Анасы мен қызы ҚҰРБЫ БОЛА АЛА МА?

0
1 031

«Қызым - ең жақын құрбым» немесе «Анама бар сырымды айтамын» дейтін таныстарыңыз бар ма?


Анасы мен қызы ҚҰРБЫ БОЛА АЛА МА?

Осыған дейін әлдекімнен «Қызым екеуміз ең жақын доспыз» немесе «Анам – менің ең жақын құрбым, біз бір-бірімізге бәрін айтамыз» дегенді естіген боларсыз. Бұл сізге дұрыс боп көрінді ме?

Әдетте көбісіне мұндай қарым-қатынас арман болып көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде, анамен тең құрбыдай дос болу баланың психикасын бұзып, есейген кезде қысым көрсетуі мүмкін. Неліктен?

Алдымен ана мен қызының арасындағы достықтың деңгейі қандай, соны түсініп алу керек.

Достық – сенім, қолдау, мақұлдау және сөзсіз қабылдауды білдіреді. Дос адам кез келген уақытта өз мүдделері мен жоспарларын құрбан етуге, өз істерін тастап, басқа адамға көмекке келуге дайын болуға тиіс. Нағыз достар бірін-бірі тыңдай біледі, бірі қателессе, екіншісі теріс бұрылып кетпейді. Әр адам өзінің эмоциялары мен сезімдерін жасырмай, бетперде кимей, ашық көрсете алады. Ана мен қызының дәл осындай сенімге құрылған қарым-қатынаста болғаны дұрыс-ақ. Алайда, достықтың тағы бір сипаты бар, ол – қарым-қатынастағы теңдік. Дәл осы тұсқа келгенде достықтың шекарасы жабылып, ата-ана мен бала қатынасы орын алмаса, мәселелер сонда пайда болады.

Қалыпты жағдайда бала кез келген уақытта ата-анасына арқа сүйеп, өзінің эмоциясын, ойын, сезімін ашық айта алады. Олардың әрқашан қасында болатынына, түсініп, қолдайтынына сенімді. Сонымен бірге бала ата-ананың билігін мойындап, олар белгілеген ережелерге бағынуы керек. Бұл қарым-қатынаста ата-ана әрқашан басты тұлға болып табылады. Ол баланың әл-ауқатына жауапты. Онымен дос сияқты қатты бәсекелесе немесе ұрыса алмайды. Бұл жерде толық достық жұмыс істемейді. Ал оны құруға деген ұмтылыс ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас балансын бұзады.


Иерархия бұзылады

Отбасы жүйесінің маңызды элементтерінің бірі – иерархия. Ата-ана әрқашан баладан жоғары. Олар ережелерді белгілейді, маңызды шешімдер қабылдайды және баланың жауапкершілік аясын біртіндеп кеңейтеді. «Күшті» ересек адамның қамқорлығын сезіну балаға қауіпсіздік сезімін және даму мүмкіндігін береді.

Ал анасымен дос болған кезде, иерархия бұзылады. Тәрбие үрдісі бұрмаланбауы үшін қызы анасын дос ретінде емес, беделді адам ретінде көруі керек. Егер бұлай болмаса, қызы оның кеңесін тыңдап, отбасылық ережелерді ұстануы екіталай.


Бәсекелестік орнайды

Кейде аналарға қызына құрбы болу аздық етіп, одан қалысқысы келмей, жас көрінуге тырысады. Сөйтіп, қызының киіну стилін көшіреді, жастардың қолданысындағы слэнг, жаргон сөздерді қолданады. Ең жаманы - қызының қатарластарымен бірге уақыт өткізеді. Нәтижесінде ана мен қыздың арасында тең дәрежедегі адамдар сияқты бәсекелестік туындайды. Достар үшін бұл қалыпты жағдай болғанымен, отбасында мұндай қарым-қатынастар орынсыз. Қыздары өздерінің «жас» ана-достарынан ұялып, кеңес алу үшін оларды ересек адам ретінде көрмеуі мүмкін.


