«Үш ай бойы трендтің төріндеміз»: «Қызыл раушан» әнінің орындаушысы Ұланғасыр Қамиевпен сұхбат

0
11 797

«Әлі күнге нота білмеймін»


«Үш ай бойы трендтің төріндеміз»: «Қызыл раушан» әнінің орындаушысы Ұланғасыр Қамиевпен сұхбат

Қазақ эстрадасына жаңа леп әкелген жас әнші Ұланғасыр Қамиевтің соңғы үш айда жазған «Қызыл раушан», «Ямахау», «Жақтырмайсың» әндері трендтің төрінен түспей тұр. Бір ғана «Қызыл раушанның» ғаламтордағы жалпы қаралымы 37 миллион. Әншілердің тарихында болмаған көрсеткіш. Осындай хит әндерді орындап жүрген хитмейкерге бүгінде көпшіліктің назары қатты ауған. Бұл бала кім өзі? Бейнебаянындағыдай 40-тан асқан жігіт ағасы ма? Қайдан шыққан? Айтыскер Дидар Қамиевке қатысы бар ма? «Қызыл раушанды» жазғанда неге 1990 жылдардың атмосферасына енді? Көпшіліктің көкейіндегі осы және өзге де сауалдарға әнші «Менің өмірім» бағдарламасында жауап беріп, шынайы сұхбат құрды.


Хитмейкер шоу бизнеске оп-оңай келе салмапты. Әуелі Дидар ағасына еліктеп айтыс сахнасында 10 жыл домбырасын серік етсе, одан соң кино әлемінде бағын сынап көрген. Қысқа жіп күрмеуге келмей, демеуші де табыла қоймаған соң «Әнші болып көрсем қайтеді?» деп әншілікке бет бұрыпты. Әншілігі әлгіндей, бір әнінің бейнебаянының жалпы қаралымы – 37 миллион. Әрі қарай сұхбатқа зер салсақ.


– Есіміңіз ерекше. Соған қарағанда үлкендер ырымдап «Ғасыр жасасын» деп Ұланғасыр қойған сияқты. Солай ма?

– 1999 жылы 2 желтоқсанда дүниеге келгенмін. Сол кезде марқұм Қами атам «Жаңа ғасыр келе жатыр. Жаңа ғасырдың мықты ұланы болсын!» деп ырымдап қойған екен.


– Сіздің ата-анаңыздың екеуінің де есімі Жанат екен. Бұл сәйкестік пе, әлде әкеңіз кезінде өзі аттас аруды іздеп тапқан ба екен?

– Марқұм әкем анам екеуі 9 сыныпта танысқан екен. Өзім Қарағанды облысы, Шет ауданы, Талды ауылынанмын. Жанында Ақбауыр, Ақшоқы деген көрші ауылдар бар. Анамның отбасы Ақшоқы ауылынан Ақбауыр ауылына көшіп келеді. Сол кезде 9 сыныпта оқиды екен. Әкем 11 сыныпта әскерге кетіп, қайтып келген соң анама үйленген екен. Бәлкім, сәйкестік шығар. Екеуінің де аты Жанат. Қос Жанаттан туған ұл Ұланғасырмын.


– Неше ағайындысыздар?

– Төрт ағайындымыз. Үйде қыз жоқ. Қабділманап, Дидар, Айдар және кенжесі мен.


– Белгілі айтыскер Дидар Қамиев сіздің туған ағаңыз екен ғой?

Иә, Дидар ағам айтыскер.


– Сіздің де өнердегі алғашқы жолыңыз айтыстан басталған екен. Сахнаға айтыспен шыққан сәттерді еске алсақ.

