"Трендте топты жарды": "Көзің әдемі" хит әнінің авторы Еркеш Хасенмен сұхбат

0
4 961

"Жұлдызымды қайта жақты"


"Көзің әдемі, сөзің әдемі,

Жап-жарық нұрлы жүзің әдемі.

Анамнан кейін өзің әдемі,

Еркелеп күлген кезің әдемі" деген әдемі ән жолдары бүгінде әлеуметтік желінің трендінен түспей тұр. Тик-ток пен инстаграмда осы әнді пайдаланып видео түсіргендердің көрсеткіші аса жоғары. Ән шыққан бастапқы 2 күнде 10 мың, 4 күнде 30 мың адам түсіріп, туынды халық арасында кеңінен таралып үлгерді. Әуезді әннің "Анамнан кейін өзің әдемі" деген әдемі жолдары көпшіліктің көңіліне қона кетті. Әннің авторы һәм орындаушысы Еркеш Хасеннен аталған туындының қалай жарыққа шыққанын, кімге арналғанын, жас әншінің жалпы шығармашылығына қатысты сұрадық.


— Сіздің жұлдызыңызды қайта жағып, танымалдылығыңызды арттырып, трендте топты жарып жатқан "Көзің әдемі" әніңіз туралы айтсаңыз.

— Иә , осы әнім жақсы таралып жатыр. Бұған дейін топта ән айттым. Жеке шығармашылығымдағы жақсы тыңдалып жатқан алғашқы әндерімнің бірі. Оған өте қуаныштымын. Кез келген жақсылық айтпай келеді дейді ғой. Бұл ән де аяқастынан келді. Арнайы отырып шығарған әнің онша тыңдалмай қалады да, жәй ыңылдап отырып шығарған әнім кеңінен таралуда. Әнін өзім жазғанмын. Сөзін Шадияр Есенәлі деген ақын досым жазды. Ол да "Сөзі оп-оңай шықты" деп айтты. Сөйтіп әні мен сөзі қиюласа кетті. Астанадан Алматыға 3 апта бұрын көшіп келдім. Бір жылдай шығармашылық тоқырауда болдым. Елорданы әкімшілік қала дейді ғой. Менің ата-анам Нұр-Сұлтанда тұрады. Үйленген соң үлкендердің жанында болайық деп бір жылдай сонда тұрдық. Жақында осында көшіп келдім. Бір жылдай ән шығармадым демеймін. Бірақ, кеңінен таралмады. Содан көңіл-күй түсті. Сөйтіп осында көшіп келген 3 аптаның ішінде осы ән шығып, таралып кетті. Негізі 15 минутта жазылған ән. Бірінші тек қайырмасы шықты. Тик-токқа салып едік, 2 күннің ішінде 10 мың адам пайдаланып түсірген екен. Яғни, өзіне сақтап қойған. Қалған шумақтарын екі күнде жазып, әрлеп бітірдік. 4 күнде 30 мың адам түсіріп, өзінен-өзі таралып кетті. Жақында ютубқа салдық, 200 мыңдай адам қарапты. Алматыға асығыс көшіп келдік. Өйткені, өнердегі ортам осында. Аяулы ортамды сағынып келген соң бірден құлшына кірістім.



— Негізі кімге арналған ән?

— Келіншегіме арналып жазылды. Бір жыл бұрын үйлендім, үш ай бұрын әке болдым. Қазір үйде екі қыз бар. Сол кісілердің әдемілігіне тамсанып, шабыт алып жүрмін. "Осы әнді келіншегіме арнаймын, соған лайықтап жазып берші" деп ақын жігітке тапсырдым. Жалпы өзім ақындардың жұмысына араласқанды жөн санамаймын. Осы жолы "Қайырмасын қалдырыңдаршы" деп арнайы айттым. Сөйтіп жазып берді.

