Болды, енді алдыма келсе бірге кетпеймін» деп өзіме қанша рет сөз бердім. Бірақ артымнан кешірім сұрап келеді де, қаратып алады өзіне.


- Өте сұлусыз, Сейфуллин Жолбарыс сізге үйленген кезде де жұрт «Қалай қаратты екен» деп таңғалды. Ол кісіге дейін де сезімін білдіріп, сөз салған жігіттер болған шығар...

- Сейфуллин қадалған жерінен қан алмай қоймайды. Бірдеңені ойлады ма, түбіне жеткенше тынбайды. Содан шығар мені қаратып алғаны. Ал оған дейін сезімін білдірген жігіттер болды. Орыспен де, украинмен де сөйлесіп жүрдім. Бірақ қарым-қатынасымыз ұзаққа бармады. Тағдырым шығар, ештеңеге өкінбеймін. Ол кісімен танысқанда не ойым, не денем жетілмеген, небәрі 19 жастағы қыз едім. Сол кісімен өстім, өндім, екі қызымыздың көрер жарығы бар екен. Сондықтан ол кісіге алғысым шексіз менің. Рахмет айтатын тұстары өте көп.


- Сіз Сейфуллиннің жары ғана емес, есепшісі, стилисі, ұйымдастырушысы, ақылшысы, жүргізуші-шопыры екенсіз...

-Стилисі деген кішкене артықтау енді. Басқасы рас, бүкіл өмірін ұйымдастырып жүрген мен ғой. Ол кішкентай бала сияқты, бұл өмірге бейімделмеген. Қарапайым нәрселерді де істей алмайды, қолынан келмейді. Өнер адамдарының бәрі сол шығар. Ол тек музыкасын біледі, ал қарапайым өмірде ештеңе білмейді.


- Үнемі қысқа киіп жүресіз. Күйеуіңіз бұған қалай қарайды? Сосын сіздердің жас айырмашылықтарыңыз әжептеуір, 15 жас. Оның артықшылығы немесе кемшілігі байқала ма?

- Иә, ол маған рұқсат береді. Қызғану, шектеу деген жоқ. Ал енді жас айырмашылыққа келер болсақ, ол кісінің өмірлік тәжірибесі, көрген, білгені көп. Әңгіме айтқанда қызығып тыңдаймын. Кейде мен оған «осы сенің жасың точно елуде ме, 15 жастағы бала сияқтысың» деп айтам. Шынымен, кейде мен оның апайы сияқты боп кетем.


- Сейфуллиннің бұрынғы некесінен ұлы мен қызы бар. Олармен араласасыз ба?

- Үлкен қызы мүлдем араласпайды. Ал ұлы біздің қолымызда тұрады. Он төрт жастан бастап бізге келген. Ұл балаға әке керек қой енді. Ол балаға көп жолаған жоқпын. Қолымнан келгенді істедім, бәрібір анасы емеспін. Кеңес керек болса айтам, киімдерін реттеп берем, тамағын уақтылы берем. Басқа не керек адамға?..


- Жолдасыңызбен ән айтасыз, жаңа әндер жаздыру жоспарда бар ма?

- Ән айтқанды жаным сүйеді. Күйеуім «концерттерге бірге шығайық» деп жиі айтады. Бірақ осы уақытқа дейін қысылып келдім. Білмеймін, ұлтым басқа болғасын ыңғайсызданам ба, сахнада еркін тұра алмаймын. Бірақ соны жеңіп, енді өнерді толығымен қолға алмақшымын.


- Дұрыс екен, сүйгеніңізбен бақытты болыңыз! Шығармашылық табыстар тілейміз.


Сұхбатты «Ютуб» арнасынан ықшамдап жазған – С. Икрамқызы.