– Жалпы өнерге қызығушылығымды айтып өтсем, 3 жасымда түріктің Таркан деген әншісінің кассетасы болатын. Соның «Ойнама шікідім» деген әнін жаттап алып, үйдегілердің бәрін диванға отырғызып қойып кішігірім концерт қоятынмын. Қазір қарап отырсам сол кезде қызығушылық болған екен. Дидар ағам сол уақыттарда айтысқа қатысып жүретін. Айдар ағам екеумізді айтысқа дайындады. Айтатын нәрсенің бәрін жазып берді. Бір айдай дайындалдық. Бір күн қалғанда Айдар ағам «Айтыспаймын» деп айнып шықты. Дидар ағам ай кеп ашулансын. Бірақ, мен дайын едім. Ертеңіне айтысқа барып, финалдан бір-ақ шықтым. Доскей деген ақынмен финалда өнер көрсеттім. Сөйтсем менде ақындық та бар екен. 2 орын алдым. Сонда оқушылар айтысына бірінші рет шығыппын. Ол кезде домбыра да тарта алмаймын. Дидар ағам «Әгигәгім» деген мақам үйреткен болатын. Соны бір айдың ішінде табиғи есту қабілетіммен-ақ (слухпен) үйреніп алдым. Нотаны әлі күнге дейін білмеймін.


– Әншілікке бет бұрып кеттім деңіз. Айтыстан гөрі әншілік жақын болып тұр ғой? Айтысты мүлде қойып кеткен шығарсыз? Кейде айтысып қоясыз ба?

– 10 жастан басталды айтыс. 10 жылдай айтысыппын. Облыстық оқушылар айтысынан орын алып жүрдім. Жүрсін атамыздың айтысына дейін шықтым. Алматыдағы Республика сарайында «Отбасылық айтыста» Дидар ағаммен айтыстым.

Негізі айтыс өте қиын өнер.Біріншіден, денсаулыққа қиын. Айтыс болады деп бір ай бұрын хабарлайды. Содан уайым басталады. Көбісі «Жаттап шығасыңдар ма, суырып саласыңдар ма?» деп сұрайды ғой. Тақырып беріледі. Тақырыбына орай ізденесің. Қарсыласты да кейде білесің, кейде білмейсің. Кемшілігін іздейсің. Айтыстың да түр-түрі болады. Жүлдені алып тұрған жеріңнен бермейді. Көбінесе әділдік болмайды. Соңғы жылдары дәл мен қатысқан айтыстарда әділетсіздік көп болып кетті. Лайық боп тұрған жерімде бермеді.


– Айтыстан көңіліңіз қалыпты ғой?

– Иә, дәл содан айтысты қойып кеттім деп айтпаймын. Өйткені, өзім айтыстан шыққанмын. Олай айтуға хақым жоқ. Мен негізі актерлікке қатты қызықтым. Бала кезде әншілікті де, айтысты да жақсы көрген екенмін. Сосын бір кино көрсем, сол киномен, кейіпкерлерімен «ауырамын». Ауылда жүргенде Nokia, Х2 деген телефондармен кино түсіретінмін. Балаларды жинап аламын. Олар түскісі келмейді. «Не үшін түсіресің? Ешкім көрмейді де ғой» дейтін бұлданып. Бірақ, кино түсіріп, көргеннен өзім рахаттанамын. Кейіннен смартфондар шықты. Монтажды телефонмен-ақ жасай беретін болдым. Әлі күнге солай. Қазіргі бейнебаяндарымның монтажының жартысын өзім жасағанмын. Қатты қызығамын. Қарап отырсам, оның да пайдасы тиіп жатыр екен.

2018 жылы Төреғали Төреәлі ағамыз «Ұлы дала комедиясы» деген кино түсірді. Өзім киноға түскім келіп жүрген. Кастингтен өтпеймін деп ойлайтынмын. Төреғали Дидар ағамның досы. Ағама «Айтып көрші, мені киносына түсірсін» дедім. Сөйтіп кастингке қатысып, өткен жігіттерді Алматыға жинады. Содан өнерге деген үміт пайда болды. Сөйтіп жүргенде Төреш ағамыз мені жанына тартты. Есен Жүсіпов деген композитор ағамыздың студиясына бардық. Ол кісіден бір ән алған екен, алайда сөзі жазылмаған екен. «Мына әннің сөзін Ұланғасыр жазады» деді Төреш ағам. Мен «Рас айтып тұрсыз ба?» деймін. Ол «Иә, байқап көрсеңші» дейді. Мен ана әннің сөзін түннен таңға дейін жазып шықтым. «Сағындың ба мені?» деген ән солай шығып еді. Сол кезде өнерге деген үмітім арта түсті. Кейіннен жаңажылдық түсірілімде ана әнді айтқанда астында сөзін жазған автор ретінде менің есімім көрсетіліп тұрғанда төбем көкке бір еліп жетпей, қуанғаным бар.

