ҚЫЗҒАНЫШ туындауының негізгі себебі СЕРІГІҢІЗДЕ емес, СІЗДЕ

0
1 759

Дос, туыс, әріптес, бауыр, атақты адам, әртіс, т.б. қызғану тіптен орынсыз.


ҚЫЗҒАНЫШ туындауының негізгі себебі СЕРІГІҢІЗДЕ емес, СІЗДЕ

Өмірлік серігінің опасыздығы кімге де болмасын оңай тимейтіні анық. Бірақ, сол опасыздықты бәрі бірдей жасай бермейтіні, одан көрі отбасында негізсіз күмән, орынсыз қызғаныштың көп болатыны ақиқат. Егер өзіңізді қызғаншақпын деп санасаңыз және ол өміріңізге қандай да бір зиянын тигізіп жатса, әрі қарай оқыңыз.


Ішін қызғаныштың қызыл иті тырнаған адам қайтеді?

  • Екінші жартысы біреуге қарап қойды-ау деген ойдың өзінен жаны ауырып, жүрегі шаншиды;
  • Әрбір болмашы нәрсеге бола ұрыс-керіс шығарады.
  • Жұбайының жеке заттарын (компьютер, телефон) ақтарады, қоңырауларын тыңдап, хабарламаларын оқиды;
  • Қайда болғанын білу үшін барлық айла-тәсілдерді қолданады;
  • Қалтасын, сөмкесін, көлігін тінтіп, киім-кешегі иіскелейді;
  • Банк картасынан жасалған аударымдарды аңдиды.

Мән беріп қарасаңыз, мұның бір де бірі дені дұрыс адамның әрекеті емес. Осындай оспадар қылықтарға итермелейтін – шектен шыққан қызғаныш. Сондықтан, орынсыз қызғанышты «Қызғанса, демек сүйеді», «Әйелін қызғанбаған еркек – еркек емес!» дегендей сөздермен ақтамаңыз. Оны алып-ұшқан сезіммен, мықты махаббатпен қанша жасырып-жапсаңыз да, тым көп болса, шаршатады. Жүйкені жұқартып, денсаулықты құртып, өмірді нашарлатады. Жұбыңыздың да, өзіңіздің де. Қызғанышты қызыл итке, шарпыған өртке, тіпті ауруға теңеп жататыны сондықтан.

Осы жаман әдеттен арылып, екінші жартыңызға сенім артуды үйрену үшін не істеу керек?


Эмоцияңызды ұстап үйреніңіз

Қызғаныш бойды кернеп бара жатқанын байқағаннан өзіңізді қолға алып, ұстамдылық танытуға, эмоцияңызды басқаруға тырысыңыз, жаман ойлардың санаңызды соқыр етуіне жол бермеңіз. Сабырлы қалыпқа келгенше терең тыныс алып, баяу дем шығарыңыз. Іштей жүзге, мыңға дейін санаңыз (сабырға келгенше қаншаға дейін санау керек болса, сонша санаңыз). Ашуды тежеу тіпті мүмкін болмай жатса, оңашада айқайлап, жастықты ұрып, жанұшыра билеп, т.б. әдістермен агрессияны шығарыңыз. Мүмкіндік болса, жылы-салқын сумен контрасты душ қабылдаңыз. Осылайша өзіңізді барынша сабырға келтірген соң барып серігіңізбен сөйлесіңіз. Ұнамаған жағдайды ашып айтып, түсіндіруін өтініңіз, қызғануға еш себеп жоқ екеніне көзіңізді жеткізуін сұраңыз.


Өз құндылығыңызды көтеріңіз

Қызғаныш сезіміне бой алдырған адамдар әрқашан өзін басқалардан төмен сезінеді. Дәл осы сезім әртүрлі күдік, сенімсіздік және күмән тетіктерін іске қосады.

Өзін төмен бағалау «жоғалтып аламын-ау» деген қорқынышты, алаңдаушылықты тудырады. Сөйтіп, кез келген нәрсені аңғармай қалмай, бәрінің алдын алып әрекет ету үшін жұбайын жіті бақылауға көшеді.

