Мақпал Жұмабай: ​«Біз уақыттың үстіне шығуымыз керек»

0
1 510

Менің бүгінгі кейіпкерім - нәзік мақамымен өлең өлкесінде дара болмысын қалыптастырған, «Жаңғырық», «Жауһар» сынды жобалардың авторы әрі жетекшісі, ақын, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі Мақпал Жұмабай.


Мақпал Жұмабай: ​«Біз уақыттың үстіне шығуымыз керек»

Қарашаш Есенбай: Сәлеметсіз бе, Мақпал ханым! Концерт алды қарбаласқа қарамастан, сұхбат беруге келіскеніңізге рахмет! Шығармашылықта да, қызметте да жақсы жаңалықтар болып жатыр, сізге сәттілік тілейміз! Мақпал ханым, концертіңізге дайындық қалай жүріп жатыр? «Мақпалшер», «Ауа» секілді тамаша жобаларыңыз бар. Ал «Erteñ» осы аталмыш жобалардан несімен өзгеше, несімен ерекшеленеді?

Мақпал Жұмабай: Жалпы менің шығармашылығыммен таныс қауым жақсы біледі, мен тек концетуалды ғана концерттер жасаймын. Ол бірнеше жылда бір-ақ рет болады.

Концерт көкейкесті ойларға құрылған перформанстармен және көркемдік әрі визуал шешімдермен ерекшеленеді. Сонымен қатар жасанды интеллект мүмкіндігін көркемдік деңгейде пайдаланған Қазақстандағы тұңғыш концерт болмақ.


Қарашаш Есенбай: Концерттің атауына тоқталып кетіңізші? Неге «Erteñ»?

Мақпал Жұмабай: «Erteñ» - бүгінгі мен кешегіні зерделей отырып, ертеңге көз тастау, ертеңге дайын болу туралы толғаныс. Бұл деген ертеңді сағыну, ертеңге үміт арту. Бүгінгінің әр сәті ертең үшін екенін қабылдау, ертең үшін қалтқысыз, қайтарымсыз қызмет ету.

Бұл концерттің басқалардан ерекшелігі біздің команда жасанды интеллект мүмкіндігін қолданғалы отыр. Яғни ол сахнадағы қойылымдармен астасып, біртұтас организм сынды жұмыс істейді. Бұл біздің күнделікті естіп-көріп жүрген дүниелерден бөлек. Сол себепті де кей тұсында санаңызды төңкеретіндей әсер беруі мүмкін. Жалпы өнердегі эксперименттерді қабылдау керек, жасау керек, көру керек, сынау керек, талқылау керек, зерделеу керек.

Концептуалды концертте 60 баладан тұратын “Айналайын” хоры және кәсіби актерлер өнер көрсетеді. Сондай-ақ,сахналық қойылымдар қойылады. Концертте бұл жолы 17 автордың туындысын ұсынамын.


Қарашаш Есенбай: Жасанды интелект қолданылады деп жатырсыз. Сіздің концертіңізге барған тыңдарман өзін көре ала ма?

Мақпал Жұмабай: Менің концертіме келген адам өзінің жан арпалысын көреді, өзінің құндылықтарын көреді. Себебі қай заманда да құндылықтар өзгерген емес. Уақыт өзгерер, қоғам өзгерер, заңдылықтар өзгеруі мүмкін, бірақ адамның бес сезім мүшесі өзгерген емес. Менің концертімде адамның жанын, жүрегін, сезімін, адами құндылықтарын сақтау туралы толғаныс көрсетіледі десем болады.



Қарашаш Есенбай: Әндеріңізді тек жанды дауыста, бэндпен бірлесе орындайсыз? Бұл сонда қатып қалған талап па?