Одан соң Қарағандыда Қаршыға Иген деген режиссер ағамыз бар. Өзім киноға түскім келіп жүр. Ол кісіге хабарласып, «Мені бір киноңызға алыңызшы, бағымды сынап көрейінші» дедім. Содан ол кісі мені «Блогер келін» деген киносына түсірді. Сол түсірілім барысында қазіргі продюсерім Назерке ханыммен таныстым. Мен негізі танымайтын адамдарға бір көргенде тұйық болып көрінемін. Назерке бастапқыда «Мынадан қандай актер шығады?» деп ойлаған екен.

Сол шығармашылық топта Назерке екеуміздің ойымыз бір жерден шықты. Мен өз ой, армандарымды айта бастадым. Түсірген дүниелерімді көрсеттім. Ана кісі де соған қызығады екен. Мамандығы – археолог, музейде істейді. Бірақ, кинода режиссердің көмекшісі болып жүр екен. Екеуміз келісіп киноға сценарий жаздық. Сөйтсем, кино түсіру үшін қыруар қаржы керек екен. Біз сценарий жазған киноға 44 млн теңге қажет екен. Небір мықтылардың алдына бардық. Демеуші таппадық.

«Негізі менде дауыс бар, кино болмай жатса менен әнші жасауға болады» деп айтқанмын. «Онда мен саған продюсер болайын, сенен әнші жасайын» деді.

Түріктің «Тamam» деген әніне сөзін өзім жазып, «Табам» деп тақырып қойып, әрлеуге бердік.

Содан Алматыға кетіп қалдық. Продюсерім екеуміз Көктөбенің басында жүрміз. Сол жерде жаңа әніміз келді. Ана әнді естіп «Мынау менің даусым ба?» деп түңіліп кеттім. Назерке де «Мынаусы несі?» дейді. Ағаларыма, таныстарыма жібердім. Бәрі «Жақсы» деп жатыр. Мен бәрі айтқан соң, он рет тыңдаған соң жақсы екенін білдім. Содан ол әнді 100 рет тыңдаған шығармын. Ертеңіне «Таңшолпан» бағдарламасына шықтым. Одан соң өзімді «жұлдыз» сезіне бастадым. Оған дейін әнші болатынымды ешкімге айтпағанмын ғой. Ең бірінші рет Дидар ағамның асаба досына айтып жүріп тойға сұранып шықтым.

Алматыда ол әнге бейнебаян түсірдік. Есен ағамыздың «Ару» деген әнін алдық. Келесі жылы Аллаға тәуекел етіп Алматыға көшіп келдік. Мұнда ешкімді танымаймыз. Назерке музейдегі жұмысынан шығып, мен университетте 4 курста оқып жүрген жерімнен Алматыға қоныс аудардық. Үйлестіруші, директор керек деп ойладық. Алдын танысқан кісілер бар еді. Шоу бизнестен хабары бар ғой деп соларға ұсындық. Еш жаман ойымыз жоқ. Пәтер жалдадық. Жаңағы екі кісіні де қосып алдық. Тамақ, пәтер бәрі өзімізден. Бір айдың ішінде тұрып жатқан пәтерімізден қуды. Өйткені, біз кіргенде 240 мың теңге, депозиті 100 мың теңгенің үстінде. Бір ай болуына екі күн қалғанда қуып шықты. Продюсерім екеуміз қырылып қалдық. Әркім өз ауылына қайтып кетті.

Көктемнің кезі. Әншімін деп жүрген мен бір күнде ауылда қорадағы сиырдың астын тазалап, жынданып жүрмін. Алматыға әбден үйреніп қалыппын. Содан продюсеріме өзім қоңырау шалып, «Болмайды, қайтсек те шығып, өзімізді дәлелдеуіміз керек» дедім. Продюсерім 500 мың теңге тауыпты. Тағы бір ән шығардық. Бір айдың ішінде 500 мың қаралым жинады. «Болды, хит» деп ойладым. Өзіме өзім баға беріп жүрмін.

