​«Семіріп кетіпсің, сахнаға шығармаймыз»: әнші-сазгер Бота Бейсенова сұлу сымбатының сырын ашты

0
8 047

«Балалар композиторы болу – үлкен бақыт»


​«Семіріп кетіпсің, сахнаға шығармаймыз»: әнші-сазгер Бота Бейсенова сұлу сымбатының сырын ашты

Өнерде де, өмірде де жарасымын тапқан әнші жұптардың бірі – Ғани мен Бота. Олардың артынан артынан артық-ауыс сөз ермеген, үлгілі отбасы. Бота Бейсенова әншіліктен бөлек балалар композиторы боп елге пайдасын тигізіп жүр. Таяуда ERNUR.KZ тілшісі Бота ханыммен сұхбаттасып, көкейде жүрген сауалдарына жауап алды.


- Бота ханым, жағдайларыңыз қалай? Үй іші, бала-шаға тегіс аман ба, әңгімемізді амандасудан бастайық...

- Шүкір, рахмет, барлығы жақсы. Ғанекең жанымда, қызым тоғызыншы сыныпта оқып жатыр, ұлымыз үйленетін жасқа келді. Келін әкелетін күнді асыға күтіп жүрміз. Әйел үшін бұдан асқан бақыт бар ма?


- Әрине, бақыттың үлкені – балалардың амандығы ғой. Ғани мырза екеуіңіз өнерде де, өмірде де егіз қозыдай қатар жүрсіздер. Өнерде нендей жаңалық бар?

- Жаңалықтарымыз өте көп, Жанұялық жұп болғасын күні-түні біргеміз. Концерттерге шақыртулар түсіп жатыр, «Сағындырған әндер-ай», «Шәмшінің ән кеші», «Махаббат әлемі» деген кештерге қатысамыз деп дайындалып жатырмыз. Қоржынымызға жаңа әндер қосып, «80-ші жылдар» деген әнімізге бейнебаян түсірдік. Таяу күндерде «Сұлу қыз» деген әнге клип түсіруді жоспарлап отырмыз. Бізде қызу жұмыс, тоқтамай, көштен қалмай тіршілік етуге тырысып жүрміз.


- Сіздің әншіліктен бөлек, сазгерлік қырыңызды да жақсы білеміз. Балаларға арнап шығарған әндеріңіз қазір мектептің кітабына еніп, оқушыларға үлкен пайдасын тигізіп жатыр. Бұл бағытта нендей жаңалық бар? Жалпы, бізде балаларға ән жазатын композиторлар көп емес қой. Сіздің дәл осы тақырыпты таңдауыңызға не түрткі болды?

- Жалпы, менің негізгі мамандығым музыка пәнінің мұғалімі ғой, Ғанекең екеуміз бір топта, бір институтта оқығанбыз. Кезінде мектепте жұмыс істеп жүргенімде осы балаларға арналған әндердің өте аз, тапшы екенін көз жеткізіп, өзімізге қажет болып, содан осы жолға түстім.

Негізі әкемде сазгерлік қасиет бар еді. Мамамның ақындық қабілеті бар. Сол кісілерден жұққан болуы керек, біртіндеп ән шығара бастадым. Ал енді, кейін, шығармашылықпен айналысып, әнші боп, мектептегі жұмыстан шығып кеткен соң, балаларға мақсатты түрде ән жаза бастадым. Өзімнің мұғалім әріптестеріме методикалық нұсқаулық болсын, ел өзіне керегін алсын деп ойладым.

Жалпы, балаларға арналған әндер өте аз. Жазатын ақындар да, сазгерлер де жоқтың қасы. Өзіме керек болғасын, іздегенімді таппағасын «Шын жыласа соқыр көзден жас шығады» дегендей, өзім шығарып көрдім. Сөйтсем қолымнан келеді екен. Керек тақырыптағы әндерді шығарып, қойын дәптерімде жинай бердім. Осы уақытқа дейін 60-қа жуық ән шығарыппын. Олардың бәріне аранжировка жасаттық. Сөйтіп, көпшіліктен ерекше қолдау таптық. Қазір концерттерде, мектептің мерекелік іс-шараларында, балалар бақауларында менің әнімді шырқайды. Тіпті «Киіз үй» деген электронды ойыншыққа жиырмашақты әнім еніпті. Оған мен балаша қуанамын. Мен үшін бұл үлкен жетістік.

Айтпақшы, жақында «Балапан» арнасында ғылымға байланысты бір бағдарлама көрсетілетін боп, соның ұраны ретінде мен саундтрек етіп жаңа ән шығарып бердім. Сосын маған балабақша тәрбиешілері көп жазады, сергіту жаттығуларына, ойын түрінде қолдануға болатын әндер, санамақтар жазыңызшы дейді. Енді осы жағын қолға алмақшымын.


