Той әнін де, лириканы да әр жүрекке жеткізе алу көпке бұйыра бермейді. Бірақ ол оның бағына бұйырған сыңайлы, себебі оның өзіндік үні, әдемі бояуы бар. Тойда "Шаршамаға" қалай шаршамай білесеңіз, "Сен туралы" әнін де қиылға беріліп шаршамай тыңдауға болады.
Менің бүгінгі кейіпкерім – эстраданың «Ханзадасы» болуды армандайтын Мұхтар Ханзада.
- Қайырлы күн, Мұхтар! Өзіңізбен үш жыл бұрын сұқбаттасқан едік, біраз уақыт өтті. Қазіргі таңда шығармашылығыңызда не жаңалық?
- Биыл концерт беру жоспарымда болған. Бірақ репертуарымдағы әндерімді қарасам, көбі көңілді нотадағы әуендер екен. Қазір басқа да жанрдағы әндермен толықтырып, патриоттық, туған жер тақырыптарында да туындылар жазудамын. Осы себептен жеке концертімнің уақытын кейінге шегеріп тұрмын. Десе де көп күттірмеймін деп ойлаймын.
- Тойға жиі шығасыз. Халық қай әніңізді көп сұрайды?
- Әр әншінің "паспорты" болатыны секілді паспортым "Шаршама" әні. Сонымен қатар, "Сен туралыға" екі жас вальс билеп, сол әніммен де жиі шақырады. Екі жыл ішінде 70-ке жуық ән жазыппын. Бұл оңай емес. Есіме түсіп отыр, "Шаршама" әнін бір апамыз "қазақтың лезгинкасы" болады деп еді. Сол айтқандай, "Шаршамамен" шаршатпай келе жатырмыз (күліп).
- Кезінде топ болып, прдюсерлеріңіз болған еді. Қазір продюсеріңіз бар ма, жұмыстарыңызбен кім айналысып жатыр?
- Қазір жеке өзім жұмыс істеп жатырмын. Әндерімді де өзім қадағалап, барлығын қарап отырамын. Дегенмен қасымда ақылшы інілерім көмекші болып жүр.
- "Репертуарымда көңілді әндер көп екен" деп қалдыңыз. Бұл тойға ғана ән арнап жазатыңыздан ба?
- Олай емес. Жалпы көңілді де, баяу әнді де айта беремін. Көңілді әндерді өзім жақсы көретін болғасын шығар, таңдауым соған көп түседі.
- Әлеуметтік желіде қаншалықты ашық әрі шынайысыз?
- Күнделікті хабарламаларды қарамағанмен, әркез танысып отырамын. Сын-пікірлерді жақсы қабылдаймын. Жаңа әндерім мен қуанышты жаңалықтар болса бөлісемін. Көрерменнің де іздегені осы деп ойлаймын.
- Бұған дейін әнші қыздармен бірнеше дуэт жазған едіңіз. Соңғы кездерді туындаларыңыздың көбі жеке дара. Мұның сыры неде, әлде жиі сынға қалудан шаршадыңыз ба?
- Бұл енді арнайы жоспардан емес. Жеке шығармашылығымды дамытып, концертке дайындықтан басталды. Жалпы дуэт айтуда ешқандай кедергі жоқ. Әндердің көбі жеке өзіме арнап ұсынылады, бәлкім дуэтке сұранып тұрған шығарма болса айтып та қалармыз...
- Өзіңізді тойдың әншісі санайсыз ба?
- Жоқ, әр әншінің өзінің бағыты бар. Көңілді әннің бәрі тойдың әншісі деген сөз емес қой. Кәсіби музыка маманы болғандықтан, той әншісі деп санамаймын. Сыршыл әндер де репертуарымда бар.
- Уақыт бөлгеніңізге рақмет! Концертіңіз де кездесейік!