Күндердің күнінде туған жерге барып концерт берейік деп шешім қабылдадық. Кезінде Әбдіжаппар ағаларымыз біздің ауылға кеп кеткен соң танымал болып кетті. Кейіннен сұрасам: «Ол халықтың батасы. 100 адамның ішінде 1 адамның аузы дуалы болып, батасы қабыл болады» деді. Содан «Халықтың батасын алайық» деп гастрольге шықтық. Шет ауданы бойынша ауылдарды аралап концерт қойдық. Арасында өз ауылыма, Ақбауыр, Ақшоқы ауылдарына тегін концерт бердік. Бәрінен 200 мың теңге жиналды. Пәтерақымыз шықты.

Алматыға келгенде пәтердің иесі келіп: «Мына үйде кім тұрып жатыр?» дейді.

–Біз тұрып жатырмыз.

–Неге ақшаны төлемейсіңдер? - дейді. Ал біз ақшаны дер кезінде беріп отырғанбыз. Алдын ала. Директорымыз пәтер иесіне беремін деп, оған жарым-жартылай беріп, бізді алдап соққан екен. Тіпті, ана үйдің пәтерақысы 200 мыңнан да арзан екен. Алғашқы пәтерден қуғыздырған да әлгі директор екен. Пәтер иесінің еш қатысы жоқ екен. Мен ананы естіп, қалай жынданғанымды айтып бере алмаймын. «Мен келген Алматы, шоу бизнес осы ма?» деп қатты көңілім қалды.


– Директордың аты-жөні кім?

– Оның атын айтпай-ақ қояйын. Бізге бір жағынан тәжірибе болды. Ол ұсталды. 480 мың теңге қарызын қайтарды. Сол ақшаға «Қызыл раушанды» жаздық. Сөзін өзін жазайын десем, жаза алмаймын. Дәл сол кезде Шатунов өмірден өткен еді. «Мынау бір ностальгияны беретін сияқты, мәтінге Шатуновты қоссаңдар» деп ұсыныс айтты бір ағамыз. «Шатунов «Белые розы» десе, мен сені қызыл раушанға теңеймін» деген ой келді. Дидар ағама айтамын. Ол «Мынаны мен де жаза алмаймын. Бір жазса Мирас Асан жазады. Оның «Соңғы раушан» деген кітабы бар. Раушанды өлтіреді» деді. Нөмірін берді. Ойымды айтып едім, Мирас ағамыз бір сағатта жазып берді. Барамыз да, жазамыз. Ертеңіне шығады. Қазіргі жалпы қаралымы – 37 миллион. Ән шыққан соң ауылға кеттік. Ойыма образ келді. Әкемнің де мұрты болған. Ескі киімдерді киіп алып, Алматының базарына барып видео түсірейінші деп ойладым. Ескі видеоларды қарасам, ритмсіз-ақ билеген екен. Тик-токқа салсам, 1 миллион жинапты. Адамдар неше түрлі пікір жазды. Ауылға барып түсіру туралы ой келді. Оны тик-токқа салсақ, тағы миллион жинайды. Одан сайын құмарым ауды. Тағы бір бөлігі 2, үшіншісі 3 миллион жинайды. Бейнебаян түсіру үшін ауылдың ватсаптағы тобына «Біз клип түсірейін деп жатырмыз» деп жаздық. Бәрі үйдегі ескі-құсқы заттарын алып келді. Бір газельге отырып бәрін жинадық. Қыздың рөліндегі продюсердің туған сіңлісі. Ол қызды өзім таңдадым. Типажы сол заманның қыздарына келеді екен. Тик-токқа салған мотоциклдегі видео бөлек. Клип шыққан соң негатив те жазылды. Бірінші ақ раушанды лақтырып, қызыл раушанды қолыма алғаныма «Шатуновтан садаға кет» деп пікір жазды. Соны жазған өзіміздің қазақтар. Негізі қолдап, жақсы көретін халық көп. Қасымдағы екі досымды әлі ертіп жүрмін. Неге танымал адамдарды қоспайды деп жазғандар болды. Қызды да «Өзінен үлкен ғой» деп жазыпты. Танымал адамдарды қоспай-ақ, екі досым және бір қызбен 3 ай бойы трендте тұр ғой. Негатив жазушылардың айтқаны шын болса, трендте болмас еді. Бұл шынайылық. Сондықтан халыққа ұнады.