- Үлкен іс тындырып жатыр екенсіз. Берекелі болсын! Осы «сегіз қырлы, бір сырлы» деген теңеу өзіңізге арналғандай. Өнерден бөлек «Инстаграм» арқылы қаншама қыз-келіншектің артық салмақтан арылуына көмектесіп жүрсіз. Бұл идея қайдан келді, осыны тарқатып айтып берсеңіз...

- Иә, дұрыс айтасыз, мен қарап жүрмейтін адаммын. Диетология саласына мен өзіме қажет болғасын келгем. Қызымды босанғасын салмағым 100 килоға жетті. Жардай болып семірдім. Концерттің ұйымдастырушылары «салмақ тастамасаң сахнаға шығармаймыз» деп шықты. Сондай талап қойды. Өзіме де оншама килоны арқалап жүру оңай тимеді. Содан білек сыбана кірістім. «Ауру – астан» дегенді санға мықтап бекітіп алып, диетолог мамандардың көмегіне жүгіндім. Солай 4 айда 25 кило салмақ тастадым. Әлі де өзімнің бабыма келу үшін дұрыс тамақтанып, спортпен шұғылданып, дене сымбатыма қатты қараймын.

Қызымды босанғаннан кейінгі және диетадан кейінгі суретімді «Инстаграмға» салған кезімде жүздеген хат келіп түсті. Жалпы, бұл тақырып қазір екінің бірін мазалайтын мәселе екен. «Тәжірибеңізбен бөлісіңізші, қалай салмақ тастадыңыз?», «Маған да көмектесіңізші» деп жазған пікірлерді оқып, біраз ойландым. Көмектесе қояйын десем медициналық білімім жоқ, арнайы сертификатым да жоқ. Сонымен ресейлік Лара Серебрянская деген атақты диетологтан онлайн курсын тәмамдап, сертификатын алып, кәсіби диетолог ретінде әйелдермен жұмысты бастап кеттім.

Бүгінгі таңда мыңдаған қыз-келіншек жылдар бойы жинаған артық салмағанан арылып, маған алғыстарын айтып жатыр. Бір жағынан сауапты тірлік болды. Қаншама адамның «самооценкасы» көтеріліп, сұлуланып, денсаулығы дұрысталып, отбасының шырайы кірді. Яғни өмірлері оң бағытқа өзгерді. Тіпті жатырын май басып, бала көтере алмай қалған әйелдер салмақ тастап, балалы болды.


- Өнер мен үйді тең ұстау қиын емес пе, оған бала тәрбиесін қосыңыз. Бәріне қалай үлгересіз? Сұлу боп жүрдің өзі үлкен еңбек, қандай да бір құпияңыз болса, біздің оқырмандармен бөлісіңізші.

- Сұлулыққа талпыну, әдемілікке құштарлық бала күннен қалыптасқан нәрсе. Кішкентайымнан айнаның алдынан шықпайтынмын. Сонда мамам «бұл қыз түске дейін ақ көйлек, түсткен кейін көк көйлек боп жүреді» деп күлетін. Өзім ойлаймын да қазір, әнші болмасам да сәнім мен сымбатыма көңіл бөліп жүретін адам болар едім-ау деп.

Тұрақты түрде, график түзіп тұрып массажға, жаттығу залдарына, косметологқа, сән салондарына барамын. Енді алдағы уақытта йогаға қатысуды жоспарлап отырмын. Мұның бәрі ең алдымен өзіміздің денсаулығымыз үшін керек. Жалпы, әйел баласы үлгерем десе бәріне уақыт табады. Күнді дұрыс жоспарлай білсеңіз үйдің тірлігіне де, жұмысыңызға да, балаға да, бәріне үлгересіз.


- Хайп дегенге қалай қарайсыздар? Қазір әлеуметтік желі танымал болудың, көпшілікті өзіне қаратудың таптырмас құралы болды ғой...

- Иә, ондай әріптестеріміз бар енді. «Ажырасып кетіпті», «төбелесіп қалыпты», «ішіп алыпты» дегенді естиміз ғой. Бірақ Ғанекең де, мен де ондайды құптамаймыз. Қайда жүрсек те, кіммен болсақ та дұрыс жүріп, дұрыс сөйлеуге тырысамыз. Соның арқасында шығар, осы уаққа дейін артымыздан сөз ермеді. Лайым солай болғай деп отырамыз.


- Бота ханым, уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рахмет! Аман болыңыздар!


Сұхбаттасқан – С.Кенжалиева,

ERNUR.KZ