Мұны әрбір әке-шеше ойлауға тиіс.
Ұрпақтар сабақтастығы – үлкен құндылық. Алайда әр дәуір ұрпақтарының көзқарасы, дүниетанымы, өмір салттары әртүрлі, бір-бірінікіне сай келе бермейді. Осы себептен олардың арасында көзқарас қайшылығы, түсініспеушіліктер орын алып жатады.
«Бала – балдан тәтті, немере – одан тәтті» - бұл сөзді әрбір ата-әже болып үлгерген қария растайды. Әйткенмен соның бәрі балдан тәтті немеренің қылығына тойып жүр ме? Балаңыз ата-әжесін әке-шешеден де артық, ең қымбат, ең жақын адамы ретінде санай ма? Еркін еркелей ала ма? Қазыналы қарияның бойындағы құндылықтарды енді толығып келе жатқан өз әлеміне сіңіре алып жатыр ма? Бұл сұрақты жас және орта жастағы ата-анаға қойып отырмыз. Өйткені, ата мен немеренің арасындағы нәзік жіпті берік те бекем ету, сол арқылы ұрпақтар сабақтастығын нығайту солардың қолында.
Отбасылық дәстүрлер жақындастырады
Жақсы отбасылық дәстүрлер өте жылы естеліктер, ең ыстық сезімдерді сыйлайды. Әсіресе, балалар үшін орны ерекше. Бәлкім, тап сол кезде тәтті-дәмділер мен сыйлықтар, ойынды ғана ойлап, отбасылық дәстүрдің мән-маңызын түсіне қоймас. Алайда, мұның құндылығын бағамдайтын түсінік жылдар өте міндетті түрде келеді.
Отбасылық дәстүрді ойлап табу және қалыптастыру соншалықты қиын емес. Жаңа жыл, туған күн немесе басқа іс-шараны бірге тойлау, қолөнер бұйымдарын жасау және үйді безендіру, фильм көру және талқылау, белгілі бір уақытта бір-біріне қоңырау шалу, қолмен хат жазу, үстел ойындарын ойнау, бірге ас дайындап, оны бір дастархан басында отырып ішіп-жеу, ас үстінде әңгіме-дүкен құру – осы секілді жүздеген жағымды және қызықты нұсқалар таба аласыз. Ниет болса болғаны.
Уақыттың көптігі емес, мазмұны маңызды
Әдетте, қарттардың қолында, көз алдында өскен немерелері өте жақын болады. Ал еншісін алып бөлек кеткендердің балалары үшін ата мен әже – қатардағы туыс сияқты болып қалады. Мұның себебі – оларға ата-әженің қаншалықты жақындығын, маңызы мен рөлін сезіндіре алмауында.
Баланың ата-әжесімен қанша уақытты бірге өткізгені маңызды емес. Маңыздысы – аз болса да, мазмұнды өткізу. Ата-әженің үйіне барған не олар қыдырып келген бес-алты сағат не екі-үш күн ішінде байланыс сапасын жақсартуға болады. Ата-әжесі туралы жақсы, жылы сөздер айтып баланы дайындаса және қариялар немересіне жылулық пен көңілін беруге барынша тырысса, бұл мақсатқа жету оңай. Балада ата-әжесінің жанында өткізген аз ғана уақыттан жарқын естеліктер неғұрлым көп қалса, олардың бағасы да соғұрлым жоғары болмақ.
Ата-әжесі басқа қалада не алыс ауылда болып, жиі жолыға алмайтын жағдайда оларды қоңырау, бейнеқоңырау, хат алмасу арқылы мейлінше көбірек байланыстыру қажет.
«Немере бақпайды» деп кейімеңіз
Балаңыздың ата-әжесінің көзі тірі болғанының өзі – бір бақыт. Қандай адамдар, қандай әке-шеше болды – мұның бәрі одан кейінгі кезекте. Себебі, олар немересіне мүлде басқаша қарайды, өзгеше қарым-қатынас жасайды. Айрықша қамқорлық пен махаббат береді. Өйткені, ата мен әже үшін немере – бүкіл әлемнен бөлек жаратылыс. Сіздің балаларыңызды дәл олар секілді басқа ешкім жылуға, қамқорлыққа, махаббатқа бөлей алмайды. Қанша тырысса да.
Бәлкім сізге үлкендер баланың у-шуынан қашатын, немере баққысы келмейтін секілді көрінер. Бірақ, бұл – алдамшы көрініс. Олардың немереге деген мейірімін білдіру амалы сіз күткеннен мүлде басқаша болуы әбден мүмкін. Қандай құпия тәсілмен, қандай жолмен – бұл сізге беймәлім әлем. Әзірге. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» деген сөздің растығын мойындаған боларсыз. Дәл сол секілді, ата-әже болғандағы күйді де немерелі болғанда бір-ақ түсінесіз.