Мақпал Жұмабай: Ия, әрине, мен көп жерде тек жанды дауыста ән айтамын. Мен еліміздегі алғашқылардың бірі боп, жанды дауыс қозғалысын жасадым, «Жаңғырық» жобасын ұйымдастырдым. Өнер адамдарының тек қана жанды дауыста, авторлық әндерін жарыққа шығаруына мұрындық болғанымды, ықпал еткенімді мақтанышпен айта аламын. Қазіргі уақытта жанды дауыста ән айту тренд десем болады.


Қарашаш Есенбай: Сіз шығармашылыққа уақыт арнайсыз ба? Әлде шабыттың келуін күтесіз бе?

Мақпал Жұмабай: Менің өмірімде қарсылық тудыратын сөз «шабыт». Шабыт деген жалпы шартты нәрсе. Егер шабытты күтіп отырсаңыз, жүз жыл өтуі мүмкін, ал қазіргі бойыңызда болып жатқан дүние, ойлар, соның барлығы шығармашылық. Оны қағазға түсіру үшін ғана уақыт арнаймын. Мен жастарға «шабытқа уақыт арнама, сонымен өмір сүр, жүр, күл, зертте» деймін. Отырсаң да, жүрсең де тұрсаң да сол ойлармен өмір сүр, сұрақтарға жауап ізде. Сосын қағазға түртіп ал. Бір күні нәтижесін көресің. Роботтармен таласып, жарысып жатқан заманда, диванда отырып шабыт күту үлкен қателік болуы мүмкін. Біз ондай уақыттан өтіп кеттік. Бұл әрине, менің үлгім. Егер осы үлгі біреуге ұнаса, осыны алуы керек. Мен көп салаларды зерттеп көрдім. Мен сол зерттеген саламды, игергенімді өнерге айналдыра беремін. Адам бойында болатын процесстерді молынан сезінемін де сосын соны шығармашылыққа айналдырамын.


Қарашаш Есенбай: Сіздің «Қара жәшік» әніңіз танымал. Әннің алғы сөзінде «Әрбір адамның ішінде бір сыр бар, ешкім аша алмайтын» деп түсініктеме беріп кетесіз. Мақпал сол «Қара жәшікті» жалғыз қалғанда аша ала ма? Қай Мақпал сізге жақынырақ?

Мақпал Жұмабай: Ішімде бір дирекция бар. Қоғам жұмыстарды атқаратын Мақпал, ақын Мақпал, қызметтегі Мақпал... Шығармашылық дирекция, мынау отбасы, мынау қызмет демекші, жалпы қызметте жүріп шығармашылықпен айналысу оңай емес, бірақ барлығының ішінен үйлесім таба алсаңыз бәріне үлгеруге болады деп ойлаймын. Ал егер маған мүмкіндік берілсе, мен тек «Мақпалшер» болып өмір сүрер едім. Мен «Мақпалшерді» дамыту үшін, соны шығару үшін жұмыс істеп жатырмын. Біз қазір өнер адамдары бір бағытта ғана тоқтап қалмай, жаңа салаларды меңгеріп жатырмыз. Себебі, бізге, өнер адамдарына өз өздерімізді қолдау керек. Осыдан он жыл бұрын мені қабылдай қиын болған, ал қазір оңай. Ең кереметі, менің тыңдармандарым жасарып жатыр. Он бес, он алты, он жеті жастағы тыңдармандарым бар, олардың көбейгенін, жасарғанын жүрегіммен сезіп жүрмін. Шығармашылық адамы үшін уақытта шектеу жоқ деп білемін.



Қарашаш Есенбай: Дәл қазіргі уақытта көп адамдар бір жұмыстың басын құрай алмай жүреді. Сіз уақытты қайдан табасыз? Қалай бәріне үлгересіз?