Комментарийдің көбі "Келіншегіне арналған ғой" деген сыңайда жазылды. Қыздар арасында "Бізге де күйеулеріміз осындай сөз айтсын" деген тренд таралды. Ал негізі көпшілікті "Анамнан кейін өзің әдемі" деген сөз тартты деп ойлаймын.


"Көршінің қызы" деген әніңіз ше?

— Ол ақынның қиялынан туған, бұрынырақта шыққан ән.


— Әншіліктен басқа актерсіз. "Менің бапкерім" телехикаясына түстіңіз. Биыл бұл телетуындының екінші маусымы. Бұл рөлге қалай келдіңіз?

— Бұл сериал менің Алматыға көшуіме себепкер болды. "Қашан көшемін?" деп ойланып жүргенде кастинг директоры қоңырау шалды. Төрт балалы үйдің ең үлкенінің рөлін ұсынды. Сөйтіп сол сериалдың арқасында Алматыда қалып қойдым. Өмірде де үйде бес баланың үлкенімін. Рөлді алып шығу аса қиынға түспеді.


— Сізге актерлік жақын ба, әншілік пе?

— Негізгі мамандығым әнші ғой. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын бітірдім. "Өз үйім" деген сериал бірінші сериалым болды. Академияда оқып жүріп азды-көпті сабақ алғаным бар. Бірақ, актердің жұмысына таласпаймын. Егер маған бұйырып тұрса ғана барамын. Ал жүргізушілікпен бала кезден айналысқан соң осы бағыт жақын. Ұсыныстар бар. Алайда қазір әншілік мамандығымның шыңына жетуді мақсат еттім.


— Өзіңіздің сазгерлік қасиетіңізді де байқадық. Бұл өнеріңіз қашан байқалды?

— 16 жасымда ҰБТ тапсыра алмай қалдым. Үйдегілер "Болды, бәрін таста" деп айтты. Ал мен Алматыға қашып кеттім. "Ән жазамын, ән беріңдерші" деп композитор жігіттерге бардым. Олар менен 500 доллар сұрады. Ал менде ондай қаржы жоқ. Адамның істегенін адам істейді деген өмірлік қағидам бар. Қолымда артық қаражатым болмаған соң гитарамды қолыма алдым да, бірінші өтірік әндер шығардым. Бір айдан кейін "Үйленем" деген Қуандық Рахым айтып жүрген әнді жаздым. Жасұлан деген ақын жігіт сөзін жазды. Әділет Жауғашардың "Келін болатын қыз іздеймін" деген әні менікі. Бауыржан Ретбаев, Алишер Каримов, Әйгерім Мамырова сынды әншілерге жаздым. Ақша қуалап саны көп, сапасы жоқ ән жазғым келмейді. Жазған соң дұрыс дүние жазғым келеді. Енді-енді жазып жүргендіктен сазгерлігімді қатты жарнамаламаймын.


— Кезінде топта өнер көрсеттіңіз. Қазір жеке шығармашылығыңызды қолға алып жатырсыз. Қалай екен?

— Топты да көрдік. Топта қиыны продюсермен қосқанда төрт адамның ойы бір жерден шығу керек. Ал мына жерде өзіңнің жүрек қалауыңа байланысты айтқың келген әнді айтасың, барғың келген концертке барасың. Өзіңе өзің бастықсың.


— Өзіңізге-өзіңіз продюсерсіз бе?

— Ұлттық арнада ойнақтап өстім. Продюсерліктен ешқандай қиындық болып жатқан жоқ. Өйткені, арнадағы аға-әпкелерім еркелетіп өсірді. Солар ақыл-кеңесін беруден аянып қалып жатқан жоқ. Өнердегі анам Ғалия Байбосынова біраз көп көмектеседі. "Мына концертке бар", "Ана жерге барма", "Былай киінсең дұрыс болады" деп кеңесін беріп отырады.


