Бала сабақ ОҚЫҒЫСЫ КЕЛМЕСЕ, себебін МҰҒАЛІМНЕН сұраңыз

0
827


Бала сабақ ОҚЫҒЫСЫ КЕЛМЕСЕ, себебін МҰҒАЛІМНЕН сұраңыз

Әне-міне дегенше күз де басталады. Дәл осы уақыт бірінші сыныпқа барған балалар мен олардың ата-аналары үшін стресс айы десек те болар. Бала үшін бұрын-соңды болмаған орта, мүлде айналыспаған істер, жаңа режим мен бас қатыратын білім, түсіну қиын тапсырмалар… Ал ата-ана үшін баласының жаңа қылығы, қызығы мен шыжығы басталады. Бірге отырып үй тапсырмасын орындаудың өзі бөлек бір шаруа.

Осының бәрін есепке алсақ, ата-аналар мен балалар үшін мектепке киім-кешек, оқу құралдарын түгендеумен дайындық бітпейтінін ұғамыз. Ең маңыздысы – психологиялық дайындық. Осыған дейін қолға алмаған болсаңыз, әлі де кеш емес. Себебі, шаршаудың көкесі, стресстің серкесі, бармаймын деп байбалам салу – бәрі алда.

Айта кетейік, мұндай мәселелер тек мектеп табалдырығын алғаш аттағандарда ғана емес, жалпы, бастауыш сынып оқушыларында жиі орын алады.

Оқушының мектепке психологиялық дайындығы мен бейімделуіне жағдай жасауда ата-ананың рөлі өте үлкен. Осы рөлді лайықты алып шығу үшін не істеу керек?


Қарым-қатынастағы қиындық

Әрбір оқушы мұғалімнен және сыныптастарынан екіжақты қысымды бастан кешіреді. Мұғалім бұрын-соңды мүлде үйреншікті болмаған жаңа тәртіпке бағындыруға күш салады. Ата-анасының ықыласы мен назарына тойып өскен бала ұстаз алдында көптің бірі ғана болып қалғанына көнгісі келмейді. Балалар кішкентай болғанымен, олардың да өзара ережелері бар және жеткілікті түрде қатаң. Олар өздерінің «жаңа өмірлерінде» кім қандай рөл атқаратынын оқу жылының алғашқы күндерінен бастап-ақ анықтауға кіріседі. Балаңыз бірден басты рөлдердің бірін ала алса, жақсы. Ала алмаса, күресуге, тартысуға, кейде жеңілуге, жеңілісін мойындауға тура келеді.



Ақыл-ой еңбегіне дайын болмау

Бірінші сынып оқушысы үшін күніне бірнеше сағаттық ақыл-ой еңбегі қиынға түседі. Әсіресе, жаңа тақырыпқа, үй тапсырмаларына зейінін шоғырландыру өте қиын. Бірақ сабақ күнделікті жалғасатын процесс, үнемі назар аударуды қажет етеді. Егер ата-ана ақпаратты қабылдауға үйретпесе, аз сөйлессе және сұрақтарына назар аудармаса, баланың «оқымаймын» деген байбаламы көп күттірмейді.


Ұйымдастырудағы олқылықтар

Бірінші сынып оқушысы өзіне-өзі қызмет ете білуі керек. Мысалы, киім ауыстыру, жуыну, ертеңгі болатын пәндердің кітап-дәптерлерін ауыстыру, оқу үстелін ретке келтіру, тағысын тағылар. Бірақ мұны өздігінен үйреніп кетуін күту – қателік. Оған жұмысы мен уақытын ұйымдастыруды ересек адамның үйретуі маңызды. Әйтпесе, аз уақыттың ішінде заттарында да, өмірінде де, миында да бейберекетсіздік орын алады.


Физикалық жүктеме

Бастауыш сынып баласының әлі буыны бекіп, бұғанасы қата қоймаған. Сондықтан, төрт-бес сабақ бойы тапжылмай, тік отыру, ұзақ уақыт қалам-қарындаш ұстау, мектепке жаяу барып-келу сияқты міндеттері оны шаршатады. Енжарлық, көру, есту қабілетінің төмендеуі, сөйлеуде қиындықтар пайда болуы, тағы сол секілді салдарлары пайда болады.


Ата-анаға кеңес:

  • Мектепке барарда-қайтарда, үйде, қыдырғанда баламен көп сөйлесіңіз. Әр күні кешкісін мектеп, сабақ, сыныптастары жайлы сөз қозғаңыз. Бірақ, «Апай ұрысты ма? Ешкім тиіспеді ме?» дегендей сұрақтарды қоймаңыз. Әңгімені «Бүгін сабақта не үйрендің?» деген сауалдан бастаған дұрыс.
  • Баланың өз қатарластарымен кез келген достығына қарсы болмаңыз. Керісінше, қолдаңыз. Оның жалғыз болмауы өте маңызды. Және достары неғұрлым көбірек болса, соғұрлым жақсы.
  • Оны басқа балалармен, әсіресе сыныптастарымен салыстырмаңыз. Қажет болса, тек кешегі өзімен бүгінгі өзін ғана салыстыруға болады.
  • Тым жоғары талап қоймаңыз. Бастауыш сынып балаларына қателесу, тапсырманы нашар орындау қалыпты жағдай. Сондай кезде бала ата-анасының көңілі қалғанын көрмеуге, өзін кінәлі сезінбеуге тиіс.
  • Қолынан келмей жатса, тапсырманы дұрыс орындай алмаса, жазалаймын деп қорқытпаңыз. Есесіне, қолынан келген әрбір ісі үшін мақтап-мадақтаңыз.
  • Бала мектепке барғысы келмейтінін айтса, мұны міндетті түрде мұғалімімен талқылаңыз. Бірге іздегенде себеп пен шешімді табу оңайырақ.
  • Балада назарын аударып, ойын шоғырландыру дағдысын жаттықтырыңыз. Бұл үшін арнайы ақыл-ой жаттығулары бар. Ғаламтордан іздесеңіз, оңай табасыз.
  • Баланың кішкентай миын үлкен көлемді ақпаратпен толтырып тастамаңыз. Бұл жаста қосымша ақпарат ізденуді үйренуге тиіс емес. Тыңдап, түсінгенін айтуды, негізгі мен қосымшаны ажыратуды үйренсе, еңбекқорлық пен ұқыптылықты дамытса, сол жеткілікті.
  • Уақытын басқаруды, шаруаларын жоспарлауды, тынығуға уақыт бөлуді және дұрыс демалуды үйретіңіз. Күннің режимін, жоспарды бірге құрыңыздар. Сол бойынша әрекет етуін қадағалауда ұстаңыз.
  • Үй тапсырмаларын орындауды кешкі уақытқа қалдырмаған жөн. Сабақтан кейін тамақтанып бола салысымен үй жұмысын орындауға отырғаны дұрыс. Егер үй тапсырмаларын орындау бір сағаттан көп уақыт алатын болса, әр сағат сайын он-он бес минутқа үзіліс жасап, миын тынықтырып тұру керек.
  • Бала күндіз ұйқысы кеп тұрғанын айтса, рұқсат беріңіз. Бұл оның миының «қызып кеткенін» білдіреді және оны «қайта жүктеу» керек.


Балада болуы мүмкін қиындықтарды ескеріп, айтылған кеңестерді іске асырсаңыз, мектепке, сабаққа деген қызығушылығы төмендемейді.

Дайындаған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Өзіңді ДАМЫТУдың қарапайым ғана 5 ҚАДАМЫ