«Директорға 3 ай жалындым»: Театр және кино актрисасы Ажарлым Бақытжановамен сұхбат

0
3 699

«Театрға үлкен сынақпен қабылдандым»


«Директорға 3 ай жалындым»: Театр және кино актрисасы Ажарлым Бақытжановамен сұхбат

Ол өнерді есеппен емес, ессіз сүйетіндердің қатарынан. Өзі де басты рөлде ойнайтын «Жүз жылдық махаббат» қойылымында «Өнер адамдарының есі жоқ. Әйтпесе, арзымайтын айлыққа қарап жүре ме?!» деп сөйлейтін эпизоды бар. Театрды жан-тәнімен сүйетіні соншалық, «әрбір шегесіне дейін жақсы көремін» деп айтады. Оның кинодағы басты рөлдерінің бірі - Фаризасы ерекше есте қалады.


Оның образдары мүлдем қайталанбайды, себебі, кейіпкерлерін сомдағанда әр алуан Ажарлымды көреміз. Сахнада ойын көрсетпейтін, сахнада өмір сүретін М. Әуезов атындағы Ұлттық академиялық драма театрының актрисасы Ажарлым Бақытжанова www.ernur.kz сайтына шығармашылығы, жеке өмірі, театр және кинодағы қадамы туралы сұхбат берді.


– Ажарлым, театр сахнасында сан жанрлы рольдерді толғатып келесіз. Әшағаң, Әшірбек Сығай өз мақалаларында«кейіпкержандылық» деген сөзді жиі қолданған екен. Сіз қандайсыз, кейіпкержандысыз ба?

– Бәлкім, иә. Сахна деген айна ғой. Қайбір актер сахнаға көрерменінің алдына шыққан кезде жалаңаштанып шығады. Сахнадағы барлық нәрсе көрерменге алақандағыдай болып көрінеді. Өз-өзімді мақтай алмаймын. Әкемнен үйренгенім бар, осында жүрген актер аға-апаларымыздан көрген-білгеніміз бар, ешқашан да алдамауға, табиғатыма қарсы шығып, жалған нәрсе жасамауға тырысамын. Сол себепті қайбір кейіпкер болмасын, барынша өтірік ойнамауға жанымды саламын. Жақында ғана бір қыз менен: «Ажар, кастингте қалай әдемі жыласа болады?» деп сұрады. Жалпы өмірде жылағанда әдемі жылайын демейсің ғой. Сол себепті қайбір өнер адамы шынайы болған сайын ол адам сүйкімді болады. Менің ұстазым «Ең сүйікті адам – еңбек еткен адам» деп ұдайы айтады.


– «Әкемнен үйренгенім бар» деп айтып қалдыңыз. Жалпы, театрға қалай келдіңіз?

– Мен әрбір сұхбатымда «балабақша көрмегенмін» деп айтамын. Алатаудың бөктеріне Ақтөбеден арман қуып келдік қой. Актриса боламын деп. Біз жатақханада тұрғанда қалалық студенттер бізге қызығатын. Біз керісінше «Қайта сендер бақыттысыңдар, үйде тұрасыңдар» деп айтамыз. Олар біздің күйімізді, біз олардың күйін кешкіміз келеді. Сол секілді «балабақшада бірге өстік» деген әңгімелер маған қызық болатын. Мен ондайды білмеймін. Түсте ұйықтау, бесіндік деген нәрсе менде болған емес. Өйткені, мен өнерлі отбасында өстім. Әкем де, анам да өмір бойы театрда еңбек етіп келеді. Екеуінің де 40 жылдан астам еңбек өтілі бар. Әлі күнге Ақтөбе театрында жұмыс істейді. Әкем Мағзұм Бақытжанов режиссер әрі актер. Мен өнерлі отбасында өстім. Әке-шешем үнемі гастрольдік сапарда жүретін. Театрдың сахнасының айналасында шаңын жұтып өстім. Бәлкім, содан да болар, өзім де театрдан алыс кетпедім.


– Әдетте өнер адамдары ұрпағының бұл салаға келуін қаламай жатады. Сіздің де театрды таңдауыңызға ата-анаңыз қарсы болған шығар?