Аналық қамқорлық жойылады

Қалыпты жағдайда ананың негізгі міндеттерінің бірі – тәрбие беру және қамқорлық жасау. Егер анасы қызын өзімен тең санап, ересек адам секілді көрсе, онымен үлкендердің мәселесін бөлісіп, жеке өмірін талқылап, кеңес сұраса, уақыт өте келе отбасындағы рөлдері, дәрежелері тең сияқты болып кетеді. Қыз бала анасынан алу керек энергияны ала алмайды, керісінше, өзі береді. Салдарынан еркінен тыс ерте есейеді, бұл – табиғат заңдылықтарына қайшы. Ментальды түрде есейген балаға анасының тарапынан қамқорлық та азаяды.


Жалған достық орнайды

Көп жағдайда аналар неге қызымен достық қарым-қатынас құрғысы келеді? Оның өмірінде не болып жатқанын білу үшін, толық бақылауда ұстау үшін. Қызының өзінен жасырған құпиясы болмауы үшін. Осындай мақсатта құрылған достық – шынайы достық бола алмайды. Ана қызының жеке шекарасын жиі бұзады және барлық уақытта сұралмаған кеңес пен көмек ұсынып, мезі етеді.

Ата-ана мен бала арасындағы достық тым тереңдеп кетсе, кейін сепарация дұрыс жүрмейді. Мәселен, кәмелетке толған, ата-анасынан бөлек тұратын немесе тіпті тұрмысқа шығып кеткен қызы анасына күнде қоңырау шалып, күнінің қалай өткенін айтып, әр мәселе бойынша кеңес сұрайды. Құрбыларымен, ер жігіттермен қарым-қатынасты, тіпті жақын қарым-қатынасты да талқылайды. Немесе ержеткен, тіпті отбасын құрған ер жігіт анасына өмірінде болған жайттыңемесе ержеткен, тіпті отбасын құрған ер жігіт анасына өмірінде болған жайттың бәрін баяндап, ақыл-кеңес, шешім сұрап отырады. Өмірде осындай мысалдар жеткілікті және олар жағымсыз. Мұндай дұрыс емес формадағы қарым-қатынастың түп тамыры – ата-ана мен бала арасындағы орынсыз, шектен шыққан немесе дұрыс құрылмаған достықта және сепарацияның болмауында. Бұл жағдайда ұл-қызы қанша жасқа келсе де, психологиялық тұрғыдан жетілген, тәуелсіз тұлға бола алмады.


Қалай құрылуы керек?

Баланың салауатты психологиялық дамуы, келешекте біртұтас тұлға болып қалыптасуы отбасындағы қарым-қатынастың қандай болғанына байланысты. Балалармен үйлесімді қатынас орнатудың негізгі жолы – алтын ортаны, балансты сақтау. Достық әдісін таңдағанда, ата-ананың беделін сақтауға тырысыңыз, отбасылық нормалар мен ережелерді дер кезінде белгілеп, бқзылмауын қадағалаңыз. Баланың жеке басын, оның қажеттіліктерін, мүдделері мен тілектерін құрметтеңіз. Оны жеке тұлға ретінде көре отырып, ересек адам емес, жас жеткіншек екенін естен шығармаңыз. Бала ата-анаға қамқорлық жасауға міндетті емес, керісінше бала үшін ата-ана жауапты екенін ұмытпаңыз. Осы жауапкершілігіңізді өз иығыңызда көтеріп, баланың қауіпсіздігі мен қорғалуын қамтамасыз етіңіз.

Сіздің сүйіспеншілігіңіз бен сеніміңізді сезінуі үшін онымен жылы қарым-қатынаста болыңыз. Ол әрқашан сізге арқа сүйей алатынына сенімді болуы керек. Бұл сенімнің қалыптасуына баланың жеке өмірін құрметтеу және сізбен бөліскен сырын сақтау, бөлісе алмайтын кей құпияларына қатты қызығушылық танытпаудың айтарлықтай рөлі бар.

Иә, мұндай қарым-қатынас достыққа ұқсас. Бірақ бұл достықта ата-ана басты рөл атқаратынын есте ұстаған жөн.