Қайтесіз, одан да өзіңізбен әлек болыңыз. Өз құндылығыңызды анықтаңыз, басқалардан артықшылықтарыңызды біліңіз. Өзіңізге мына сұрақтарды қойыңыз:

  • Мен кіммін?
  • Менің бойымнан өзіме не ұнамайды? Оны өзгерте аламын ба, ол үшін не істеу керек? Өзгерте алмайтын болсам, қалай жақсы қабылдаам болады?
  • Маған өз бойымнан не ұнайды?
  • Менің өзім үшін ең жақсы, ең құнды қасиетім қайсы?
  • Мен қарым-қатынаста қандаймын?

Осындай сұрақтарға жауап іздеудің нәтижесінде өзіңізді жақсырақ танып, артықшылықтарыңызды біліп, кемшіліктеріңізбен қоса қабылдауды үйренесіз, өзіңізді жоғарырақ бағалайтын боласыз. Нәтижесінде өзіңізге сенімділік орнап, ол ерлізайыптық арақатынасқа да оң әсерін тигізеді.

Қай жерде жүрсеңіз де өз көңіл-күйіңіздің жақсы болуын қадағалаңыз. Өзімен әуре адам айналасын аңдымайды, оған уақыты да болмайды. Сәйкесінше, «жаңбыр жаумай, су болмайды».


Өзіңізге ғашық болыңыз

Өмірлік серігіңіздің сізге деген қарым-қатынасы – сіздің өзіңізге деген көзқарасыңыздың айнасы. Сіз өзіңізді жақсы көрмейінше, басқа біреуді сүйе алмайсыз және толықтай сене алмайсыз. Жүректе өзіңе деген махаббат болмаса, ол бос орынды басқа біреуді жақсы көру арқылы жабу мүмкін емес. Сондықтан басты назарды өзіңіздің жеке «меніңізге» аударып, өзіңізбен тығыз байланыс орнату керек. Бұл үшін қарапайым әдіс көмектеседі. Ақ параққа жұбайыңыздан өзіңізге қандай назар, көңіл, қамқорлық күтесіз, махаббатын қалай білдіргенін қалайсыз – соның бәрін тізіп жазыңыз. Енді осы тізімдегі әрекеттерді өзіңізге өзіңіз жасай бастаңыз. Тек «Мен өзім-ақ жасап аламын! Сенен ештеңе керек емес!» дегендей ренішпен, айқайлап жарияға жар салумен емес, үнсіз жасаңыз. Жай ғана ең жақын адамыңа осындай көңіл білдірулердің қаншалықты жағымды болатынын іштей сезініңіз. Сіздің бақытты болуыңыз, өзіңізді жақсы сезінуіңіз үшін өзге біреу жағдай жасауға міндетті емес. осыны түсініп, өзіңізді өзіңіз бақытқа бөлеуді үйренген кезде сіздің көңіл-күйіңіз өзге адамға тәуелді болмайды.


Тәуелділіктен арылыңыз

Екінші жартысын үнемі қадағалауда ұстағысы келетін адам оған қатты тәуелді. Қаржылай, іс-әрекетте немесе эмоциялық жағынан байланып қалған. Ол болмай қалса, бүткіл әлем қирайтындай көрінеді. Дүниеде одан басқа жан жоқтай сезінеді және ол үшін де өзінен басқа адамның болмауын қалайды. Осыдан келіп «Ол саған неге қарады? Неге сөйледі? Неге биледі? Неге күлді? Онымен неге жұмыс істейсің, басқа адам жоқ па?» дегендей сауалдармен қыспаққа ала береді. Мұндай тәуелділіктен арылмайынша, қызғаншақтықтан да құтыла алмайсыз. Өз еркіндігіңізді қайтаруға күш салыңыз. Әрбір іс-әрекетіңізде шешімді өзіңіз шығаруға дағдыланыңыз. Эмоциялық жай-күйіңізге де өзіңіз басшы болыңыз. Қаражатыңызды тауып үйреніңіз. Осылардың ізін ала бере іштей еркіндік пайда бола бастайды.