– Жо-жоқ. Әкем менің режиссер болғанымды қалады. Алайда, мен мектеп бітірген соң әскери қызметте істеймін деп ойладым. Содан анам «Алматыға барып көрейік» деген ұсыныс айтты. Өзім үйдің кенжесімін, тентектеу болып өскенмін. «Жарайды, бірақ, түспесем, милицияның оқуына барамын» дедім. Құдай өзі «Қой, мына қызды өнерге түсіре салайық» деген шығар (күліп). Содан Өнер академиясына оқуға түсіп кеттім. М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театрына кеше ғана тарыдай болып тәй-тәй басып келген сияқты едім. Қазір артқа қарасам 10 жыл зулап өте шығыпты.


– Әкем театрға жұмысқа орналасу екінің біріне бұйыра бермейді ғой. Енді сіз өнер адамының қызы болғаннан кейін "Ата-анаңыздың ықпалы болды ма?" деген сұрақтың туындайтыны заңдылық.

– Әрине. Мен оқуға түсер кезде де әке-шешемді араластырған, бірде-бір емтиханыма ол кісілерді жақындатқан емеспін. Біреуге өтірік, біреуге шын болар. Сынақ кезінде ол кісілер мені сыртта, саябақта күтіп жүрді. Сөйтіп, оқуға өз күшіммен түстім. Оқуды бітірген соң театрға келдім. Мені бірден алған жоқ. Оған бірден-бір дәлел, театрымыздың қазіргі директоры Еркін Жуасбек ағамыз. Еркін Тілеуқұлұлы 2013 жылы театрдың басшылық қызметінде істеді. Біз алдына барғанда «Маған қыз керек емес» деп кесіп айтты. «Аға, көркемдік кеңестің алдында жәй ғана бір мүмкіндік беріңізші», «Құр кеткеннен гөрі бірнәрсе жасап өкінейін» деп жалындым. «Жарайды!» деп Еркін ағамыз маған мүмкіндік берді. Бірақ, мен 3 ай ол кісінің кабинетінің алдынан шықпадым. Күн сайын алдына келіп: «Аға, мен сізге керекпін!» деп қоймадым. 3 айдан кейін «Ал, көрейік!» деді. Сөйтіп, мені Алла тағала үлкен сынақпен алды. Ата-анамды керісінше еш жерге араластырмай, араға салмай, барынша өз күшіммен тырысып келе жатырмын. Әкем тек қана облыс емес, қазақ өнерінде аты танымал адам. Әкемнің атын арқалап жүру үлкен жауапкершілік. Сол кісіні жерге қаратпайыншы деп жүрген жайым бар.


– Белгілі театр және кино сыншысы Әшірбек Сығайдың «Ғылыми лабораториялардағы кез келген тәжірибелердің жүзеге аса бермейтіні секілді, артистердің де кез келген жұмыстары төрт аяғынан тік тұрып кете бермейді» деген сөзі бар. Сол сияқты өзіңізге қиынға түскен рөліңіз қайсы?

– Қай роль болмасын, барлығы да қиын. Келе салып, ойнай салатын нәрсе емес. Кейбір рөлдерді үш жылдан кейін түсініп жатамын. Қайбір шыққан сайын өзің үшін бір жаңалық ашып отырасың. Менің Төлеубек Аралбайұлы деген ұстазым қайтыс болып кетті. Сол кісі «Қайбір роль болмасын, біз үшін сабақ. Бейне бір студент сияқты барлығын А-дан Я-ға дейін оқып отырамыз» деп айтатын. Расымен де солай. Ешбір роль оңай емес. Барлығы да қиын. «Инемен құдық қазғандай» деген сөздің мағынасын енді-енді ұғынып жатырмын.


– Ұлттық сахнамыздағы режиссерлік дәстүр дұрыс сақталып келе жатыр ма?

– Негізі қазір жаңашыл, заманауи, лабораторлық, жан жақтытеатрлар көбейді ғой. Солардың ішінде біздің Әуезов театры ең шоқтығы биік, өз брендін қалыптастырған, өзінің бағасын ешқашан да түсірмеген театр деп айтқан болар едім. Кіші залымызда Шекспирдің «Корол Лир» сияқты шығармасына дейін қойылды. Бірақ, біздің театр ешқашан да дәстүрін бұзбаған. Қазақи нақышты, ұлттық үнімізді сақтап келе жатыр. Мәскеудің МХАТ-ы сияқты біздің театр да бренд қой. Қайсыбір өңірдің актері мен біздің театрдың актерін алып қарасақ, бәрібір айырмашылығы сезіліп тұрады. Яғни, режиссерлік дәстүр сақталып келе жатыр.


