"Оралман екенімді айтуға ұялатынмын": Блогер Аңсаған Садырханов стендап арқылы қалай танылғанын айтты

0
4 637

Блогер Аңсаған Садырханов сәуір айында Алматы және Астана қалаларында жеке концертін өткізбек. Бұған дейін Мирас Жүгінісов пен Тұрар Ыдырысовтың кешін басқарған ол стендап ретінде де танымал. Аңсаған Садырханов ҰБТ-ны бірнеше тапсырғаны, жеке өмірі, орындалмай қалған армандары мен стендап жазу стилі туралы ernur.kz сайтына айтып берді.


Аңсаған, оқырмандар сізді стендапер, блогер ретінде таниды. Жалпы мамандығыңыз қандай?

Қазіргі таңда стендапер болғаныммен бұған дейін блогер ретінде танылдым. Мамандығым мүлде басқа салада.


Иә, ҰБТ-ны үш рет тапсырып, құрылыста жұмыс істегеніңізді баяндаған бейнежазбаңызды көрген едік.

Оның тарихын айтып берейін.Мектеп бітірген соң қазақ әдебиетін таңдадым. Журналист болғым келді. Қатты армандаған едім. Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына тапсырдым. Бірақ грантқа бір балл жетпей қалды. Қатты өкіндім. Сынып бойынша мен ғана грантқа ілікпей қалдым. Анама «бір жыл жұмыс істейін» деп айттым. Сөйтіп, құрылыста бір жылдай жұмыс істедім. Сосын бір жылдан соң арманымды орындау үшін нақты журналистикаға тапсырамын деп шештім. Журналистикада шығармашылық емтихан мен кешенді тестілеуде тапсырған қазақ тілі мен тарих пәнінен алған баллды есептеді. Барлығы 97 балл болды. Ал, грант 98 баллдан басталды. Сосын анама «тағы бір жыл жұмыс істейін» деп көндірдім.Келесі жылы физика таңдап, Аграрлық университетке грантқа түстім. Осылайша өзімнен екі жас кішілермен оқыдым. Студенттік кезде жоғалтқан екі жылымды қайтарғым келетіндей мотивация болды. Әр күні түрлі шараға қатыса беретінмін. Сөйтіп, КВН ойындарына қатыса бастадым. Тобымызбен Жайдарманға шығып, одан вайнерерге сценарий жаздық. Кейін арналарға сценарий жазуға сұраныс түсті. Сөйтіп, Алматыға көшіп кеттім де стендап аштық.


Стендап жазу қаншалықты қиын? Несімен ерекшеленеді?

Негізі стендап деген сені мазалайтын ойлар немесе бойыңдағы комплексіңмен күресеотырып, көрерменгежеткізу. Стендапқа өзімдегі барлық қорқыныштарымды жинап, айтуға тырысамын. Қазір бәрі маған оңай. Оралман екенімді жиі айтамын. Бұрын осы үшін ұялатынмын. Негізі таза қазақпын. Бірақ осы нәрсені айтуға бірдеңе жібермей тұратын. «Өзбекстаннан көшіп келдім» дегенді мойындау қиын еді. Стендапқа осыны жаздым. Миллион көрілім жинады. Сөйтіп бұл комплексім жойлылды. Енді өзіме мәз болып жүрмін.


Қазір ойда жүрген қандай тақырып бар? Жалпы қай тақырыбыңа кері байланыс жақсы болды?

Қазіргі жастардың үйленбеуі туралы айтқым келеді.Мұны туындата берсек көп қой. Соның бір мысалы өзім десем болады. Қыздармен кездесуде үнемі бір ситуацияларға тап боламын. Бір күні кездескен қызымды үйіне дейін шығарып салу керек болды. Менде көлік жоқ, сол үшін такси шақырдым. Сөйтіп, қызды бергі жақтағы есігінен отырғыздым. Екінші жағынан өзім мінемін ғой деп ойладым. Қызды мінгізген соң, көлік жүріп кетті. Артынан жүгірейін десем ыңғайсыз болды. Сосын жайлап көлікке қарай жүрдім. Көлік тоқтады да, енді есігін ашайын деп жатсам кетіп қалды. Ашуланып кеттім әрі өте жаман күйде болдым. Сөйтіп, төлемді қолма-қол деп өзгерте салдым. Бәлкім, дұрыс емес шығар. Бірақ солай еттім. Киноға бару туралы да стендап түсіргенмін. Бір билеттің құны - 2900 теңге. Бұл деген қазақстандық киноның жалпы бюджетінен көп қой. Екі адамға 5800 теңгеге билет аласың, 5-6 мың теңгеге тәтті тамақ, су аласың. Сөйтіп, 12 мың теңгеге кіресің. Киноға кірген соң қыз киноны көрмей, қалғым отырады. Сосын ашуым келіп, оятқым келеді. «12 мың теңге төледік қой, көр» деп айтқым келеді. Дегенмен, мұның бәрі үнемі қайталана бермейді. Есімде қалып қойғандарын үстемелеп, стендапқа ұсынамын.



Тақырыптар ойыңа қалай келеді?

Қазір мені не мазалайды, не байқаймың, соны түртіп алып жазамын. Бізде техникалық тексеру кеші болады. Сонда 10 минуттық әзіл айтамыз. Соның ішінде сәтті өткенін әрі қарай дамытамыз. Осылай стендап тақырыптары шығады.


Отбасың туралы айтсаң?

Анам және Алфия есімді қарындасым бар. Әлпи деп еркелетемін. Анам - менің қолдаушым. Кез келген ісімде сәттілік тілеп, батасын беріп отырады.Барлық ісімді анам қуансын деген ниетпен жасаймын. Ол ең жақсының бәріне лайық деп есептеймін. Әркез ақылдасамын. Сосын әлеуметтік желіде көрсететін Луи деген мысығым бар. Атын «Луи» деген әннің құрметіне орай қойғанбыз.



Журналистика мамандығын бітірмесең де, тележүргізушілік қырыңды байқадық. Алдағы уақытта да концерт жүргізу ойда бар ма?

Иа, достарым Мирас Жүгінісов пен Тұрар Ыдырысовтың концертін жүргіздім. Оқырмандар жақсы қабылдады. Биыл да Қазақстанның барлық қалаларына гастрольдік сапармен барамыз. Концерттерін мен жүргіземін.


Арманың қандай?

Осы уақытқа дейін өзімді таппай әр салада байқап көріп жүрген едім. Енді миссиямды таптым десем болады. Стендап, сценарий жазу – нағыз өзімнің шабыттана істейтін жұмысымның бірі. Блогымда әртүрлі сұрақ-жауап айдарым бар, подкастқа қатысамын. Мұның бәрі мені қанаттандырады. Әрі қарай осы салада өскім келеді. Бұйырса сәуір айында Алматы және Астана қаласында жеке концертім болады. Бұл – ең үлкен жетістік. Енді абыроймен өткізіп шықсақ екен. Ал ең үлкен армандарымның бірі – сериал түсіру. Анам қуанатындай, мақтанатындай сериал болғанын қалаймын. Бұл үшін жұмыстану керек.


Сенің ойыңдағы қыз қандай болуы керек?

Ибалы, инабатты деп әдеби сөйлемеймін. Бастысы бір-бірімізді түсінетін, өз адамым жолықса бірден білемін деп ойлаймын. Анама жақсы келін керек. Белгілі бір талаптар бар. Оны кездескен кезде талқылаймыз деп ойлаймын.