"Хейтерлерім менімен танысса, бірден ғашық болады": Tik-Tok жұлдызы Айшолпанмен сұхбат

0
4 662

Айшолпанды көпшілік Tik-Tok желісінде 3 минутта боянып отырып айтатын әңгімесі арқылы таниды. Tik-Tok желісінде 140 мың қолданушысы бар оның негізгі мамандығы - мұғалім. Айшолпан әлеуметтік желідегі танымалдылығы, жеке өмірі туралы ernur.kz сайтына туралы сұхбат берді.


- Айшолпан, әлеуметтік желіде танымал болуды мақсат еттің бе? Бәрі қалай басталды?


- Негізгі танымал болуды ойламадым. Бастапқыда Tik-Tok, Instagram парақшада өзгелерді сомдап пародия жасап жүрдім. Сөйтіп бірте-бірте камерадан ұялмайтын болдым.

Тиктокты жүргізіп бастағаныма 1 жылдай уақыт болды. Сенесіз бе, бір жыл бойы 700 қолданушым болды. Ол кезде тек пародия түсірдім. Сол видеоларыма барлығы «сенің өзіңнің сөйлегенің тәтті, сөйлеп түсірші» деп айтатын. Себебі өз ортамда өте белсенді, әзілқоймын. Бір күні 3 минуттық макияж түсіру трендке шықты. Тамыз айында сол видеоны сөйлеп отырып салдым. Видеом рекомендацияға шығып, көп оқырман жинадым. Сөйтіп, қолданушым көбейіп, қазір 140 мыңға көбейді.


- Жалпы мамандығың қандай? Қандай оқу орнын бітірдің?


- Қызылорда мемлекеттік Қорқыт ата университетін бітірдім. Мамандығым – биология пәні мұғалімі. Бірақ, мамандық бойынша мүлдем жұмыс істеп көрмедім.


- Тик-ток түсірудің саған қандай пайдасы бар?


- Негізі жарнама болса, Тик-токтың пайдасы көп. Бірақ менде жарнама салудан қорқыныш бар десем болады. Сол үшін мүлдем жарнама алмауға тырысамын. Кей кездері өтініштер түседі. Соған байланысты арасында жарнамалаймын. Жалпы, Instagram -да болмаса, Тик-токта мүлде жарнама алмаймын.


- Бір видео түсіру үшін күнделікті айтатын әңгімеңді жоспарлап аласың ба?


- Бір видеоны жоспарлап түсірген емеспін. Көпшілігі «сценарий құрастырып, арнайы ойластырасың ба?» деп сұрап жатады. Мүлде олай емес. Камераны қосып, бірден түсіремін. Тіпті монтаж да қолданбаймын. Алайда, екінші рет ол видеоны кері қарамаймын. Бастысы боқтық сөздер қолданбаймын әрі жеңіл оқиғаларды айтып саламын.


- Тик-токта айтқандарың қалжың ба, шындық па?


- Тиктокта айтқан оқиғаларымның барлығы рас. Менде самоирония жақсы, өз-өзіме күліп аламын. Өйткені ондай болмаса, өмір де сүре алмайсың. Кей кездері қоғамда болып жатқан оқиғаларды әзіл ретінде де жеткіземін.


- Аудиторияң кімдер, сені кімдер көреді? Саған қандай пікірлер жазылады?


- Бастапқыда тикток аудиториям кішкентай балалар болды. Қазір өзім қатарлы, шамамен 18-44 аралығындағы адамдар қарайды. Маған көп қолдау көрсетеді. Басында өте ұялшақ едім. Тек өз ортамда күлдіріп отыратынмын. Қазір ашыла бастадым. Соның барлығы аудиториямнан кері байланысы, жақсы лебіздердің келуінен деп ойлаймын. Ұялшақтығымды жеңуге көмектесті. 95 пайызы жақсы пікірлер, 5 пайызы ғана хейттер болуы мүмкін. Бірақ аудиториям позитивті болғандықтан хейт пікірлермен бетпе бет келмедім.