– Өнер саласының мың-сан мәселесі де шаш етектен. Өзіңіз біршама көркемтаспаларға түстіңіз. Қалай ойлайсыз, неге қазір корей мен түрік, үнді сериалдары өтімді?

– Кино саласын қатты қазбалап зерттеп көрмеппін. Мүмкін ол техника, бәлкім қаражат жағы ма екен?! Жақсы техника алайын десе, қаражат жағы жетіспейді. Жалпы, кәсіби актерлеріміз жеткілікті. Бәлкім, тақырып па екен?! Неге түріктердің болмашы тақырыптары өтімді? Менің қарным ашатыны, біз әлі ауыл-аймақтан, отбасы, ошақ қасы, ене мен келіннің қарым-қатынасынан ұзай алмай жатырмыз. Өз басым көркем дүниелер түсірілсе екен деп ойлаймын.


– Кинодан ұсыныс түскенде несіне баса мән бересіз? Сценарийіне ме, қаламақысына ма?

– «Ойбай, рөлге мән беремін» деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Бәрімізде де күнкөріс қой. Ақшасына мән беремін. Ақша жағынан келіспей жатса түспеймін. Жалпы өзіме ұнамайтын рөлдерге бармаймын. Бірақ, осы уақытқа дейін өзіме ұнамайтын роль болмапты. Біз, өнер адамдары расымен бақыттымыз. Неге десеңіз, біз ханның да, қараның да, барлығының кейпіне ене білеміз.


– Киноларға жиі шақырту аласыз ба?

– Иә, жиі аламын.


– Жастар театры туралы пікіріңізді білсек бола ма?

– Белгілі актер Азамат Сатыбалды ағамыз «Өзінің стилін қалыптастырған жалғыз театр – Жастар театры» деп айтқаны бар еді. Өз басым Жастар театрының еңбекқорлығына, негізін қалаған Әділ Ахметов, Дәурен Серғазин, Айнұр Рахиповаларға басымды иемін. Қазірде тамырын кеңге жайып, өзінің «Жастар театры» деген атын қалыптастырды. Театрдың қалай құрылғанын тыңдап отырсам, шәкірттерінің ағайына, ағайының шәкірттеріне деген сенімі мен үмітіне риза боламын. Көптеген мемлекеттерді гастрольдік сапармен аралап қайтты. Жалпы театр режиссері Нұрқанат аға Жақыпбай көп декорация қолданбайды. Үлкен ала дорбаға сыятынын сыйғызып, кете береді. Олардың ауызбіршілігіне, бір-бірін жолда қалдырмайтын темір мінезін жақсы көремін.


– Әуезов театры «Ұлттық» деген статус алғалы актерлердің материалдық жағдайы қаншалықты өзгерді?

– Жақсы жаққа өзгерді. Негізі өнер адамдарының есі жоқ. Әйтпесе, арзымайтын жалақыға кім жүрер?! Нағыз өнерді есеппен емес, ессіз сүйетін нағыз театрдың жанкүйері ғана жүреді. Бәріміздің басымызда несие бар. Сол үшін киноға да барамыз, тойға да шығамыз. Бірақ, осы күнге дейін театрдың жалақысына ренжіген актерді көрмеппін. Қайсысы болмасын соның отымен кіріп, күлімен шығып жүр.


– Өнерде жүрген адамдардың бір-бірін аяқтан шалуы, күндестік жасауы қазір де кездесе ме?

– «Қазақстан» ұлттық арнасындағы бір киноның түсірілім барысында актрисалардың аяқ киімдеріне шөлмекті сындырып тастап кеткенін көзіммен көрдім. Соны көргенде қатты ренжіген болатынмын. Театрда істеп жатқаныма 10 жылдан асып барады, біздің ағай, апайлардың ондай теріс жағын ешқашан көрмеппін. Керісінше бізге жаны ашып, шақырып алып ақыл-кеңесін айтып жатады. Театрда ондай нәрсе жоқ. Қайдан шығарып алғандарына таңғаламын.


– Қатты қуанған және жылаған кезіңіз есіңізде ме?

