Дамиля Жұмабек: “Сән апталығына қатысу үшін үлкен қаражат керек”

0
2 424

Ұлттық стиль мен заманауи үлгіні ұштастырып жүрген, танымал дизайнер - Дамиля Жұмабек.


Дамиля Жұмабек: “Сән апталығына қатысу үшін үлкен қаражат керек”

- Дамиля, уақыт тауып жауап бергеніңізге рахмет! Алғашқы сұрағымызды бастасақ. Қазір бала күтімімен декреттік демалыстасыз. Шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар?

- Сәлеметсіз бе! Иә, қазір декретті кдемалыстамын. Заман талабы сондай ма білмедім, біздер, әйел қауымы бір орында тұрмай жыбырлап, «дамысам, өссем» деп тынбай еңбектенеміз ғой. Осы тұңғышым, қызым қазір өскен сайын маған үлкен шабыт беріп жүр. Баламның болашағы деп барлығын жасауға, тау қопаруға дайын жүрмін. Шығармашылығым тұралап қалған жоқ, жыл сайын ақырындап 2-3 топтама шығарып тұруға тырысамын. Өйткені, тұрақты тұтынушы қыздарым бар.

Жақында «OYU» атты әдеттегідей заманауи стильде топтамамды шығардым.

Тағы бір жақсы жаңалығым - енді ғана тәй-тәй басып, өрісін жайып келе жатқан «Сәнді гардероб Дамиля Жұмабекпен» деген бағдарламам. Жобаны ютуб желісіндегі каналыма жүктеп жүрмін. Бұл сән туралы бағдарлама, әзірге үш саны жарыққа шықты. Көпшілік жақсы қабылдап жатыр.


- Заманауи үлгідегі киіммен этно стильді үйлестіру идеясы қайдан келді?

- Бұл идея жалпы мен осы киім дизайн саласына оқуға түсіп, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында оқып жүргенімде түрл конкурстарға қатысып, түрлі топтамалар шығарып жүрген кезде келді. Өзімнің ішкі дауысымды тыңдасам, ішімдегі Дамиля, өз топтамаларына қазақи нақыш қосқысы келіп тұрады екен. Өзім де сырт көзбен топтамаларымды сынай қарасам, қазақы болмысымызды анықтайтын нақыш, ою жетпей тұрғандай болады. Қазір әдет болып кеткен, талғамыма да қалыптасқан секілді. Заманауи үрдісті нақышпен үйлестіргім келіп тұрады. Бір жағынан салт-дәстүрімізді жаңарту ғой менікі...


- “Тұмардыңтарихына тоқталсақ? Қазір нешінші топтаманы жарыққа шығардыңыз?

- Жолдасым қызды болуды қатты қалапты. Менің аяғым ауыр болған кезде «іштей сездім» дейді. Тұңғышымыз дүниеге келген кезде атын “Томирис” деп қоямын деді. Мен де бірден келісім бердім. Томиристің қазақшасы - Тұмар.

Декретте отырғанда біраз уақыт қолыма ине-жіп алып, тікпедім, қайшы ұстап кеспедім. Қызыма алты ай толғанда өз-өзіме келіп, түрлі түсірілімдерге шыға бастадым. Түрлі идеялардың соңында жүріп, жаңа топтама шығардым да атын Томирис деп қойдым. Араға алты ай салып, екінші топтамамды шығардым. Оның атауын қазақша «Тұмар» деп атадым. Қос топтамам да шабыт сыйлаған қызым еді. Сондықтан, қызымның құрметіне осылай атауды жөн санадым.



- Қазіргі 2000 жылғыдан бері қарайғы жастардың этно стильге деген қызығушылығы бар ма?

- Әрине бар, көп десем де болады. Жастар ерекшеленгісі келеді. Туғаннан сәнқой киінетін жалпы сәнді сүйетін адамдар болады. Әр дизайнер топтаманы әртүрлі шығарады, эксклюзив ретінде санаулысын тігеді де, сәнқой қыздар керегін сатып алып, өзгеден өзгешеленіп жүреді.


- Жастардың сұранысы қандай?

- Қазір жастар өте белсенді, көздері ашық. Бір қуантарлығы, олар ерекшелікті жақсы көріп тұрады. Қайталағысы келмейді. Бұл талғамның өсуі. Егер сұраныс ерекше болса, біз де ішіміздегі бар жақсыны шығаруға тырысып, шабыт аламыз. Жастардың сұранысының бірыңғай болмауы біз үшін тәжірибе әкелмек, жұмысымызды көбейтпек, миымызға шабуыл жасап, идеямыз артпақ.


- Халықтың басым көпшілігі қандай киімдерді жақсы көреді?

- Көпшілігі ешкімге ұқсамаса екен, барған жерде қазір тіпті екі бірдей киінген адамдар болмаса екен деп жүретін болыпты. Сәнқой адамдар жалпы жан-жақты келеді ғой. Бірақ адам жасына қарай киінеді, барған ортасына сай әрі ыңғайлы киінуі тиіс.