— "Айгөлек" бағдарламасын ұзақ жылдар бойы жүргіздіңіз. Бүгінде жүргізушілік кітабын жауып қойдыңыз ба, әлде бір күндері қайта ашуыңыз мүмкін бе?

— Жоқ, жапқан жоқпын. Ұсыныстар түседі. Бірақ, "Айгөлек" деген мегажобаны жүргізгеннен кейін Ғалия анам айтпақшы, жүргізсем одан ауқымды жобаны жүргізуім керек, немесе мүлдем жүргізбей-ақ қоюым керек. Өйткені, қанша жылдан бері үлкен жобаны жүргізіп келіп, қалта қуалап, болмашы бағдарламаларға түскім келмейді. Өсуге тырысамын. Егер де сондай ұсыныстар түсіп жатса неге жүргізбеске?! Сәл ұмытып қалған шығармын, бірақ, кітаптың бір-екі бетін ашсам, бәрі есіме түсетін шығар.


— Көпшілік арасында кеңінен таралып кеткен әнге бейнебаян түсірудің қажеті бар ма?

— Бейнебаян дегенде қазір жастардың тілімен айтқан Mood видео шығардым. Қазір көп әншілер бейнебаян түсіріп, оны телеарнаға беріп, қаржы шығындамайды. Себебі, интернеттің заманы. Түсірсең сапалы дүние түсіру керек. Болмаса қоя салу керек. Сәл ақша жинап, ауқымды дүние түсіргенше осылай бейнеүзіктермен шығуға тура келеді.


— Жалпы ән қоржыныңызда қанша туынды бар?

— Көп емес. Сапалы дүние шығару мақсатым. Ән шығармағаныма біраз болды деп тисе терекке, тимесе бұтаққа ән шығара бермеймін. Екі айда болса да, сапалы дүниені шығарғанды жөн көремін. Қазір әрі кетсе 6 әнім бар. Бәрі де сапалы. Кез келген концертке ұялмай шыға аламын. Толыққанды тыңдауға болатын әндер.


— Қазір елдің бәрі кавер айтып жүр. Өзіңіз жуырда "Cover show"-ға қатыстыңыз. Орындаған әндеріңіз көңіліңізден шықты ма?

— Мен Асқар Жүнісбековтің орынадауындағы "Хат жазып тұр" әнін орындадым. Бірақ, шоуға қатысқан уақытта тұмауратып қалып, жеткізіп айтатын жерлерін ойдағыдай айта алмадым. Мұрным кедергі жасады. Шоуға қатысқандардың басым көпшілігі орындаған әндерін өздерінің платформасына салып жатыр ғой. Ал мен шығармаймын деп шештім, өйткені, ол да бір әншінің жеп жүрген наны, төлқұжаты. Каверді "Cover show"-да айтып, тақырыпты жаптым. Өзімнің де әндерім баршылық.


— Ал сіздің әніңізді бір әншілер кавер жасаймын десе қалай қарайсыз?

— Айта берсін. Бірақ, ол сол жерде болу керек. Әрі қарай платформаға шықпауы керек. Қайрат Баекеновтің "Менің күні-түні жазатын әнімді біреудің бір сағатта айтуы әділетсіздік" дейтіні бар. Мәселе ақшада емес. Менің ұйқысыз өткен түндерім, қаншама энергиям, уақытым бар. Ең біріншіден, өз еңбегімді бағалаймын. Ән жазғысы келетін адам өзі ізденуі тиіс. Сонда еңбегі жемісті болады.


Сұхбат бергеніңізге рахмет! Сапалы әндеріңіздің саны арта берсін!


Сұхбаттасқан Мөлдір Мамырбайқызы


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


"Қорқа қарап, шошитындай ешнәрсе жоқ": Наркенже Серікбаева орамал таққанын мәлімдеді


"Кішкентай Мейрамбек": Мейрамбек Беспаевтың батасын алған бала желіні шулатып жатыр