– Алдында ғана бір кісі «Осы сіз неге жыламайсыз?» деп айтып еді. Алла тағала жылатпай-ақ қойсын. Қатты жылаған кезім есімде жоқ. Қуанышты сәттерім өте көп. Өте бақытты жанмын. Бақытсыз адам бақыттымын деп айқайлайды деп айтады ғой. Жоқ, мен оған қосылмаймын. Кейде жанкүйерлерім маған ыстық ықыластарын білдіріп, сыйлығын әкеліп жатқанда «Мен осыған лайықпын ба?» деп ойға шомамын. Сол ойымда инстаграмға жазсам, бір әріптесім «Ты не зря Бақытжанова» деп жазып жіберіпті. Мен сол кезде ойланып қалдым. Расымен мен өте бақыттымын. Жыласам да тек қуаныштан жылайын.


– Иә, құдай жылатпасын! Оқырмандарымыз осындай сұлу, көрікті, талантты актрисаның жеке өмірін білгісі келетін шығар. Тұрмыстасыз ба?

– Жеке өмірді айтқанды ұнатпаймын. Әлеуметтік желіде де отбасымды көп сала бермеймін. Оның бәрі тек қана менікі, менікі болып қалуы керек. Егер де адамдар өнер адамы ретінде қызықса, өнердегі жолымды көрсетемін. Кейбір қыз-келіншектер үйлерінде тамақ пісіріп жатқанын салып жатса, мен ондайды да араластырмаймын.


– Негізі отбасыңыз бар, иә?

– Ол жағын айтпаймын. Жеке өмірді жарнамалағанды ұнатпаймын.


– Өмірде көп уақытыңызды не нәрсеге жұмсадыңыз?

– Өнерге, театрға көп уақытымды жұмсап келе жатырмын. Өзімді тәрбиелеп келемін. Театрдағы аға буынға қарап бой түзеп, өзімді тәрбиелеп, кітап оқып, спортпен айналысып, өзіммен өзім арпалысып келемін.


– Инстаграмдағы сториздеріңізді қарап отырсақ, «Жүз жылдық махаббат» қойылымында басты рөлде ойнадыңыз. Одан шығып ұжыммен банкетке барғандарыңызды көрдік. Бүгін спорт залда жүрсіз. Арпалыс деген сол ғой. Жалпы аз ұйықтайтын сияқтысыз?

– Ұйқыға аса жоқпын. Уақытқа өте сараң адаммын. Адам баласына берілетіні 24-ақ сағат. Сол 24 сағаттың 10 сағатын ұйқыға жіберсем, 14 сағатын неге жеткіземін?! Мен сізге көрсетейін, мына сөмкемнің ішінде не керектің бәрі бар. Мен қазір сізден шыққан соң спектакль басталғанға дейін Шерағаңның «Бір кем дүниесін» оқимын. Оны біткен соң Д.Исабековтің «Қарғынын» оқып бітіруім керек. Мен үнемі үлкен сөмке ұстаймын. Барлығы ұдайы өзіммен бірге жүруі керек. 10 шақты кітап осы сөмкенің ішінде жүреді. Сөйтіп өзімнің әрбір сәтімді мәнді, мағыналы өткізуге тырысамын.


– Театрдағы аға буыннан не үйрендіңіз?

– «Молданың айтқанын істе, істегенін істеме» дейтін бе еді? Өмірдің өзі – сабақ қой.Адам баласы құлайды да, сүрінеді де, қателеседі де. Қазір сіз «Қателескен жеріңіз болды ма?» деп сұрақ қоясыз (күліп). Қателікті де жасау керек. Үлкен кісілер өз заманындағыларды айтады. Шіркін-ай, сол заманды көргім келеді. Сол кісілердің заманындағы адалдық қазіргі уақытта біздерде болса екен деп армандаймын. Неге сондай адалдық, аңғалдық қазіргі уақытта жоқ екен деп ойлаймын. Әке-шешемнің айтқандары өтірік сияқты. Жалпы айналадағының бәрі тәжірибе ғой.

