​Қыз баланың БАҚЫТТЫ БОЛУЫ үшін ӘКЕЛЕР осыны істеуі керек

0
1 575

Нағыз әке жасөспірім қыз бен бойжеткеннің ең жақын адамы болуға тиіс.


​Қыз баланың БАҚЫТТЫ БОЛУЫ үшін ӘКЕЛЕР осыны істеуі керек

«Қыз бала әкесіне жақын болады», «Әкесіне ұқсаған қыз бақытты болады» дегенді жиі айтамыз. Бірақ шын мәнінде қызымен етене жақын, сырлас дос болатын, тәрбиесіне, дамуына айрықша көңіл мен уақыт бөлетін әкелер аз. Көбі қыз тәрбиесімен анасы айналысуы керек деп санайды. Әйеліне «Қызға дұрыстап қара. Жақсылап тәрбиеле», «Ертең қызымызда бірдеңе дұрыс болмаса, сен жауап бересің» деу осыдан шығады.


Мұны әкелердің жауапкершіліктен қашуы немесе қызының болашағына алаңдамауы деп қабылдау жөн болмас. «Қызым аяғын шалыс баспаса екен. Қателікке ұрынбаса. Өз адамын тауып, бақытты отбасы болса» дегендей тілектен туатыны анық. Әйтсе де, қыз баланың болашағы жақсы, сәтті болуы үшін бір ананың берген тәрбиесі жетпейді. Оның өміріне әке белсенді араласса ғана:

  • Өзінің жаратылысын, болмысын жақсы қабылдайтын;
  • Өзіне сенімді, өзін жақсы көретін;
  • Жүрегі махаббатқа толы;
  • Ер адамдардың әрекетінің оң-терісін дұрыс бағамдай алатын;
  • Ойында дұрыс отбасының моделі қалыптасқан тұлға болып өседі.

Сондықтан, қызыңыздың тәрбиесін анасына тапсырып қоя салмай, өзіңіз де қатысыңыз.


  • Жақсы көретініңізді жиі айтыңыз

Жасы қаншада болса да, кез келген қыз бала сүйікті болғысы келеді. Әсіресе, әкесінің өзін жақсы көретінін білу олар үшін өте маңызды. Махаббатыңызды сыйлық жасаумен, қамқорлықпен, бірдеңе үйретумен ғана білдіру жеткілксіз. Әкелік махаббатты берудің ең оңай, сөйте тұра ең озық жолы – көзіне тіке қарап тұрып «Қызым, сені жақсы көремін. Сен үшін бәріне дайынмын» деп айту.


  • Тек жақсы қырларыңызды көрсетіңіз

Қыз бала болашақ өмірлік жарын елестеткенде, таңдағанда ойында әкесінің үлгісі тұрады. Жақсы жігітпен отбасын құрсын десеңіз, жақсы қасиеттеріңізді көбірек көрсетіңіз. Сонда бойынан сол қасиеттерді таба алған жігіттерді ғана болашақ жары ретінде қабылдай алады. Ал жаман қырларыңызды көріп, оған үйреніп қалса, дәл сондай жаман мінез-құлықты жігіт кездессе, оны да қалыпты деп қабылдай беретін болады.


  • Қызығушылықтарына ортақтасыңыз

Музыка, кино, хобби, гаджет, т.б. қызығушылықтарыңыз әртүрлі болуы – заңдылық. Алайда, қызыңыздың қызығушылықтары сізге қызық болмаса да, ортақтасуға тырысыңыз. Балабақшада ертеңгіліктеріне, мектепте өтетін шараларына барыңыз. Талғамымен танысыңыз, көбірек сөйлесіп, ой бөлісіңіз. Оның сүйікті актеры, әншісі, үлгі тұтатын тұлғалары жайлы білуге, өміріндегі жаңалықтардан хабардар болып отыруға күш салыңыз.

  • Анасын жақсы көріңіз

Әкенің қызына бере алатын ең жақсы үлгілерінің бірі – анасын қалай жақсы көретінін көрсету. Өзара махаббатты, қарым-қатынасты балалардан жасырып, олардың көзінде ұстамды, сабырлы, эмоцияға берік екі ересек адам ретінде ғана көрінуге тырыспаңыздар. Керісінше, балалардың көзінше көбірек сөйлесіп, еркелетіп, қуантып, жақсы көретініңізді айтып отырыңыз. Анасының бақытын көріп өскендерде керемет балалық шақ, жағымды эмоциялар мен сезімдер, тәтті естеліктер және әке жайлы ең жақсы ойлар қалыптасады.


  • Жасөспірім кезеңде жанында болыңыз

Әкелерге кішентай қызды еркелету, құшақтау, жақсы көретінін айтып, бетінен сүю жеңілірек. Ал жасөспірімдік кезеңге жетіп, ойы мен бойында өзгерістер пайда бола бастағанда арада ыңғайсыздық туып, алыстап кететіні бар. Осы уақытта ыңғайсыз сезімдерді жеңіп, бұрынғыша жақындықты сақтап қалуға барыңызды салыңыз. Себебі сіздің қызыңызға ең қатты керек болатын шағыңыз – осы кез. Бойында пайда болып жатқан жаңа сезімдер мен толқыныстар, тәніндегі өзгерістер, алғашқы махаббат, ер балалардың назары, сезім білдіруі, әлеуметтік желі, достармен қарым-қатынастың жаңа деңгейі – өмірінде осындай жағдайлар орын алып жатқан алмағайып кезеңде әкенің қолдауы мен кеңесі ауадай қажет. Бойжетіп, тұрмыс құрып кеткенше қызыңыздың ең жақын адамы бола алсаңыз, нағыз әке рөлін абыроймен алып шыққаныңыз.