Біреуді толықтай бақылау мүмкін емесін түсініңіз

Негізінде, әркімнің негізгі бақылау назары өзінде, өз әрекеттерінде болуға тиіс. Алайда өзімізді бақылап-басқару қолымыздан келмей жатқанына қарамастан, басқа біреудің ісін, әрекеттерін, уақытын, тіпті ойы мен арман-мақсаттарын бақылауға құмартып тұрамыз. Бірақ сіз қанша тырыссаңыз да, жаны-жүрегі бөлек адамды толықтай бақылауда ұстау мүмкін емес. Себебі, оның ішіне кіріп-шығып, ойын оқи алмайсыз ғой. Ендеше, бұл бос әурешілікті қайтесіз?


Ішкі мазасыздықтан арылыңыз

Қызғанышқа себеп болатын көбіне сыртқы жағдайлар емес, өзіңіздің ішкі мазасыздығыңыз. Іштегі мазасыз ойлар ұйық секілді, уақыт өткен сайын иіріміне тартып, тереңге әкетеді. Бірте-бірте жүйке сыр беріп, кейін өкіндіретін әрекеттерге бару, долылық, жан күйзелісі, ашу қысқанда уақытша естен адасу сияқты ауыр салдарлар орын алады. Соңындағы ұялу, өзін кінәлі сезіну, бәрін қалай түзетуге болатыны туралы азапты ойлар да өз еншіңізде. Осының бәрін болдырмау үшін алдымен ішкі мазасыздықтан арылыңыз. Ол үшін әрбір сәтте шынайылыққа қайта білу маңызды. Қиялдың жетегіне еріп қыр асып кетпеңіз, ойдан жаман оқиғалар құрастырып алып, соған өзіңіз имандай сене салмаңыз. Шын мәнісінде, сіз ойлап тұрған «мүмкін-мүмкіндердің» көз алдыңызда, шынайы өмірде бір де біреуі жоқ шығар?

Шынайылыққа оралу үшін сол сәтте айналадағы жанды-жансыз заттарды ұстап, көріп, сезініңіз. Қаласаңыз, иіскеп, тістеп көруге болады. Осындай әрекеттер сізді қиял жетегінен ажыратып алып қалады. Тағы бір әсері күшті әдіс – ішкі мазасыздық, қызғаныш бой көтере бастағанда бар назарды ойға емес, денеге аудару, физикалық белсенділікті арттыру. Ол үшін жаттығу жасауға, билеуге, жүгіруге, айқайлап ән айтуға, ыдыс жуып, үй жинап кетуге – қимыл-қозғалыспен қатыстының бәрін жасауға болады.


«Мені не үшін жақсы көресің?»

Екінші жартыңыз «Сені жақсы көремін ғой» деп құрғақ сөзбен айта салғанда, не үшін жақсы көретінін сұрауды ұмытпаңыз. «Жай ғана бар болғаның үшін... Қасымда болғаның үшін... Сондай жақсы адам болғаның үшін...» дегендей жағымды, жүрекжарды лебізді естіген соң сізде «Мені жақсы көрмейді-ау» деген ойдың жұрнағы да қалмайды.


Меншіктеу әдетінен арылыңыз

Сіздің жұбайыңыз – жекеменшігіңіз емес. Жеке шекарасын қысымға алып тынысын тарылтпаңыз. Әсіресе, дос, туыс, әріптес, бауыр, атақты адам, әртіс, т.б. қызғану тіптен орынсыз. Оның сізден де басқа жақындарының болуы, оларды да жақсы көруі – заңдылық. Тіпті, егер көшеде кетіп бара жатқан бейтаныс адамның қандай да бір әрекетін, сымбатын, түр-келбетін ұнатқанын айтып, комплимент жасаса, оған да құқығы бар. Бұл – оның талғамы, көзқарасы, пікірі деп қана қабылдаңыз.

Қызғаныштың тууының негізгі себебі – серігіңізде емес, сізде. Сондықтан «Мені неге қызғандыра бересің? Неге қоймайсың қызғандыруды?» деп басқаға ашуланудың орнына, «Мен неге қызғаншақпын? Қызғаныштан қалай арылсам болады?» деп өзіңізге қойыңыз сұрақты.

Дайындаған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ОСЫ 3 әдеттен арылсаңыз, ТАБЫСЫҢЫЗ көбейеді