Мен өз театрымды, тіпті, әрбір шегесіне дейін қатты жақсы көремін. Біздің барлық спектакльдеріміз керемет деп айтпаймын. Кейбір дұрыс шықпайтын қойылымдар болады. Д.Исабековтің «Актриса» деген шығармасындағы монологта «Театр менің бірінші әлде екінші үйім десем бе екен?» деген жері бар. Негізі театр деген біздің отбасымыз. Тіпті, өзімнің туғандарымды әріптестерімдей жиі көрмеймін. Біз бір үлкен отбасымыз.


– Сіздің даусыңыз ерекше ғой. Өзіңізге ғана тән әдемі ырғағыңыз бар. Дубляж саласында жұмыс істеп көрдіңіз бе?

– Көрдім. Әлі де барамын-ау. Бірақ, өте қиын сала. Түріктің 20 сериясын дыбыстап, қашып шыққанмын. Бір жағынан режиссері өте қатал болды. Екінші жағынан бір орында тапжылмай отыру маған қиынға соқты. Өйткені, ұдайы қозғалыста жүргенді ұнататын адаммын. 4 кейіпкерің бір жерге келіп тоғысқанда миым ашып кетеді екен. Мультфильмді де дыбыстадым. Қызық әрі қиын.



– Сіз «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін» фильмінде Фаризаның рөлін сомдадыңыз. Ал театрда Фариза апамызды қайта тірілткен Назгүл Қарабалина. Бұл киноға кастингтен қалай өттіңіз?

– Кастингтен мен ғана өттім. Иә, менің кинодағы Фаризам көп адамның есінде қалып қойған сияқты. Осы рөлім үшін көптеген көрермендерден жылы лебіз естідім. Фариза апайды өзім жақсы көремін. Бір өзі – бір планета, шексіздік қой. Инстаграмға поэзия оқып, салсам, «Фариза апайдың үні бар» деп жазып жібереді. Сондай сөздерді естігенде төбем көкке бір елі жетпей қалады.

Біздің театрда Оразхан Кенебаев деген мықты актер ағамыз бар. Ол кісі көп адамды мойындай бермейді. Қайсыбір актерге болмасын өте қатал қарайды. Сол кісі «Мұқағалиды» көріп біткеннен кейін түнде маған қоңырау шалды. Мен ана кісінің аты шыққаннан қорқып тұрмын. Сасқалақтап тұтқаны әрең көтердім.

– Иә, алтыным, айналайын.

– Сәлеметсіз бе, аға!

– Мен жаңа ғана «Мұқағалиды» көріп шықтым. Фаризаң өте жақсы. Абайдың өлеңдерінде мін болмайды ғой. Сол сияқты сенің Фаризаңда да солай. Давай, алтыным! - деді.

Мен үшін үлкен баға сол. Содан анама қоңырау шалдым. Ертесіне қуанғаннан бүкіл театрға айтып шықтым ғой.


– Әріптесіңіз Бекжан аға Тұрыс бір сұхбатында: «Қазіргі актерлер мақтауға үйренгені соншалық, сын көтере алмайтын дәрежеге жетті» деп айтып еді. Келісесіз бе?

– Сынды өте жақсы қабылдаймын. Өтірік айтпай-ақ қояйын, сын болмаса болмайды. Кейде ешкім сын айтпай қалса, «Қалай, мүмкін емес?!» деп содан қорқам. Айтпаса, демек, менікі дұрыс емес шығар деп қорқып жүрем. Бекжан ағалар келіп сын, ескертпесін айтады. Ол кісі бәріне барып айта бермейді. Адамды бірден бауырына тарта бермейді. «Сыған серенадасында» ол кісі Шәмшіні, мен Сағынышты ойнаймын. Образымызға ғашықпыз. Өмірде Бекжан аға деп еркелеймін. Кейбір сынды қабылдаймын, кейбірін қабылдамаймын. Сырттан қарап айтса екен деп отырамын. Көбісі 30-40 жыл істеген мамандар. Ал біз кеше келген боқмұрынбыз. Аға буын сын айтса, керісінше қуануымыз қажет. Біз солай өсеміз.


– Ашылып сұхбат бергеніңізге рахметімізді айтамыз. Сізге шығармашылық табыс тілейміз.


Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Жігітімнің көзін құртты»: Мақпал Жүнісова Заманбек Нұрқаділовке қалай күйеуге шыққанын айтты

«Арманы жоқ актрисамын»: Белгілі актриса Назгүл Қарабалинамен сыр-сұхбат