«Түрмедегі 5 жылым тозақпен тең болды»
ЕСКЕРТУ: Cұхбатты рұқсатсыз көшіріп басуға тыйым салынады!
Сандуғаш Жұмабек есімі әлеуметтік желіде отыратын кісілерге жақсы таныс болса керек. Осыдан 7-8 жыл бұрын ол қолына пульт ұстап ән айтқан видеоларын желіге жүктейтін. Кейін басына іс түсіп, абақтыныдан бір-ақ шықты...
- Сандуғаш ханым, жағдайыңыз қалай? Шатаспасам сіз 2015 жылдары әлеуметтік желіде пульт ұстап ән айтатын едіңіз. Жалпы, осы әншілік, өнерге деген қызығушылық сізге қайдан келді?
- Шүкір, жақсымыз. Иә, бір күнде отырып, қызық көріп үйде пультпен ән айтып отырғанымды желіге жүктей салып ем, достарымнан сұраныс түсіп, «жұп болсын» деп қызықшылыққа ұласып кетті. Осылайша «Пультовый» әншіден «культовый» әншіге айналып шыға келдік.
Жалпы, әнге бала күннен құмармын. Кішкентайымнан қасық, шанышқыларды ұстап тұрып ән айтушы едім. Мектепте қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, концерттерге қатысып, жүргізуші боп жүргенмін. Кейін есейіп, тұрмысқа шығып, екі қызым бойжетіп, басыма қиындықтар түсе бастағанда жаныма жалау, демеу бола білген Гүлдария деген апайым «ән айтыңыз, сізде сондай қасиет бар, ән айтсаң көңілдегі қайғың сейіледі, өмірге басқаша қарайсың» деп ақыл айтқасын Ләззат Байырбековамен ілесіп, тойларға шығып, шоу-бизнеске келіп қалдым.
- Қазір де әншіліктен, тойдың ауылынан алыстаған жоқсыз. Шақыртулар көп пе? Репертуар жағы қалай боп жатыр, жаңа әндер жаздыру ойда бар ма?
- Араға біраз жыл салып, әншілікке қайта келдім. Тойға шақыру өте көп. Арасында алдымен шақырып алып, артынан тағдырымды есітіп «отказ» жасап қалады. Дегенмен бұйырған несібесімізді теріп жеп жүрміз. Қазақ халқына басымды иіп алғысымды айтамын, ештеңеге қарамай мені төріне шығарып, әнімді сүйсіне тыңдап, сыйлап жатқандарына мың алғыс. Осыншама қиындықтан әуелі Алла, сосын халықтың арқасында бойымды қайта тіктедім. Қазір еліміздің барлық қаласынан шақыртулар түсіп жатыр. Жайлап-жайлап ән жаздырып, киімдерімді тіктіріп, тіршілігімізді жалғастырып жатырмыз.
- Сіздің тағдырлы әйел екеніңізді білеміз. Үй мәселесіне қатысты дау туып, туған құда-құдағиыңыз, тіпті кіші қызыңыз үстіңізден арыз жазып, соттатып жіберді. Қазір қызыңызбен араласып тұрасыз ба?
- Аңалдығымның, сенгіштігімнің кесірінен тағдырдың таяғын жедім. Солай жақын адамдарым, қасымда жүрген құрбыларым өзіме тұзақ құрып, менің жалғыз екенімді, артымда арқасүйер адамдардың жоқ екенін біліп менің үстімнен арыз жазды. Негізі олардың басты мақсаты ақша да, басқа да емес, менің баспанамды тартып алу болды. Оған құдағиым мен қызымды пайдаланды.
Қызым әлеуметтік желіде маған қарсы шығатынын мәлімдеп, бұл үлкен резонанс туғызды. Бірақ қызымның солай айтуына өзім рұқсат беріп, айтып отырдым. Себебі әлгі доссымақтарым екі қызымның да шаңырақтарын шайқалтуды көздеді. Өзім әкесіз өскем, қыздарым да әкесіз өсті, енді немерелерімнің жетім көңіл болғанын қаламадым. Кіші қызыма «қандай жағдай болмасын отбасыңды сақта, немерелерімді әкесінен ажыратпа! Айт дегендерін айта бер, жаз дегенін жазып бер, мен анамын, не десең де сенен бас тартпаймын, ешқайда кетпеймін. Сол қайын жұртыңның жағында бола бер» деп рұқсатымды беріп қойдым. Бірақ енді пендеміз ғой, кейде арасында, қатты қиналып кеткенде қызыма да өкпе-ренішімді білдіріп қоятынмын.