- Дайректке келетін сұрақтарды бағыты бойынша бөліп, ең қызық/тосын сұрақтарды айтшы.


- Неше түрлі адам бар. Бірде «менімен бірге киін» айдарын түсірген кезде капронымды көрсетпей киіп алғанмын ғой. Соған «капроныңды неге көрсетпейсің, демек жыртық болған ғой» деп жазды. Шок болған пікір сол болды. Хейт пікірлерге күлкілі етіп жауап беруге тырысамын. «Мен сізді жақсы көремін» деп жекесіне жазып жіберемін. Көңіл-күйім болмаған кезде сөйлеп тастауым мүмкін (күліп).


- “Мен өзімнің вкусымдағы қыз емеспін” деп өзіңнің минустарыңды жиі айтасың. Қазір өзіңді қабылдау деген трендке айналды. Неге өзіңді төмен бағалайсың?


- Шыны керек, "я не в своем вкусе" болғаным рас. Қазір мен өзімді қабылдадым. Алла берген келбетімді жақсы көріп үйрендім. Себебі маған көптеген оқырмандарымнан сырт келбетіме байланысты жақсы лебіз-пікірлер келеді. Сол маған жігер берді. Барлық адам арық болса дым қызық емес қой. Мен сол стандартқа кірмейтін сұлулардың қатарынан болайыншы (күлді).

- Хейттердің ішінде “мына түріңмен әлі 2-3 жыл отырады екенсің” деген пікірлерді байқап қалдық. Мұны қалай қабылдадың?


- Хейтер маған берілген жанкүйерлерім ғой. Олар барда мен өсіп-өнемін. Адам баласы жан-дүнием үшін ұнатсын, сырт келбет, қалған дүние ол уақытша. Егер сырт келбетімнен өтіп, жан дүниеме үңілсе маған бірден ғашық болатыны сөзсіз. Себебі мен жақын тартқан адамдардың қасында 100% әзілқоймын. Қасымдағылар күлкіге қарқ боп жүретін болады. Ал мен сол үшін сауап жинаймын.


- Пікірлердің арасында "жұмыс істемейсің ба, жұмысқа тұрып алсай” деп жазған екен. Бұған қалай жауап бересің?


- Қазіргі жұмысым - блогерлік. Әлеуметтің желінің дамыған шағында бір жерде отырып, жұмыс жасамай-ақ, еркін графикте болғанға не жетсін?!


- Келініңе қандай қайынапасың? Қарым-қатынастарың қай деңгейде? Еркелігін, қателігін көтересің бе?


- Басында қайын апа деген "мини ене" деп ойлағанмын (күлді). Кішкентай кезімде сіңілім болғанын үнемі армандайтынмын. Алла маған сондай сіңлі етіп, келінімді сыйлады. Келінімді қатты жақсы көремін. Кейде бұрқылдап сөйлейтін сәттер де болады. Бірақ менің оған деген маххаббатым бәрін жеңіп кетеді. Інімнің арқасында келінім сіңліме және құрбыма айналды.

Еркелігін де, қателігін де көтеремін. Бірақ идеалды адам жоқ, өзім де бұйырса біреудің келіні боламын. Сондықтан не болса да түсіністікпен қараймын. Келінімнің мен жақсы көретін бір қылығы бар. Ол әңгіме айтқанымен ұйқасын келтіре алмайды. Сол кезде қабағы түйіліп кетеді. Сол қылығын көрсем күлкім келеді. Өзіне сондай жарасады.


- “Ұзатылатын кезде мені көтеріп әкететін жігітке тұрмысқа шығамын” деген едің. Ойыңдағы жігіт өміріңде жолықты ма?


- «Ұзатылатын кезде мені көтеріп кететін жігітке тұрмысқа шығамын» деп айттым. Оны бәрі денелі, дәу жігіт іздеп жүр деп ойлапты. Олай емес, денесі арық болса да, күші көп. Бірақ әлі ондай жігіт кездестірмедім (күліп).