Мақпал Жұмабай: Уақыт шартты нәрсе, уақыт жоқ болуы да мүмкін. Ал шын мәнінде, біз уақыттың үстіне шығу керек деп ойлаймын. Уақыт бізді қорқытып, жаншып, илеп, өз дегеніне көндіріп алды. Біз қазір уақыттың дегенімен жүреміз. Ал өнер біздің сол уақыттың үстіне шығуға мүмкіндік береді. Мен өзіңм сол тәжірибені қолданамын. Шартты түрде уақытты тоқтата аламын, көп жұмысты бітіруге жиырма минутымды жеткізе аламын, бұл мен үшін дағды, оған әбден үйрену керек. Мен кейде аптасына жиырма минутымды ғана шығармашылыққа арнаймын. Бірақ сол кездің өзінде көп дүниелер, үлкен дүниелер жасадым деп ойлаймын. Егер сіз қаласаңыз бір минутта сізге шексіз болып кетуі мүмкін. Адам уақытқа деген көзқарасын өзгерту керек, уақытты өзіне бағынышты ету керек. Уақытты басқаруды үйрену керек. Кішкентай уақыттан бәрін алуға болады.


Қарашаш Есенбай: Сіз «Кітапкз» жобасын Қазақстанның ашық кітапханасын жасауға ат салыстыңыз. Бес жылда түйгеніңіз көп болар?

Мақпал Жұмабай: Ия, түйгенім көп. Мен «Алаш» қайраткерлерінің өте көп сала бойынша эксперт болғанын білдім. Мысалы, Мағжан Жұмабаев педагогиканы жазды, Ж.Аймауытов психологияны жазды, С.Асфендияров өзі тарихшы болса да медицинаны жазды. Олар ән жазды, олар этнограф болды, олар фундаментальды ілімнің негізін қалады. Біздің алдымызда өмір сүрген лег, толқын қандай қазақ болуымызды көрсетті деп айта аламын. Егер бойыңызда ерекше қабілет барма оны ашуға, көрсетуге адам ұялмау керек. Адам он адам болып та өмір сүре алады. Қазіргі заманда бір немесе екі адам болып өмір сүру қызық емес, кем дегенде бес немесе алты саланы меңгеруге болады.


Қарашаш Есенбай: Сіз әлеуметтік парақшаға жариялаған бір өлеңіңіздің астына «Анам оқымасын» деп жазып қойыпсыз. Сонда сіз өлеңнің сиясы кеппей тұрып Биғайша Медеуге оқытып аласыз ба? Биғайша апай сізге не деп шектеу қояды? Қалай сынайды?

Мақпал Жұмабай: Анам маған шектеу қоймайды, бірақ өз пікірі мен ойын айтып отырады. Кей өлеңдеріме қатты сын айтса, кейде мақтап қояды.


Қарашаш Есенбай: Анаңыз былтыр жетпіске келді. Балалары өсті, өз қолдары өз аузына жетті. Апай күйбең тіршіліктен қолы босап,шығармашылыққа әбден уақыт тапқан болар?

Мақпал Жұмабай: Анама әпкем Тоғжан екеуміз күнде жазуға отыр деп талап қоямыз. «Мама, өлең жаздың ба» деп қадағалайтын кезімізде бар.


Қарашаш Есенбай: Сіздің заманауи кеңістігіңіз бар. Алматылық жастардың басын қосатын «ӨзгеЭпикте» қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Әу бастағы жоспар мен мақсат жүзеге асып жатыр ма?

Мақпал Жұмабай: Ия, біз жас актерлер мен режиссерлерге, жас драматургтарға мүмкіндік беру мақсатында шағын ғана кеңістік ашқан болатынбыз. Кеңістіктің жұмысы бір ізге түсіп, қарқынды дамып келді десем артық емес. репертуарымызда бірнеше спектакль мен арнайы резиденттеріміз де бар. Т.Жүргенов академиясымен арнайы мемарандумға отырдық. Былтыр Түркістаннан филиалымызды аштық. Түркі дүниесінің бесігі атанған Түркістан қаласында өнердің дамуына үлес қоссақ деймін. Жалпы еліміздің бірқатар қалаларынан ашылсақ деген жоспарымыз бар.


Қарашаш Есенбай: Уақыт тауып сұхбат бергеніңізге рахмет! Сізге сәттілік тілейміз!