Ақыл-кеңесін құнсыздандырмаңыз
Ұрпақтар сабақтастығы – бұл бір ұрпақтан екінші ұрпаққа тәжірибе, құндылықтар мен білім беру. Қазіргі өзін жиырма бірінші ғасырдың адамымын деп санайтындар қарттардың өмір тәжірибесін құнсыздандыруға құмар. Ақылына құлақ асуға құлқы жоқ. Сөзін жүре тыңдап, өз дегенін жасайтын жайы көп.
Ата мен әже – басқа дәуірдің ұрпағы. Өмір жолы біздікінен басқаша болды. Сондықтан кейбір ойлары қазіргі уақытқа сай келмеуі мүмкін. Бірақ бұл олар өмірді зая сүрді дегенді білдірмейді. Қай дәуір, қандай заман болса да өзгермейтін, бағасы аласармайтын құндылықтар бар. Осы турасына келгенде үлкен кісілердің айтары көп, тыңдайтын құлақ болса. Сондықтан өзіңізді толғандырған сұрақтарды қарияларға қойып, оның жауабымен танысудан, керегіңізді алғаннан ұтпасаңыз, ұтылмасыңыз анық. Есейіп, есі кіріп қалған балаларыңызға да осылай етуді үйретіңіз. Немересінің сұрағына тереңнен толғап, бар білгенімен бөлісетін ата-әжелер әлі де бар. Олардың бай әрі сан түрлі бояуға толы сөздік қорымен балаңыз мейірі қанғанша сусындасын. Қызығушылықпен тыңдайтыны анық. Өйткені, өткен ғасырда болған оқиғалар бүгінгінің балаларына ертегідей болып көрінеді.
Ата-әжесіне жақын болып, олардың өткен-кеткендегі әңгіме-тарихын естіп өскен бала отбасының күшін сезінеді. Өзінің осынау әлемде жалғыз емес және қорғансыз емес екенін біледі. Атасы мен әжесі қасында болмай қалғанда да олардың қолдауын үнемі сезінеді.
Қайталанбас сәттерді сақтаңыз
Біздің әрбір сәтіміз қайта қайталанбас маңызды минуттар. Ата-әже мен баланың бірге өткізген жақсы уақыттары да тап солай. Осы сәттерді сурет не видео түрінде сақтауды естен шығармаңыз. Бұл – болашақта үлкен қазына, мол байлық, таусылмас азыққа айналады. Сурет-видеоларды қолда бар гаджеттер көмегімен кездейсоқ сәттерден «ұстап алуға» да, арнайы фотосессия ұйымдастырып түсіруге де болады. Суреттерді қағазға басып шығарып қою, фотокітап жасау да артықтық етпейді. Фотосуреттер мен бейнелер отбасылық мұрағатта мәңгі сақталады. Өсіп келе жатқан балаларға отбасын жақсы тануға, ондағы және әлемдегі өзінің орнын түсінуге көмектеседі.
Сондай-ақ, ата-әжелердің өз өмірінен, естіген-көргендерінен баяндайтын қызықты әңгімелерін қағазға жазып жинақтаған да жақсы. Әрине, бұл біраз уақыт пен еңбекті талап етеді. Есесіне, нәтижесінде сіздің қолыңызда өз әулетіңізге қатысты құнды тарихи мұра болады. Мұны өзіңіз ата-әже болғанда өз естеліктеріңізбен жалғастыра аласыз. Ұрпақтарыңызға ұялмай ұсынатын дүниеңіз болады.
Бауыржан Момышұлы бір сөзінде: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…» деген екен.
Батыр бабамыздың осы қорқынышы орынды деп санасаңыз, ондай күннің тумауына өз үлесіңізді қосыңыз. Баланы бауырыңызға тарта бермей, қарт әке-шешеңізге қарай бағыттаңыз.
Егер осыларды жасамасаңыз, онда «Баяғының ата-әжелері бүйтетін еді, қазіргілер басқаша» деп қарияларға кінә артпаңыз. Кез келген әке-шеше, ата мен әже өз рөлін мінсіз атқара алмайды. Олардың да ескере бермейтін, қолынан келмейтін, көзден таса қалдыратын нәрселері болады. Ешқайсысы мінсіз емес, бірақ әрқайсысы бірегей. Қандай болса да, нендей іс жасаса да, алғыс айтуға тұрарлық. Себебі, оларсыз біз қандай болар едік?
Дайындаған: Д. Елшібек,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: