​Ерлі-зайыптылар арасында ұрыс-керістің болмауы қауіпті ме?

0
2 125

Ұрыс болмаған жерде ерлі-зайыпты бір-бірінің қажеттілігін түсіне алмайды.


​Ерлі-зайыптылар арасында ұрыс-керістің болмауы қауіпті ме?

Әрине, ерлі-зайыптылар арасындағы талас-тартыс ұрысқа, айқайға, ыдыс сындырып, қол жұмсауға ұласпауы керек. Мұндай әрекетке бармай-ақ мәселені шешуге болады.


Немқұрайылық

Екі ересек адамның кез келген жағдайда әрдайым бірдей ойлауы мүмкін емес. Себебі ерлі-зайыптылар бір-бірінің көшірмесі емес. Олардың әрқайсысының өз мінезі, өмірлік тәжірибесі, әдеті, пікірі бар. Әртүрлі ұстаным кейде түсінбеушілік тудырады. Бірақ нәтижесінде ерлі-зайыптылардың өздерінің, қарым-қатынастарының дамуына көмектеседі.

Жолдасыңыз екеуіңіздің араңызда келісе алмаушылық орын алды деп елестетіп көріңіз. Мәселен, сіз теңізге барып қыдырып қайтқыңыз келеді. Алайда жолдасыңыз шетелге қыруар қаржы жұмсағанша табиғат аясында, ауылда демалған дұрыс деп санайды. Ақшаны маңызды бірнәрсеге жұмсап, демалысты кейінге қалдырайық деген ұсыныс айтуы да мүмкін.

Егер сізге жолдасыңызбен келісу маңызды болса, онда өз көзқарасыңызды айтып, түсіндіруге тырысатыныңыз сөзсіз. Ал ол өз ұстанымын өзгерткісі келмейді. Міне, бұл – талас-тартыс. Бірақ, кейде адамды жолдасының қалай ойлайтыны, қалай әрекет ететіні тіпті қызықтырмайды. Мұндай кезде ерлі-зайыптылар бір-біріне «арқасын береді». Мысалы, әркім өзінің телефон, ноутбугына кіріп кетіп, жанындағы адамға не болып жатқанын аңғармайды. Демалысқа деген әркімнің өз жоспары және қаражаты бар.


Жолдасын ашуландырып алудан немесе ренжітуден қорқады

Кейде ерлі-зайыптылардың бірі жолдасына өзінің қиналып жүргенін немесе өзіне ұнамайтын нәрсені айтуға қиналады. Айтқанын дұрыс түсінбей ашуланып, ренжіп қала ма деп қорқады. Сондықтан үндемеуді жөн көреді. Жағдайды қиындатып әңгіме өрбітпей-ақ, мәселе өзімен-өзі шешіліп кетер деп сенеді.

Кейде ерлі-зайыптылардың екеуі де осы ұстанымды ұстайды. Олар бір-біріне өздерінің көңілі толмайтынын нәрсені ұзақ уақыт айтпай жүре береді. Дұрыс емес екенін өзі түсінер деп ойлайды. Алайда, ашық әңгіме мәселені оңай шешетінін ескермейді. Іште сақтала берген көңілтолмаудың соңы қарым-қатынасқа салқындық түсіреді. Кейін мүлдем немқұрайылық пайда болады.


Талас-тартыстың болмауы қандай мәселе тудырады

Адамның өзін-өзі тануы қиындайды, өзгелерді түсіне алмайды.


Өзіңіз үшін не маңызды екенін көру қиындайды

Жолдасыңыз сіздің көзқарасыңызды білуі үшін, оған оны түсіндіру керек. Бірақ ол үшін алдымен елеусіз қалдыра алмайтын өз қажеттілігіңізді нақтылап, анықтап алыңыз. Оны қарапайым тілмен жеткізуге тырысыңыз.

Мәселен, жолдасыңыз «жарайды» десе де сіз айтқан қоқысты тастамады. Мүмкін ол сізді ренжіткісі келмеген болар, жай ғана ұмытып кеткен шығар. Алайда, жолдасыңыздың мұқият болмауы сізге ауыр тиеді. Өзіңізге ауыр тиген кішкентай нәрсені айтпай, үнсіз қалатын болсаңыз, бұл іште жиналып-жиналып, бір күндері "жарыласыз".


Жолдасыңыздың мүмкіндігі мен әрекетін түсіне алмайсыз

Яғни, ұрыс болмаса жолдасыңыздың қажеттілігін түсіне алмайсыз. Егер ол өзі айтпаса, сұрақтар қойып, ойын білуге тырысыңыз. Психолог мамандар жиі тартысатын ерлі-зайыптылардың өзгелерге қарағанда бір-бірін түсінуге тырысатынын анықтаған. Сонымен бірге әрқайсысы өз дегенінде қалса да бір-біріне деген реніші қалмайды. Ал егер ұрыс болмаса сұрақ та, жауап та болмайды. Әркім ішімдегіні тап деп жүре береді.


Қарым-қатынастың күресуге тұрарлық құндылығын көре алмауыңыз мүмкін

Көбіне жағымсыз эмоцияның көп бөлігі жақын жанға тиіп жатады. Бөтен біреудің алдында, жұмыста, қоғамдық орындарда барынша сыпайы болғанымен, өз жақындарының жанында барынша еркін болғысы келеді. Сондықтан бастығына, әріптестеріне, тіпті ауа-райына деген ренішін де айтады. Ал жолдасына осының бәрін тыңдауына туракеледі. Тіпті, сабырға шақырып, тыныштандырып жатады. Бұл да ұрыстың бір түрі. Мұндай жағдай қарым-қатынастың құндылығын көрсетеді. Оны бағалау керек. Ашуыңды бөлісетін, өзгеге, өмірге деген ренішіңді тыңдайтын жан жұрттың бәрінде табыла бермейді. Егер бұл тектес жағдай сіздің өміріңізде орын алмаса, демек өте ұстамды, тым сабырлы жансыз.

Егер ұрыстан қашып, әркім өз ойын ішіне тығып жүре берсе – бұл үйді тазалап жинап, бірақ қоқысын кілем астына тығып қоя салғанмен бірдей. Сасық иіс шығады, бірақ қайдан екені белгісіз болады. Іште іріп-шіріп жатқан сасыған нәрсе жүректі айнытып орынсыз жерде сыртқа шығуы мүмкін. Нәтижесі тіпті ажырасуға дейін барып жатады.



Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.