  • Шынайы өмірге дайындаңыз

Ата-аналар қыз баланы «Сен – ханшайымсың» деп төбесіне көтеріп, жаманшылық атаулыдан қорғап-қоршап өсіргісі келеді. Бірақ басқалар ата-анасындай әлпештеп отырмайды, әйтеуір бір күні өмірдің ащы шындықтарымен бетпе-бет келеді. Сондықтан, мұндай жағдайларға да дайындау маңызды. Бәрінен қорғап, қанатыңызбен қалқалай бермеңіз. Кейбір мәселелерді өз бетінше шешуіне жол беріңіз. Үйде ханшайым болғанымен, қоғамда өзін басқалардан жоғары санамауды, тең көруді, ортақ тәртіпке, ережеге бағыну керегін түсіндіріңіз. Кішкене қиналар, шаршауы мүмкін, жылап та қалар, алайда қанаты көз алдыңызда қатаяды.


  • Өзін қабылдауды, жақсы көруді үйретіңіз

Қызының нәзік, тал мүсінді, әппақ, қолаң шашты, ұзын етекті, хас сұлу болғанын кез келген ата-ана қалайды. Алайда, бәрі ондай бола бермейді. Біреулерінің түр-келбеті өзіне ұнамауы мүмкін, біреулерінің терісі қара. Енді бірінің мінезі, қылығы, қимылы ұлдар секілді. Тумысынан томпақ, толық болатындар да бар. Бірақ осыған қарап қыз бала өзін көріксіз санап, басқалардан кем сезініп өспеуі керек. Сұлулықтың қатып қалған үлгісі жоғын, әркімнің өзіне тән ерекшелігі, әдемілігі болатынын, талғамның да түрліше екенін, қуыршақтай қыздардың да біреулерге ұнаса, біреулерге ұнамайтынын айтып, кішкентайынан түсіндіру керек. Мұны анасы айтса, аса сенбеуі мүмкін. Ал әкесінен естісе, әкесінің өзіне деген махаббатын сезінсе, сенім де қалыптасады.

  • Шашын тарап, көйлек таңдауға көмектесіңіз

Күнде болмаса да, зәуде бір қызыңызбен сұлулық, әдемілік жайлы сөйлесіп тұрудың, тіпті оны бірге жасауға атсалысудың пайдасы көп. Шаш тарау, оны буу не өру, көйлек пен сөмкені үйлестіре таңдау қолыңыздан келмеуі мүмкін. Бірақ, соны жасауға тырысқаныңыздың өзі қызыңыздың тарапынан өте жоғары баға алады.


  • Оңаша кездесуге шақырыңыз

Өміріңіздегі үш әйелді оңаша кездесуге шақырып тұруға тиіссіз. Екеуі – анаңыз бен әйеліңіз болса, үшіншісі – қызыңыз. Әдемі жерді көрсетіңіз, дәмді тамақ алып беріңіз, ойын-сауық алаңына апарыңыз, бірге зат таңдап, сауда-саттық жасаңыз, кино көріңіз, велосипед тебіңіз... Бірге өткізген уақытты пайдалы әрі қызықты ететін әр түрлі нұсқаларды байқап көріңіз.


  • Керек кезде жанынан табылыңыз

Қыз бала сіздің қолдауыңызды керек еткенде жанынан табылуға тырысыңыз. Түсінуге болады, жұмыс, тіршілік, мәселелер мүмкіндік бере бермейді. Бірақ, тым болмағанда телефон арқылы жұбатып, қанат бітіріп қоюға әбден болады. «Қызым, мен сенің жаныңдамын. Сені қорғаймын. Қазір осындай себеппен қасыңа бара алмай тұрмын, мүмкіндік туа салысымен барамын, бәрін шешеміз. Маған сен, бәрі жақсы болады» деген сөздер тыныштық сыйлайды.

Сондай-ақ, қыз бала қателік жасап қойса, шешімі мен жазасын анасына қалдырып, әке шеткеріге шығып кеткені де дұрыс емес. Анасымен бірдей сөйлесіп, «Қандай жағдай болса да, сені қолдаймын» деген сөзді ашық та анық айтып жеткізіңіз.

«Қызым, сен – мықтысың! Сенің қолыңнан келеді. Біз саған сенеміз»;

«Кез келген адам қателеседі. Не жағдай болса да, бірге түзетеміз. Осыдан сабақ алып, енді қайталамауға тырыс» - нағыз әке ұлға ғана емес, қызына да осы сөздерді айтуға тиіс.

Мұнда әңгіме бір-ақ қыз жайында айтылды. Алайда, сіздің бір емес, бірнеше қызыңыз болуы әбден мүмкін. Кейде «әкемен уақытты» қыздарыңыздың бәрін бір жерге жиып өткізуге болады. Бірақ мүмкіндігінше әрқайсысына жеке-жеке көңіл бөлуді де ұмытпаңыз.

Қыздың әкесі болу – қиындау болуы мүмкін. Бірақ, үлкен бақыт. Оған да бақыт сыйлай біліңіз.


Дайындаған: А. Бектұрғанова,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Стресстен тез АРЫЛУДЫҢ ең тиімді 11 ТӘСІЛІ