– Қазір ешбір той «Қызыл раушансыз» өтпейді дейді. Рас па?

– Бәрі солай дейді. Өзімізге әлі күнге білінбейді. Білінбегені де жақсы шығар.


– Сіздің өміріңізді «Қызыл раушанға» дейін және кейін деп екіге бөлуге болатын сияқты. Келісесіз бе? Өзгеріс бар ма?

– Өзгеріс бар. «Қызыл раушанға» дейінгі Ұланғасыр өзіне сенімді, үміті бар. Қазір өмірім бұрынғыдан да жақсы жаққа жатыр. Бала кезімнен армандаған дүниелеріме қолым жетіп таңғалумен өтуде. Алла күш-қуат берсе, тоқтамаймыз. Бұл әлі бастамасы.



– Сізді қазір көшеден көрсе, екінің бірі танымауы мүмкін. Өйткені, бейнебаянда 40-тан асқан ер азаматты сомдайсыз. Қарап отырсақ, 22-дегі жап-жас бала екенсіз.

– Көшеде танып жатқан адамдар «Мұртың қайда?» дейді. 40-тағы кісілер келіп «Өй, сен жас жігіт екенсің ғой» деп айтады. Образдың да көп көмегі тиді.


– Сізді тойларға сол образда шақырып жүр деседі. Сол қаншалықты рас?

– Бұл рас. Дәл бүгін 5 той болса, соның біреуі образбен шақыртылған той. Продюсерім оған қосымша гонорар бекітіп қойды.


– Негізі тойларға қанша қаламақыға барып жүрсіз?

– Ол құпия бола берсінші. Қазір айтсам, бір ай бұрын барып жүрген гонорарымыз басқа, қазір басқа, бір айдан кейін тағы өседі дегендей ғой.

«Қызыл раушаннан» кейін тағы екі ән шықты. Ол рейтингті бір ай бойы ұстап тұрды. Одан соң «Ямахау», ол да трендте 3 орында тұр. «Жақтырмайсың» әні бірінші орында.Шыққанына 3 күн болса да 1 миллион қаралым жинады. Осы жерде мақтанайыншы бір.


– Сіздің үш бейнебаяныңызда да жауапсыз махаббат. Қызы тастап кеткен. Бұл сюжетті қайдан алдыңыз? Өзіңіздің басыңыз бос па, әлде өз басыңыздан өтіп жатқан оқиға ма?

– Жалпы ән деген махаббаттан туады ғой. Бірақ, арасында шынымен өзіме қатысты әндер бар.


– Әңгімеңізге қарап отырсам, ойыңыз тек өнер. Жүрегіңіздің жартысын таптыңыз ба?

– Дәл мен жақсы көрген қыздарда жолым болған жоқ. Неге екенін білмеймін.


– Танымал болып өзгеріп жатырмын деп айтып отырсыз. Танымалдылығыңыз табысыңызға да әсер етіп жатқан шығар?

– 100 мың теңге 1 миллиондай көрінген сәттерді бастан өткердік. Қазір күнде шүкіршілік айтып жүрміз. Қазір 100 мың теңге ақша емес сияқты. Сол күнімізді еске түсіріп қоямыз. Иә, табыс келіп жатыр, Аллаға шүкір. Осы күнге дейін қиналып, еңбектенгенімізге Алла беріп жатыр.


– Берекесін берсін! Трендтен түспей жүре беріңіз!


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Қатты депрессияға түстім»: Әнші Нұржан Қалжан сахнадан көрінбей кетуінің себебін айтты


«Бір кездері 80-100-ден ұттым»: Нұрболат Абдуллин қандай хоббиі бар екенін айтты