Ең дұрысы, ата-анаға, бір жағынан, отбасында қауіпсіз және достық ортаны құру, ал екінші жағынан, баламен иерархиялық қарым-қатынас орнату қажет. Сонда бала басқа адамдармен қарым-қатынас орнатуды оңай үйренеді, ал сепарация процесі екі тарап үшін де ауыртпалықсыз болады.


Анасы қызын жібермесе...

Анасы есейген қызына тәуелсіз өмір сүруге мүмкіндік бергісі келмейтін жағдайлар болады. Ол бейсаналы түрде қызын әлі кішкентай деп санайды. Немесе ол жалғыз және керексіз болып қалудан қорқады. Сондықтан қызының өміріндегі барлық оқиғалардан хабардар болуға, оның мәселелерін шешуге көмектесуге ұмтылады. Егер қызы осыған көнсе, жақсы. Көнгісі келмесе, «Мен – есейдім, жеке өмірім бар, өз мәселемді өзім шешмін» дегенді шешесіне еш ұқтыра алмаса, осы жерде үлкен проблема пайда болады.

Егер сіз кішкентайынан анасымен достық қарым-қатынаста болған, ал қазір ересек қыз болсаңыз, онымен ашық сөйлесуге тырысыңыз. Анаңызға оған деген сүйіспеншілігіңіз туралы, оның өмірлік тәжірибесін құрметтейтініңіз туралы айтыңыз, өмір бойы сізге қамқорлық жасағаны үшін алғыс айтыңыз. Сіз үшін тәуелсіз болу, шешім қабылдау және олар үшін жауапкершілікті алу маңызды екенін жұмсақ, бірақ сенімді түрде жеткізіңіз. Анаңыздан қателіктеріңізді, өз тәжірибеңізді қабылдап, оны құрметтеуді сұраңыз.

Әрине, бір рет сөйлескеннен бәрі өзгеріп, түзеліп кетеді дегенге ешкім кепілдік бермейді. Осы тақырыпта анаңызбен бірнее рет сөйлесуге тура келуі мүмкін. Әр жолы осы сөздерді сенімді үнмен, байсалды түрде қайталаудан жалықпаңыз. Салауатты қарым-қатынасты құру күш пен шыдамдылықты қажет етеді.

Өз шекараларыңызды белгілеңіз. Ата-анаңның сен туралы бәрін білуі қажет емес. Сіздің өміріңіздің ата-анаңызға қатысы жоқ салалары болуы мүмкін. Бұл интимдік өмір, серіктеспен қарым-қатынас, болашаққа жоспарлар, балаларды тәрбиелеу болуы мүмкін. Анаңыздан кеңес сұрау-сұрамау еркі өзіңізде. Дәл сол сияқты, ол кеңеске құлақ асу-аспауды да өзіңіз шешесіз. Бұл – ешқандай да ананы құрметтемеу, перзенттік парызды орындамау емес. Әрбір іс-әрекетіңіз үшін жауапкершілікті өзіңізге алыңыз, себебі, өміріңізге жауапты өзіңіз ғана.

Ата-анаңыздың да жеке шекараларын есте сақтаңыз. Олардың да өз жеке өмірін өзі басқаруға құқығы бар. Құпиясын бөліу не бөліспеуді өзі шешеді. Өйткені, олар сіздің ата-анаңыз ғана емес, сонымен бірге өз қызығы мен қиындығы бар адамдар. Мұны құрметтеңіз, сонда сіз ата-анаңызбен сындарлы және үйлесімді қарым-қатынас жасай аласыз.

Отбасылық қарым-қатынастар – бұл әртүрлі ұрпақтар арасындағы қарым-қатынас. Онда белгілі бір шекаралар мен ережелер болуға тиіс. Ата-ананың міндеті – балаларды тәрбиелеу, оқыту, олардың денсаулығы мен дамуына қамқорлық жасау. Балалардың міндеті - ата-анасынан үйрене отырып, олардан бірте-бірте бөлініп, өз бетінше өмір сүруге дағдылану, өсу және әлемді тану. Әркім өз миссиясын атқару үшін өз орнында болуға тиіс.

Дайындаған: А. Бектұрғанова,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Сұрамаған адамға КЕҢЕС беруден АУЛАҚ болыңыз