Менің тағдырым үлкен қызымның отбасына да әсер етті. Кіші құдаларым Шымкенттегі үлкен құдама барып, арандатпақшы болды. Бірақ үлкен құдам көргенді адам, ешкімнің сөзіне ілеспеді, қосыла жамандаған жоқ. Бес жыл түрмеде отырғанда сонау Шымкенттен келіп, жағдайымды сұрап тұрды. Қысқасы, екі қызыммен бәрін жеңіп шықтық. Кіші қызым түрмеден шыққанда немелеріммен келіп, күтіп алды. Қазір күйеу балам екеуі шетелде тұрады, хабарласып, хат алмасып тұрамыз.
- Әншіліктен бөлек блогерлік қырыңызбен де елдің көзіне түстіңіз. Өз тағдырыңызды, көрген-білгеніңізді көпшілікпен бөлісіп отырасыз. Қанша оқырманыңыз бар? Олармен байланыс қалай?
- Тағдырыңды жасыру мүмкін емес, «ел құлағы – елу» демекші, мен туралы небір әңгіме айтылды. Солардың бәріне тосқауыл қояйын, әрі менің өмірімнен өзгелер сабақ алсын деген ниетпен әлеуметтік желілерден қайта парақша ашып, өз өмірімді жаза бастадым. Қазір «Инстаграмда» 24 мыңға жетерлік оқырманым бар, «Фейсбукте» 10 мыңнан асып жығылады. Күніне 100-150 адамнан қосылып жатыр. Жазғандарымды қызықтап оқып, оны өзара талқылап, жекеме пікірлерін білдіріп тұратын тұрақты оқырмандарым бар. Менің бір жақсы жерім, күн-түн демеймін, хат жазған адамның бәріне ерінбей, жауап беріп, білген ақылымды айтып отырам. «Курс ашыңызшы, өз өміріңіз туралы кітап жазыңызшы, біз алып оқимыз» деп ұсыныс білдіргендер де көп.
- Темір тордың арғы жағында неше түрлі тағдыр бар, неше түрлі әйел отыр. Абақтыда нені ойладыңыз, нені уайымдадыңыз?
- Түрмеде отырған әйелдердің бәрі кінәлі, бәрі шетінен қылмыскер деп ойламау керек. Өзіңіз айтпақшы, неше түрлі тағдырмен, алданып, арбалып, санасы уланып, кейіннен өкініп отырған әйелдер өте көп. Қорғансыз, ақшасы жоқ әйелдердің өкініші бір бөлек әңгіме. Заманның көшіне ілесе алмай, ақ екенін дәлелдеуге шамасы келмей, біреудің жазасын арқалап қалғандар қаншама. Бес жылым тозақпен тең болды, қайсыбірін айтайын... Ондайды ешкімнің басына бермесін.
Біз, адамдар, пендеміз ғой, бостандықтың қадірін қазір ешкім түсініп жүрген жоқ. Кейде тоңазытқыштағы онша-мұнша тамақты ашытып, бекерге төге саламыз, көгермеген нанды қоқысқа тастай саламыз, көп қой айта берсең. Соның бәрін ана жақта отырғанда ойлайды екенсің, барлық нәрсенің сұрауы бар болатынын түсіндім. Абақтының ақ нанынан үйіңдегі қатқан, көгерген нанның бір тілімі мың есе артық екен.
Мына өмір – қасқырлардың заманы, аңғал, сенгіш адам болсаң түбінде өзің қор боласың. Соларды ой елегінен өткізіп, екі қызымды ойлап жүріп 5 жылды артқа тастадық. Маған тас атқан адамдардың арқасында үлкен өмір мектебінен өттім, көзқарасым өзгерді, құндылықтардың байыбына баратын болдым. Қазір оларға дым ренжімеймін, жолдары ашық болсын деп тілеймін деп қоям.
- Қазіргі тұрмыс-тіршілігіңіз қалай? Негізгі табыс көзі қайдан түсіп жатыр?
- Табыс көзі тек осы той-томалақтан боп тұр. Түрмеден босап шықсам да әлі 5-6 жыл бақылауда болады екем, шоттарымның бәрі бұғаттаулы. Жазамды өтеп келсем де, арызданғандар пәтерімді тартып алса да, менің қарызым әлі шегерілмеген. Сондықтан әлі де проблемалар бар.
Түрмеден шыққасын бірден ән жаздыруға кірістім, одан босай қалғанда аула да сыпырдым, гүл суарушы боп та істедім. Қазір үйде тұшпара түйіп, соны сатып, күнелтіп жүрмін. Ауылдық жерлерге «Тағдырым – тұмарым» атты рухани кештер өткізуді бастап кеттім. Сол билеттерден түскен ақшаға «Өжет қыз» атты кітабымды шығарсам деп жоспарлап отырмын.Өзімнің авторлық әнім бар, соған бейнебаян түсіріп, жұртшылыққа ұсынғым келеді. Арманым көп, мақсатым айқын, Алла амандығын берсе, сол жолда шаршамай еңбек ете берем.
- Ниетіңізге жетіңіз, аман болыңыз!
Сұхбаттасқан – С. КЕНЖАЛИЕВА.