​СӘНмен емес, ЖАРАСЫМДЫ киіне білген жөн

0
813

Өзіңіздің ыңғайлылығыңыз үшін жарасымды киіне білсеңіз болғаны.


​СӘНмен емес, ЖАРАСЫМДЫ киіне білген жөн

фото: pl.pinterest.com

Әне-міне дегенше, зырылдап жаз мезгілі де аяқталуға жақын қалды. Бірақ кейбіреулер әлі де жазғы жиынтықты қарабайыр шорты немесе кең көйлектерді қара күзге дейін үстінен тастамауды жөн көреді.

Сән әлемінен хабары аздау қыз-келіншектерге "қамықпаңыз, тек қана өзіңіздің ыңғайлылығыңыз үшін жарасымды киіне білсеңіз болғаны" дейміз.

Алайда, бұл әр адамның шешімі және қалтасына қарай киінеді. Сән әлемі біраз уақыттан бері ілгері жылжып, дамып келеді. Бірақ бұрынғы сән үлгілері де қайта оралып, трендке айналып жатады. Сондай-ақ бұл кезеңде адамдар сәнді қуып қоймай, үйлесімді және ыңғайлы киімге де бет бұра бастады, соның өзін сәнге айналдыра білді. Бұл да адамдардың ізденісінің арқасы. Қазір көбінесе адамның киіміне қарап талғамына баға береді. Қолыңызда ақшаңыз болса, қазіргі күні киімнің түр-түрін сатып ала аласыз. Бірақ сол талғамымыз қандай?

Кез келген сән саласының мамандарының кеңесіне жүгінсек, қай-қайсысы да адам ең бірінші өзінің болмысына, дене бітіміне қарай жарасымды киіне білу керек дейді.

фото: imall.com

Әр адамның өзіне лайық киіну стилі бар, өзіне не жарасымды екенін біледі. Осы жағынан қазіргі адамдардың көзі ашық, «биылғы сәндегі киім осындай» деп қатып қалып, жарасымсыз киінуді азайтты. Өйткені әр жылдың тренді болғанымен, адам өзіне не жарасымды екенін жақсы білу керек. Сән деген ұғым тренд немесе бренд киімдерді киюде ғана емес, талғаммен киіне білуде. Егер сәнді болып көрінгіңіз келсе, жарасымды киіне біліңіз.

Биыл әлемдік дизайнерлер қатып қалған қағидаға сүйенбей, адамға жайлылық пен үйлесімділікке ден қойыпты.

Ежелгі дәуірден келе жатқан былғары киімдер күні қазірге дейін өзінің бағасын төмендеткен емес. 2024 жылдың күзінде де былғарыдан тігілген киімдер трендте болады. Әлемдік дизайнерлер ұлу жылы жұмсақ былғарыны белсенді түрде қолданатын болады. Сондай-ақ шашақты киімдерді кез-келген адам кие алмаса да жарасымды етіп киіне алатын арулар үшін сәнде. Ал ешқашан сәннен түспеген джинсы матасынан тігілген киімдер де биылғы сәннің төрінде болады.

Сондай-ақ, трикотаж бен тоқыма киімдер де сәнді киімдер қатарына кіреді. Дизайнерлердің айтуынша, трикотаж бен былғары үйлесімді тұрады. Егер сіз сәнді киінуді жақсы көрсеңіз, осы киімдерге мән беріп, қазірден бастап сатып алып қойыңыз. Ал дәл қазіргі уақытта, яғни жазда ашық түсті сарафан көйлектер мен қысқа көйлектер, сондай-ақ ұзын белдемшемен костюм немесе шалбарлы кең иықты костюм де жылдың тренді болады. Айтпақшы, аксессуар ретінде тақсаңыз, жалпақ белбеу де сәнде.


фото: imall.com

Қандай түстер сәнде?

Ал жылы мезгілдерге арналған өте нәзік шабдалы түсті киімдер қазір сәнде. Сондай-ақ алтын түстес киімдер. Тіпті, аяқ киімдердің өзі алтын немесе күміс түсті жылтыр түстер өте ерекше, сәнді көрінеді.

Алтын түстес сөмкелер, аксессуарлар, киімге жабыстырылған алтын түстес жолақтар да осы жылдың сән әлеміне енген.

Сонымен қатар, драп маталар да осы жылдың сәндік маталар тізімінде.

Әлемдік дизайнерлер биыл да классикалық киімдерден айналып өтпеген. Өйткені жылдың қай маусымында болсын классика кез келген адамды әдемі етіп көрсетеді. Бірақ әркім өзінің талғамы мен талабын ұмытпау керек, дейді олар. Ең бастысы сапалы матасы бар киімді таңдаңыз.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

Мұрындағы «ҚАРА НҮКТЕні» кетірудің ОҢАЙ жолы


ЖЕМІСтен жасалған ЫЛҒАЛДАНДЫРҒЫШ маскалар