- Алда келе жатқан күздік, қыстық топтамаңызға қандай ерекшеліктер ұсынасыз? Қандай түстер сәнде?

- Иә,жаз болса аяқталып қалды. Менің ойымша, қандай түс сәнде болмасын, ең бастысы - киген киімі адамның өзіне ыңғайлы тұруы керек. Әзірге ой үстіндемін. Бірақ жақында шыққан топтамамды жаз ғана емес төрт мезілдеде үйлестіре киюге әбден болады дер едім. Матасы денеге өте қолайлы, кір көтеретін материалдан тігілген. Өз басым жылда келетін түстерге мән бере бермеймін, неге десеңіз түс өзгере береді, бірақ киімнің фасондары қалуы керек. Меніңше, ашық түстер мен қоңырқай қызғылт түстер сәннен кеткен емес.


- Қыздардың киімге талап қоюуын бұрыннан білеміз ғой. Ал қазіргі таңда ер адамдар қаншалықты талғампаз?

- Ер адамдар да қазір сәнді киініп, ерекше болғылары келеді. Бірақ мен ерлерге көп киім тіге бермеймін, арнайылар әнші, күйші, асабалар тапсырыс берсе ғана тігіп беремін. Көбінесе қыз-келіншектерге тіккенді ұнатамын.


- Сізге тапсырыс беретін ер азаматтар көп пе?

- Бұрын жаңадан оқу бітіргенімде «МузАРТ»тобындағы ағаларға бір апаймен қосылып тіккен едік. Төреғали Төрәлі алғашқы бейнебаянын түсіргенде де екі образын тастармен сәндеп дайындаған едім. Негізі ер азаматтардың киімін тігуге тапсырыс түседі, бірақ көңілім соқпаған соң қабылдамаймын.


- Елімізде дәстүрлі түрде өтетін сән апталығына қатысу үшін сіз секілді дизайнерлерге қандай талаптар қойылады?

- Аса үлкен талап жоқ. Әр дизайнердің эскиздерін көреді, ойыңызды тыңдайды, тігу жағын тексереді. Сән апталығына қатысу үшін үлкен қаражат керек. Біз сол апталық арқылы өзіміздің атымызды шығарып, киімдерімізді жарнамалаймыз. Егер жақсы топтама шығарсаң, сатылым да жақсы жүреді.


- Қазір ютуб каналыңызды дамытып, “Сәнді гардероб” айдарын аштыңыз. Идея кімнен туындады? Жолдасыңыздан қолдау бар ма?

- “Сәнді гардероб Дамиля Жұмабекпен” деген шағын бағдарламам осыдан бір жыл бұрын туған идея еді. Жолдасымның тарапынан да қолдау болды. Бірден бастап кете алмадым, себебі, қызым ол кезде кішкентай еді. Кейін қол-аяғымды жинаған соң, ойымды жүзеге асыра бастадым. Нәтижесі жақсы. Негізі менің жекеме көп қыздар топтамамды сыйлыққа сұрап жиі жазады. Бірақ мен бәріне бірдей тегін көйлек бере алмаймын ғой. Десек те, осы бағдарламама да менің кейіпкерім болған танымал жұлдыз, менің белсенді оқырманыма бір көйлегін сыйға береді. Бұл жақсы үрдіс деп білемін.



- “Сәнді гардеробтың” алғашқы қонағы кім? Сіздің ұсынысыңызды қалай қабылдады?

- Алғашқы қонағым белгілі әнші Дана Маханбаева. қыздарыңыз болды. Мені кезінде өзі ұзатқан еді. Ойымды айтқан кезде жақсы қабылдап, қуана қарсы алды, түсірілімге бірден келісім берді.


- Киімді ырымдап беру біздің салтта жиі кездеседі ғой, ол қаншалықты дұрыс? Сіз киім ырымдап алуға сенесіз бе?

- Жалпы қазақтың қанында бар қасиеттердің бірі - ырымдау. Меніңше, дұрыс та шығар. Мысалы, күйеуге шықпай жүрген қыздарға тұрмыстағы қыз әдемі көйлегін сыйласа немесе балалы болу үшін бөпенің киімін берсе ол орындалады, жұғысты болады деп ойлаймын.



- Киімнің ыңғайлысын киген дұрыс па? Әлде әрдайым сән қуу керек пе?

- Өз ойымды айтар болсам, сәннен бұрын ыңғайлы киінген дұрыс. Себебі, барған жерде емін-еркін жүріп тұру бірінші орында. Сәнді әр жылда ауысқан сайын, қуа берген де дұрыс емес.

- Жоспарыңыз?

- Жоспарым көп. Бұйырса бәрі алда. Уақыты келгенде өзімнің сән үйімді ашқым келеді. Кез-келген қызды қуантып ұнайтын фасонын тігіп сыйлағым келеді. Тың идеялар өте көп... Бәрі уақыт еншісінде...

- Жоспарларыңыз іске аса берсін!


Бөлісу